Орталық Азия елдерінен қара жұмыс істеуге Ресейге барып, түрмеге түскен әйелдерге "бостандыққа шыққың келсе Украинаға соғысқа бар" деген ұсыныстар айтылып жатыр дейді құқық қорғаушылар. "Эзгулик" ұйымының айтуынша, Ресейде жазасын өтеп жатқан ондаған өзбек әйелінің туысы осы мәселемен хабарласқан.
"Біздің қыздардың көбіне Украинадағы соғысқа жіберу үшін қысым жасалады. Оларға "санитарка болып барасыңдар" дейді, — деді Өзбекстан азаматы Умида (есімі өз өтінішімен өзгертілді) Ресей түрмесіне түскен отандастары туралы.
Оның ұлы есірткі сату ісі бойынша Ресей түрмесінде отыр. Ұлының құқығы үшін күресе жүріп Умида Ресей колонияларында туыстары отырған көптеген өзбекстандықпен танысқан. Арасында қыздары колонияда отырғандардың ата-аналары да бар. Олар соңғы кездері қыздарына қысым күшейді дейді. Украинаға шабуыл басталған соң олар соғысқа жанама түрде қатысып, солдаттарға күпәйке мен матрас тігіп келсе, қазір оларды қосалқы қызметкер, яғни тазалықшы, кір-қоң жуушы, аспаз ретінде майдан шебіне баруға қатты үгіттеп жатыр, – дейді Умида.
"ОЛАР КЕЛІССІН ДЕП ОН КҮН БОЙЫ ТАМАҚ БЕРМЕГЕН"
"Рухы сынып, соғысқа баруға келісуі үшін қамаудағыларға 10 күн бойы тамақ бермеген. Ата-аналарының айтуынша, кей қыздар соғысқа алып кетпесін деп өздеріне қол жұмсамақ болған", – дейді Умида.
Қамаудағылардың отбасы мүшелері журналистермен тілдесуден жасқанады, себебі мәселеге биліктің назарын аудартқысы келгенде олар Өзбекстанда қысымға тап болған.
"Оларға жергілікті билік пен күш органдары қатты қысым жасайды. Олар алдымен өз аймақтарының хокимдеріне қайырылған, кейін Ташкентке барған, бас прокуратураға, омбудсменге және сенатқа дейін баруға тырысқан. Бірақ кейін көбін бірнеше тәулікке қамап, өз ахуалы туралы айтып сұхбат беріп, еш жерде жарияламаймыз деп қолхат жазып берген. Сондықтан олар қатты қорқып отыр", – дейді Умида.
Ресей Украинамен соғысқа тек ер адамдарды ғана емес, бас бостандығынан айырылған еңбек мигранттары арасындағы әйелдерді де тартып жатыр дейді Ташкентте орналасқан "Эзгулик" құқық қорғау қоғамының төрағасы Әбдурахмон Ташанов. Оның ұйымына Ресейде сотталған, тегі өзбекстандық әйелдердің туыстарынан оннан астам өтініш түскен.
"Бұрын біздің қоғамға Өзбекстаннан шыққан ерлерді соғысқа тарту туралы ғана ақпарат келетін. Қазір Ресей түрмелеріндегі өзбек әйелдерін Украинамен соғысқа қатысуға барған сайын жиі тартып жатқаны туралы шағымдар түсе бастады. Негізінен бұлар – курьер болып жұмыс істеген немесе басқа да ауыр, қара жұмыспен айналысқан әйелдер. Бізге түскен ақпаратқа сәйкес, көпшілігі арандатудың тұзағына түсіп, сотталған. Оларға есірткіні әдейі салып жіберген", – дейді құқық қорғаушы.
Ташановтың айтуынша, Украинадағы соғыс басталғалы Ресейге жұмыс іздеп барған туыстарына есірткі "тастап кеткені" туралы шағымданатын адамдардың өтініштері барған сайын көбейіп келеді. Тыйым салынған заттармен ұсталғандар Қылмыстық кодекстің 228-4-бабы ("Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау, өңдеу, сондай-ақ құрамында есірткі немесе психотроптық заттар бар өсімдіктерді не олардың бөліктерін заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау") бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Айыптау үкімі шыққаннан кейін мигранттарды үгіттеу мен қорқыту арқылы Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға және соғысқа баруға мәжбүрлейді дейді Ташанов.
