19 шілде күні Ресейдің Вологда облысындағы ең ірі қала Череповецте совет диктаторы Иосиф Сталин бейнеленген жаңа ескерткіш ашылды. Облыс губернаторы Георгий Филимоновтың бастамасымен, қала бюджеті қаржысы есебінен орнатылған жаңа ескерткіште Сталин мен металлург Иван Бардин бейнеленген: сол қолын көтеріп тұрған Сталиннің қасында Бардин қаламмен дәптерге бірдеңе жазып жатыр.
Филимонов екеуін де "Череповецті елдегі ең ірі өнеркәсіп орталықтарының біріне айналдырған көрнекті тарихи тұлғалар" деп атады. Филимоновпен бірге ескерткіш ашу рәсіміне "Түнгі қасқырлар" мотоцикл клубының жетекшісі Александр "хирург" Залдостанов және "Единая Россия" мен "Әділетті Ресей" туларын көтерген жүз шақты адам қатысқан деп хабарлады "Настоящее время".
"Сирена" газетінің хабарлауынша, Ресей федерациясы коммунистік партиясы (КПРФ) бұл шараны елеусіз қалдырған. Облыстық партия ұйымының жетекшісі Александр Морозов партиялас серіктеріне ескерткіштің ашылуына қатысуға тыйым салып, оны "басқа біреудің саяси ойындары" деп атаған. Филимонов (биліктегі "Единая Россия" партиясының мүшесі) өз сөзінде "орыс тарихын біртұтас, ажырамас тұтастық ретінде қабылдау" және "бүкіл тарихи мұраны қадір тұту және сақтау, одан сабақ алу" қажет екенін айтқан. Бұған қоса губернетор Череповецтегі көшеге Сталиннің есімін беру идеясын қолдаған.
"7x7" аймақтық саяси басылымы Вологда облысында 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап Сталинге бірнеше ескерткіш қойылғанын жазды: қазір облыс орталығындағы Вологда жер аударылғандар мұражай-қорығы аумағында, Кадуйдағы өлкетану мұражайы жанында және Никольск қаласындағы мектептің қасында тұр.
2024 жылдың тамыз айында облыс губернаторы Георгий Филимонов өзінің Сталинмен қол алысып тұрған бейнеленген суретті жариялаған. "Ол қабылдау бөлмесінде ілулі тұр. Маған жақында ғана берілді" деп жазды ол. Облыс басшысы сонымен бірге өз кечесінің ішін көрсетті, онда Сталиннің, Совет одағы ішкі істер халық комиссары Лаврентий Берияның, Бүкілресейлік төтенше комиссияның (ВЧК) алғашқысы басшысы Феликс Дзержинскийдің, Қытай халық республикасының негізін қалаушы Мао Цзэдунның және Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путиннің портреттері бар.
Иосиф Сталиннің билігі кезінде Совет одағында миллиондаған адам жаппай қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Ресми мәліметтер бойынша, 1930-1953 жылдар аралығында ОГПУ-НКВД-ІІМ істері бойынша 3,8 миллион адам сотталған, ал 1923-1953 жылдар аралығында 800 мың адам өлім жазасына кесілген. Тарихшылар бұл сандар бірнеше есе төмен деп санайды.
Сталин кезіндегі зұлматтан жапа шеккендер арасында совет өкіметі малын тартып алып аштан қырылған, "халық жауы" деген айдар тағылып айдалған, атылған қазақтар да бар.
Совет диктаторы 1953 жылғы 5 наурызда қайтыс болғаннан кейін бірнеше жыл өткенде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың көпшілігі ақталды, ал Сталинмен байланысты орындар, соның ішінде елдімекен атаулары өзгертілді. Алайда кейінгі жылдары Ресейдің бірнеше қаласында Сталинге ескерткіштер қайта орнатылды, оларды ашу рәсіміне мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер қатысты.
2023 жылға қарай Ресейде Сталинге 110 ескерткіш орнатылған. 2025 жылы Ресей федерациясы коммунистік партиясының веб-сайтында "Ұлы Жеңіске 80 жыл толғанда елде Иосиф Сталинге рекордтық көлемде ескерткіштер орнатылды" деп жазды, атап айтқанда 13 ескерткіш орнатылған. Олардың саны кейін тағы өсіп жатыр.
Ресейде қазір тұрған Сталин ескерткіштерінің көбі Владимир Путин билігі кезінде орнатылған, ал 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін олардың саны екі есе өскен. Осы ескерткіштердің тек тоғыз пайызы совет дәуірінен қалған. Ал 1990-жылдары Ресейде Сталинге бес ескерткіш орнатылған деп жазды "Настоящее время"