Қытай "Этностық бірлік пен прогреске ықпал ету" деп аталатын жаңа заң қабылдамақ. Онда елде "ескі дәстүрлерді өзгертіп, жаңа мәдениет қалыптастыру", "қытай тілін елдегі басқа тілдерден жоғары қою", "балаларға алдымен қытай тілін үйрету" деген баптар бар. Азшылықтар құқы не болады?
"ҚЫТАЙ ҰЛТЫН СҮЮ"
Қытай өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері елдегі 50-ден астам аз ұлтқа көңіл бөліп, артықшылықтар беріп келді. Алайда бұл саясат 2000 жылдан кейін күрт өзгеріп, кейінгі он жылда адамдарды қайта тәрбиелеу лагерінен өткізе бастады. Былтыр үкімет қытайландыратын заң жобасын әзірледі. Жоба "Этностық бірлік пен прогреске ықпал ету" деп аталады. Қытай парламенті бұл заңды екі оқылымда қолдаған, енді осы аптада өтетін ірі саяси жиын – Бүкілқытайлық жиналыста қабылдамақ.
Заң жобасы басқа тілдердің мәртебесін төмендетеді, білім алу тек қытай тілінде болады; басым ұлт пен өзге этностық топ арасында некелесуді ынталандырады және оған шектеу қою әрекеттеріне тыйым салады; ата-аналар кәмелетке толмаған балаларды коммунистік партияны, қытай ұлтын сүюге тәрбиелеуі керек; сонымен бірге "этностық бірлікке" нұқсан келтіреді деп танылған кез келген әрекетке тоқтау қояды.
Бастама артында Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің өзі тұр. Ол Тибетке барған кейінгі сапарларында жергілікті биліктің "сепаратизмнің" жолын кесу әрекетін жоғары бағалап, мектеп-интернатта қытай тілін ілгерілетуге арналған рәсім өткізген. 2025 жылы тамызда тибет буддизмін социалистік қоғамға бейімдеу үшін діни істерді неғұрлым қатаң реттеуге шақырды, бұл аз ұлттардың салт-дәстүрін реформалау жөніндегі заң жобасының мақсатына тура келеді.
Қытай бойынша зерттеу жүргізетін халықаралық беделді ұйымдар қабылданғалы отырған заңды Тибет пен Шыңжаң өлкесіндегі ұлттарды басып-жаншу әрекетін одан сайын үдетеді деп сынап жатыр.
– Бұл заң Шыңжаңда жалғасып жатқан геноцидті одан әрі күшейте түсуі мүмкін. Қытай билігі ханзу (қытай) ұлтының өкілдерін аймаққа көшіруге ынталандырып, аралас некені қолдаумен қатар, осы өңірдегі саны көп этностық топ – мұсылман ұйғырларды мәжбүрлі еңбек көзі ретінде пайдаланып, олардың саяси ықпалын әлсіретуді мақсат етеді. Бұл әрекет Шыңжаңда бұрыннан жүргізіліп келе жатқан жаппай қамауға алу, мәжбүрлі стерилизация және ұзақ жылдар бойы қалыптасқан мәдени әрі діни дәстүрлерді жоюға бағытталған "қайта тәрбиелеу бағдарламалары" сияқты репрессияларға негізделген. Қытай мемлекеті қабылдап жатқан нақты шаралардың қатарына ұйғырлардың намаз оқуына тыйым салу және тарихи мешіттерді қирату кіреді, — деді қытайтанушы, Foundation for Defense of Democracies институтының зерттеушісі Джек Бернхэм.
Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, Қытай билігі 2017 жылдан бастап Шыңжаң аймағында бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман дінін ұстанатын ұлт өкілдерін жаппай қамау лагерлеріне тоғытты. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл әрекеттерді "елдегі түркітілдес мұсылман ұлттарға қарсы жүйелі қылмыс" деп бағалаған. Қытай билігі саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы", ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атап, айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
АҚШ-тағы Корнелл университетінің профессорлары бұл заң Қытай Конституциясында бекітілген "этностық автономия" және "аз ұлттардың құқықтары" туралы баптарды айналып өту үшін жазылған деп есептейді.
-- Қытай Конституциясында "барлық этностық топ өзінің ауызша және жазбаша тілін пайдалану және дамыту еркіндігіне ие болуға тиіс" деп анық жазылған. Қазір қаралып жатқан "Этностық бірлік пен прогреске ықпал ету" деген жаңа заң Конституцияға қайшы келеді. Бұл заң 1949 жылдан бері ресми түрде мойындалып келген этностық әртүрлілікті жоюға бағытталған саясаттың күшеюімен тұспа-тұс келді. Келесі қадам, қытай режимі ішіндегі біраз топ көптен бері жақтап келе жатқандай, этностық азшылықты түбегейлі және ресми түрде жою болуы мүмкін. Бұл қазірдің өзінде ұйғыр және тибет аймақтарындағы және одан тыс жерлердегі отбасы мүшелерін жаппай жан-жаққа бөлу сияқты шаралар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Қазір келесі ұрпақтың балалары оқшауланып қалды, олар өз тілі мен мәдениетінен мәжбүрлі түрде айырылып жатыр,– деді Корнелл университетінің Қытай, Оңтүстік–Шығыс Азиядағы этностық қарым-қатынастар мен саяси антропологияны зерттеушісі Магнус Фискеше.