Құқық қорғаушының қолында Ресейде есірткі қылмыстары бойынша сотталған және түрмелерде жалданған мигранттардың саны жөнінде нақты статистика жоқ. Украинаның "Хочу жить" деген мемлекеттік жобасы Ресей армиясының қатарында аймақтан шыққан мыңдаған адам соғысып жүргенін хабарлаған. Жоба деректеріне сәйкес, Өзбекстан азаматтары шетелдік жалдамалылар, тұтқынға түскендер және майданда қаза тапқандар саны бойынша бірінші орында тұр.
Ташанов өзбектерді соғысқа күштеп тартып жатқаны туралы ақпарға Өзбекстан үкіметінің реакциясын сынға алды, оның айтуынша Ташкент жеткілікті түрде әрекет етіп отырған жоқ. Оның айтуынша, сыртқы істер министрлігі жанында Өзбекстан азаматтарының Украинадағы соғысқа тартылуы мәселесімен айналысатын арнайы жұмыс тобы бар, алайда оның жұмысының нәтижесінен көпшілік бейхабар.
"Біз бұл мәселе бойынша билікке жүгіндік. Сыртқы істер министрлігіндегілер айына екі рет Ресейдегі түзеу колонияларына барып тұратынын айтты. Министрліктің баспасөз хатшысы “Көп жағдайда адамдардың өзі кінәлі. Оңай ақшаға қызығады. Ал біз колонияларда қысым көрсетіліп жатқан адамдарға көмектесеміз” деді. Өзбекстан билігі бұл проблеманы көріп отыр, бірақ оны шешуге саяси ерік-жігері жетпейтін сияқты. Себебі билік тарапынан ешқандай нақты іс-әрекет көріп отырған жоқпыз", — дейді Әбдурахмон Ташанов.
Құқық қорғаушы Ташанов түрмедегі ортаазиялық әйелдерді соғысқа жіберу әрекеті қаншалық сәтті болғанын білмейді. Әзірге Ташановтың қолында тек дабыл қағып отырған туыстардан түскен өтініштер ғана бар.
Ресми Ташкент Украинадағы соғыс мәселесінде бейтарап ұстанымды сақтауға тырысып отыр. Ол Ресейдің басқыншылығын да, Украинаның болжамы бойынша қарқыны күшейген өзбектерді соғысқа тарту науқанын да ашық сынға алмайды.
"ЕТ ТАРТҚЫШ". ТҮРМЕДЕГІ ӘЙЕЛДЕРДІ СОҒЫСҚА ҚАЛАЙ ӘКЕТЕДІ?
Құқық қорғаушылардың айтуынша, әйел мигранттар, әсіресе темір тордың ар жағында отырғандары — әлеуметтік әрі құқықтық тұрғыдан аса осал топ. Оларды алдау мен қысым арқылы соғысқа баруға көндіру оңай.
Ресей түрмелерінен әйелдерді соғысқа жіберіп жатқаны туралы хабарлар 2022 жылдың соңынан бері айтыла бастады. Мәскеу "жартылай мобилизация" жүргізіп, келісімшартпен қызмет етушілерге қомақты жалақы уәде еткен. Бұл соғысқа адам тартуға серпін бергеніне қарамастан, Ресей армиясы ауыр шығын шегіп, адам ресурстары азайып кетті. Құқық қорғау ұйымдары түзеу колонияларынан шамамен мыңдай әйел тікелей майданның алғы шебіне жіберілгенін хабарлады. Олардың бір бөлігі қаза тапты, енді бір бөлігі кешірім алып, үйлеріне оралды.
Telegram-арналарда түрмеде отырғанда Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойған 37 жастағы Елена Пимоненкова туралы көп жазылды. Әйел бұған дейін ұрлық, тонау және адам өлтіремін деп қорқыту баптары бойынша бірнеше рет сотталған. Соғыста Пимоненкова Ресейдің шабуылдаушы взводында "атқыш-санитар" болған. Оның қаза тапқаны 2024 жылдың тамызында белгілі болды: өлімнің мән-жайы нақты емес, кей хабарға қарағанда, ол алғы шепте емес, өз бөлімшесі орналасқан жерде көз жұмған.
2024 жылы сол жылы сотталғандар мен олардың отбасына көмектесетін "Русь Сидящая" қорының атқарушы директоры Ольга Романова колониялардан әйелдерді майданға апаруды тоқтатқанын айтқан. Оның болжамынша, басқыншылыққа қатысушылар арасында "мораль мен тәртіптің тұрақтылығын арттыру" мақсатында жүргізілген әйелдерді соғыс аймағына жіберу эксперименті сәтсіз деп танылған.
