Accessibility links

Ресей НАТО еліне соғыс аша ма? Сарапшылар пікірі қақ жарылды


Германия қорғаныс министрі Борис Писториус "Леопард-2" танкілерін Украинаға беруге дайындық жұмысы кезінде. Аугустдорф, Германия, 1 ақпан, 2023 жыл.
Германия қорғаныс министрі Борис Писториус "Леопард-2" танкілерін Украинаға беруге дайындық жұмысы кезінде. Аугустдорф, Германия, 1 ақпан, 2023 жыл.

2025 жылы Батыс елдеріндегі бірқатар лауазымды тұлға Ресей санаулы жыл ішінде Еуропа еліне қарсы соғыс ашуы мүмкін деді. Алаңдаушылығын ашық білдіргендер қатарында НАТО басшысы, Германия қорғаныс министрі және Дания барлау қызметі бар. Бұл болжамның қисыны қандай? Сарапшылар пікірі екіге бөлінді.

11 желтоқсан күні Берлинде НАТО басшысы Марк Рютте мінберге шықты. Жиылған қауым оған қол соғып, зал тынышталғанда ол қағаздарын реттеп қойып, сөз сөйледі. Содан 62 секунд өткенде ол түпкі ойын айтты.

"Қысым мен езгінің қара күштері қайтадан алға шығып келеді" деді ол. "Біз Ресейдің келесі нысанымыз".

Рюттенің бұл сөзі – Ресеймен тікелей қақтығыс қаупі туралы ескертулердің ең кейінгі мысалы.

Рюттенің 11 желтоқсанда Берлинде сөйлеген бұл сөзі — 2025 жылы Еуропаның жоғары лауазымды тұлғалары мен барлау органдары тарапынан Ресеймен тікелей қақтығыс қаупі туралы жасалған бұрын-соңды болмаған ескертулер легінің соңғысы.

Ақпан айында Дания барлау қызметі: "Ресей өзін Батыспен қақтығысқан ел көріп, НАТО-ға қарсы соғысқа дайындалып жатыр" деді. Ал маусым айында Германияның әскери қолбасшысы шабуыл төрт жыл ішінде жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Қарашада Польша әскерінің басшысы осыған ұқсас сөз айтты. Содан екі күн өткенде Германия қорғаныс министрі Борис Писториус: "Тіпті кейбір әскери тарихшылар биылғы жаз – бейбіт өткен соңғы жаз дегенге сенеді" деді.

Ресей ұшақтары НАТО-ның қытығына тиіп жатыр. Соғыстағы ахуал
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:12 0:00

Осыған ұқсас болжам айтқан лауазымды тұлғалар аз емес. Дегенмен, ең көп мәлімдеме жасаған – Марк Рютте.

Қаңтарда ол НАТО елдерін қорғаныс шығындарын арттыруға шақырып, әйтпесе "орыс тілін үйренуге тура келеді" деді. Ал маусымда Ресей жасауы ықтимал шабуыл Қытайдың Тайваньға қарсы әрекетімен қатар жүруі мүмкін екенін айтты.

Ал 11 желтоқсандағы мәлімдемесі оның ең қатты дабылы болды. Ол: "біздің ата-әжелеріміз бастан өткерген ауқымды соғыс", "жаппай мобилизация" және "миллиондаған босқын" туралы айтты.

БҰЛ ДАБЫЛДЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

АҚШ Еуропа қауіпсіздігін қолдау саясатын қайта қарап жатқан тұста, мұндай мәлімдемелер баспасөз жаңалықтарының тақырыбына айналып, көптеген сұрақ тудырып жатыр.

– Ресейдің НАТО-ға шабуыл жасай алатынына немесе соны қалайтынына ешқандай дәлел жоқ, – деді Азаттық радиосына Мәскеу мен Киевте Ұлыбританияның әскери атташесі болған Джон Форман. – Меніңше, кейбір саясаткерлер мен әскери шенеуніктер Ресей қаупін әлдеқайда қарапайым мақсаттар үшін пайдаланып отыр. Рютте НАТО елдерін қорғаныс бюджетін арттыруға итермелегісі келеді, поляктар өз аумағында НАТО күштерін көбейтуді көздейді.

Өзге скептиктер Украинаға баса-көктеп кірген Ресей бұл елді төрт жыл бойы бағындыра алмағанын айтады. Биыл аздаған ілгері жылжу байқалғанымен, Мәскеу мұны шығынға молынан батып іске асырып отыр дейді олар.

