Украинаның Запорожье қаласы мен ауданына 19 шілде кешке Ресей әскері жасаған әуе шабуылы салдарынан үш адам қаза тапқан. Мұны Запорожье облыстық әкімшілік басшысы Иван Федоров хабарлады. Оның сөзінше, қаза тапқандар арасында 11 жасар қыз бар.
Федоров кейінгі 24 сағат ішінде аймақта шамамен 50 адам жараланғанын айтты. Кейінгі бір күнде Ресей әскері Запорожье облысындағы 53 елді мекенге 1015 рет соққы жасады деді ол.
Украина теңіз порттары басқармасының мәліметі бойынша, Одессада 19 шілдеде Гвинея-Бисау туын іліп жүрген "Алтын Лео" азаматтық кемесіне ресейліктер жасаған шабуыл салдарынан қаза тапқандар саны 10 адамға жеткен. Кемеде экипаждың 17 мүшесі – Үндістан мен Сирия азаматтары – болған, қаза тапқандар арасында украиналық лоцман да бар. Сегіз теңізші құтқарылған, іздеу-құтқару операциясы түні бойы жалғасқан.
Украина әскери-теңіз күштерінің мәліметі бойынша, ресейліктер кемені үш Х-59/Х-69 қанатты зымыранмен атқан.
Кеменің иесі – түрік компаниясы. Ресей қорғаныс министрлігі нысанаға Одесса портындағы жанар-жағармай сақталатын цистерналар алынған деп мәлімдеді.