Алайда Украина қарулы күштері Ресей армиясы мен онымен байланысты жекеменшік әскери құрылымдар әйел тұтқындарды әлі де соғысқа тартып жатыр дейді. 2025 жылдың тамызында Украинаның "Хочу жить" атты мемлекеттік жобасы дроннан түсірілген видео жариялады. Онда ұрыс аймағында камуфляж киген қарулы әйелдер байқалады. Постта Ресей қорғаныс министрінің орынбасарына Мәскеу үкіметі жолдаған хаттың фотокөшірмесі қоса берілген. Онда билік өкілдеріне әскери командирлерден "Ресей қылмыстық атқару жүйесі федералдық мекемелерінде тергеудегі, сотталған не жазасын өтеп жатқан әйелдерді келісімшарт негізінде әскерге тарту туралы ұсыныстар" түскені айтылған. Редакция шынайы екенін растай алмайтын бұл құжатта әскери бөлімдер үміткерлерді іріктеп, "23 маманды даярлағаны" да көрсетілген.
"Шығын тым көп болған соң Ресей қолбасшылығы тіпті колониялардағы әйелдерді де ет тартқышқа тастап жатыр", — деп жазды украиналық әскери Telegram-арна.
"ПОЛК ЖЕЗӨКШЕСІ" БОЛУ ҚАУПІ
Алайда бұған дейін Ресей колонияларынан соғысқа жіберілген ортаазиялық әйелдер туралы айтылмайтын. Мигранттарға көмек көрсететін "Тонг Жахони" ("Бейбіт таң") коммерциялық емес ұйымының жетекшісі Валентина Чупиктің айтуынша, Орталық Азия елдерінен шыққан, түрмеде отырған әйел мигранттарды Украинадағы соғысқа жалдау — жаңа құбылыс.
"Ресей түрмелерінде мигрант ерлерді соғысқа тарту фактілері 2022–2023 жылдары көп болды. Тіпті жаппай сипат алды деуге болады. Ал мигрант әйелдерді жалдау бойынша менде нақты дерек жоқ. 2023 жылы бір ғана кейс болды: қазақстандық орыс әйел өз еркімен соғысқа кетті. Ол бұған толық саналы түрде барды. Ол есірткімен сотталған, нақтырақ айтсақ оны "закладка" әдісімен жеткізумен айналысқан. Яғни, ол есірткі тасып жүргенін білген. Түрмеге түскен соң, әрине, ол жақ оған ұнамады да, “аспаз болып барамын” деп, соғысқа өз еркімен жазылатынын айтты. Мен оған: "Сіз аспаз емес, "полк жезөкшесі" ретінде жалданып жатқаныңызды түсінесіз бе? Әрине, тамақты пісіруін пісіреді, бірақ бұл "полк жезөкшесі" болу қаупін азайтпайды. Бұл – мамандықтарды қатар атқару ғана", – дедім. Ол: “Жоқ, ондай болуы мүмкін емес. Ондайды өзім қаласам болады, ал қаламасам ештеңе болмайды” деді. Мен оған: “Онда сізден ешкім сұрамайды. Сізді 500 адамнан тұратын бригадаға алады. Сізді үнемі қолдан қолға өткізеді. Ал ол жерде сізде ешқандай қорғаныш болмайды”, – дедім. Бірақ ол өз дегенінен қайтпады. Сонда мен: “Бұл — сіздің саналы түрде қабылдаған шешіміңіз”, – дедім де, алдын алу үшін оған Қазақстан елшілігінің телефон нөмірін бердім. Оның кейінгі тағдыры маған белгісіз", — дейді құқық қорғаушы.
Ешқандай түрмеге түспеген, қылмысқа қатысы жоқ ортаазиялық әйелдер арасында да Украинадағы соғысқа кеткендер болған. 2024 жылдың қарашасында ресейлік БАҚ 43 жастағы Хулкар Ойдинова туралы көп жазды. Самарқан қаласының тұрғыны, алты баланың анасы Хулкар алдымен отбасымен Ресейге жұмыс істеуге келген, ал 2022 жылы күйеуімен бірге соғысқа аттанған. Ерлі-зайыптылар бір әскери бөлімде, ұрыс қимылдары жүріп жатқан шепте аспаз болып қызмет еткен. Қазір олардың қайда екені туралы ақпарат жоқ.
Орталық Азия елдерінің билігі шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін мезгіл-мезгіл еске салып отырады. Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда Украинадағы соғысқа қатысқандарға қатысты жүздеген қылмыстық іс қозғалған. Елге оралған жалдамалылардың бір бөлігі сот алдында жауап беріп, негізінен бес жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Дегенмен аймақтан шыққан мыңдаған адам Ресей жағында әлі де соғысып жүр