Финляндия халықаралық қатынастар институтының өкілі Теему Таммикко (мырза) да қазіргі сәтте Ресейдің "НАТО-ға шабуылдауға ниеті де, қабілеті де жоқ" дейді.

Алайда ол "сырттан төнген қауіпке" сүйенетін Путин билігі қандай да бір әскери арандату жасауы әбден мүмкін деп санайды. Оның сөзінше, Украинадағы соғыс тұралап қалса, мұның ықтималдығы арта түседі деп санайды.

Кей сарапшылар мұндай арандатулар қазірдің өзінде-ақ жасалып жатқанын айтады. Олар Ресей дрондар НАТО әуе кеңістігіне өтіп кетіп жатқанын мысал етеді.

Бірақ биыл қағылған дабылдар бұдан ауыр қауіп-қатерді меңзеп отыр.

ЭСТОНИЯҒА ШАБУЫЛ ЖАСАЛУ ҚАУПІ

18 желтоқсанда Еуропа кеңесінің Халықаралық қатынастар орталығы (ECFR) жариялаған баяндамада Ресей АҚШ пен НАТО одақтастарының бірлесіп әрекет етуге дайындығын тексеру мақсатында Эстонияға тікелей шабуыл жасауы мүмкін деген қауіп талданған.

"Еуропада бұл алаңдаушылық одан да терең үреймен қабаттасып жатыр: ішкі саяси мәселелерге алаңдаған әрі өз міндеттемелерін қысқартуға бейім АҚШ Еуропа қорғанысындағы рөлін азайтуы немесе оған шарт қоюы мүмкін", – дейді авторлар.

Эстонияны "шағын, жері жазық әрі осал" ел ретінде сипаттай отырып, құжатта 2016 жылғы әскери ойын барысында Ресей әскері басқыншылық басталғаннан кейін 60 сағат ішінде Таллиннді басып алуы мүмкін деген болжам жасалғаны айтылады.

Алайда баяндамада сондай-ақ Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейін Ресейге мұндай шабуыл жасау үшін әскерін қайта жарақтандыру мен қалпына келтіруге 5-10 жыл қажет болатыны айтылған. Бұл Рютте, Писториус және басқалар айтқан мерзімдерден әлдеқайда ұзақ.

Ал АҚШ шенеуніктері Еуропа басшылары айтып отырған қауіп туралы көп айта бермейді.

Жақында жарияланған АҚШ Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында "Еуропадағы одақтастар ядролық қарудан басқа барлық көрсеткіш бойынша Ресейден басым" екені айтылған. Бірақ сонымен бірге "Ресей мен Еуропа мемлекеттері арасындағы қақтығыс қаупін азайту үшін АҚШ дипломатиялық жолмен араласуы қажет" екені де сөз болған.

"СОҒЫСҚҰМАРЛАР"

Кремль өкілдері шабуыл жасау ниеті жоғын айтып, Еуропа басшыларын "соғысқұмарлар" деп атады. Олар 2022 жылғы ақпанда Украинаға баса-көктеп кіргенде де осылай деген. Бірақ бұл Мәскеу анық әскери агрессия жоспарлап отыр дегенді білдірмейді.

"Ресейге таңылып отырған әскери мақсаттар бізге тән емес" деді Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков 22 желтоқсанда. Оның айтуынша, Путин "Украинадағы соғысты реттеу аясында мұндай кепілдіктерді заң жүзінде беруге де дайын".

Алайда Батыста мұндай уәделерге сенім аз. Ресей 1994 жылғы Будапешт меморандумына қол қойып, кейін Украина шекарасын құрметтеу жөніндегі осы меморандум аясындағы міндеттемесін бұзды.

Қайткенде де, барлығы бір адамның қалауына тәуелді.

"Ресей демократиялық ел емес. НАТО-ға мүше бір елге немесе басқа еуропалық мемлекетке шабуыл жасау Владимир Путиннің ниетіне байланысты. Сол себепті шабуыл бола ма, жоқ па – біз оны қазір біле алмаймыз" дейді қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі RUSI зерттеу орталығының сарапшысы Элизабет Броу.

"Сондықтан да Еуропаның түкпір-түкпіріндегі әскери басшылар "ертең кез келген жағдай болуы мүмкін, соған дайын болуымыз керек" деп айтып жүр. Бұл бес жылдан кейін де, он жылдан соң да болуы мүмкін, тіпті мүлде болмауы да ықтимал. Бірақ оған сеніп, арқаны кеңге салуға болмайды" деп тағы ой қосты Броу.

XS
SM
MD
LG