Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя Ресей қыркүйектегі Мемлекеттік Дума сайлауынан кейін мобилизация жүргізуді жоспарлап отырған жоқ деп мәлімдеді.
Ол мұны БҰҰ брифингнде украин журналисінің қазіргі уақытта Ресейден Грузияға мыңдаған ер адам қашып барып жатқанын білесіз бе деген сұрағына берген жауабында айтты. Бұл сұрақ Ресей-Грузия шекарасындағы Жоғарғы Ларс өткізу бекетінен бір күнде 20 мың адам өткені туралы жақында жарияланған хабарларға байланысты (Грузия билігі мұны жоққа шығарды) қойылған еді. 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей билігі "ішінара мобилизация" жариялағаннан кейін ондаған мың ресейлік осы бекет арқылы елден шығып кеткені мәлім.
"Ресейде мобилизация болады деп алаңдамаңыз. Менің ойымша, бұл ресми түрде бірнеше рет айтылды да – бізге қазір жаппай мобилизация қажет емес және ондай жоспарланбаған, болғалы жатқан жоқ", – деді Небензя, сосын сөзіне "менің білуімше" деп қосты.
Небензя сұрақ қойған журналиске "кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін сайлаудан кейін көруге" кеңес берді. Бұған дейін Ресейдің қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Ресейдегі мобилизацияға дайындық туралы хабарламаларды "өсек-аяң және арандату" деп атаған.
Ресей кезекті мобилизация жүргізуге дайындалып жатқанын барлау мәліметтеріне сүйеніп, Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеген. Оның сөзінше, Ресей жүздеген мың адамды соғысқа жіберуі мүмкін.
Кейінгі кезде Ресейде әскерге адам тарту әрекеттері жиілегені, кейде күш қолданып, мәжбүрлейтіні туралы хабарлар тараған. Құқық қорғаушылардың "Идите лесом" жобасы бірнеше аймақтан жинақтаған деректерде әскер қатарына жөнелту үшін қысым көрсетілетіні жайлы, әсіресе қылмыскерлер мен қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға қысым жасалып жатқанын, оларды әскери қызметке келісімшарт жасасуға мәжбүрлейтіні айтылады .Бұған қоса сабақты нашар оқитындар қысымға тап болатыны жайлы хабарлар бар. Әйткенмен формальды түрде бұл адамдар еріктілер болып саналады.
Ресейде 2022 жылдың қыркүйек-қазан айларында "ішінара мобилизация" жүргізіліп, 300 мың адам әскерге шақырылған. Жарлық шығардан сегіз күн бұрын Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мобилизация туралы "әңгіме болған емес" деп мәлімдеген еді. Мобилизацияны аяқтау туралы жарлыққа сол күйі қол қойылған жоқ, бұл мобилизация бойынша әскерге алынғандарды босатпай ұстауға және кез келген уақытта мобилизацияны қайта бастауға мүмкіндік береді.