Қытайдағы лагерлерден түрлі жолмен құтылып, шетелге кеткен азаматтар Пекиннің қысымына жиі шағынады. Қазақстанға келгендер Қытайда әлі де қамауда отырған туыстары барын айтып, оларды босату талабымен елшіліктің алдында наразылық акцияларын өткізеді.
"ТАБИҒИ РЕСУРСҚА БАЙ ӨЛКЕНІҢ ХАЛҚЫН БАСЫП-ЖАНШУ"
Ресми Пекин бұл заң жобасын адам құқығын шектейтін емес, елдің бірлігін нығайтатын құжат дейді. Олардың пікірінше, заң қабылданса тұтас ел ортақ мүддеге жұмыс істеп, қоғамда тыныштық орнайды. Этностық азшылықтар тұратын аймақтар елдің мәдениеті мен идеологиясына толыққанды интеграцияланып, заманауи қоғамға бейімделеді дейді олар. Сонымен бірге Қытай бұл заң ұлттық қауіпсіздікті нығайтып, сепаратизмді жояды дейді.
2008 жылы Лхаса қаласында тибеттік монахтар Пекин билігіне қарсы көтеріліс бастаған еді. Бірақ полиция оларды күшпен таратты. 22 адам қаза тапқаны ресми түрде хабарланған, алайда осы оқиғадан кейін шетелге кеткен тибеттіктер құрбандар санын шамамен 200 адам дегенді айтқан.
Келесі жылында Шыңжаң астанасы Үрімжіде ұйғырлар мен қытайлар арасында қанды қақтығыс болып, 200-ге жуық адам қаза тапты. 2013 жылы ұйғырлар жарылғыш зат тиелген автокөлікпен Пекин орталығына бара жатқанда өлтірілді. 2014 жылы ұйғырлардың басқа бір тобы Юньнань провинциясындағы теміржол вокзалында жолаушыларға шабуыл жасады. Қытай билігі наразылардың өздері зорлық-зомбылық жасауға ұмтылғанын алға тартады. Сарапшылардың пікірінше, Қытай саясатаның қатаюы осындай тұрақсыздықтармен байланысты, жаңа заң жобасы да осыдан туындаған болуы мүмкін.
ВВС телеарнасы одан бөлек этностық азшылықтар Қытайдың шеткері аймақтарында, көрші елдермен сауда қатынасын дамытуға мүмкіндік беретін жерлерде орналасқанына назар аударады. Сонымен бірге "бұл өңірлер ресурсқа бай болғандықтан да орталыққа уыста ұстау маңызды" дейді.
"Бұл заң Қытай билігіне әлемдік маңызды сауда жолдарына шығатын аймақтарды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Коммунистік Қытайдың негізін қалаушы Мао Цзэдунның "Біз Қытайды жері кең, табиғи ресурстары мол және халқы өте көп ел деп айтамыз. Алайда, шын мәнінде, халықтың басым көпшілігін ханзулар құрағанымен, кең-байтақ аумақ пен табиғи ресурсқа аз ұлттар иелік етеді" деген сөзі бар. Расында да, тибеттіктер, ұйғырлар мен моңғолдардың атамекені минералды ресурстарға бай, ауыл шаруашылығы үшін маңызды және ел аумағының елеулі бөлігін алып жатыр. Тарихта бұл топтар Қытай билігінен тәуелсіз болған. Олардың өз тілі мен төл жазуы бар. Сондықтан Пекиннің бақылауына қарсы тұрып, мәдениетін қорғауға тырысып келді. Қытай үкіметі болса көп жылдан бері ханзуларды (қытайларды) Тибет пен Шыңжаңға көшіру үшін жеңілдіктер ұсынды. Сыншылардың пікірінше, бұл жергілікті этностық азшылықтардың санынан асып түсу мақсатында жасалған. Нәтижесінде, Лхаса мен Үрімжі сынды автономиялы аймақтар астанасына қытай мәдениетінің өкілдері жаппай шоғырланды, — деп жазды BBC басылымының Қытай бойынша тілшісі Стивен Макдонелл.
Қытайда ресми мойындалған 56 ұлт бар. Аз ұлттардың саны жүз мыңнан бастап миллиондаған адамға дейін жетеді. Қазақтар саны 1,5 миллионнан асатыны айтылады. Ұйғырлар шамамен 11 миллион адам.