10 тамызға қараған түні Ресейдің Татарстан республикасындағы Нижнекамск қаласының өнеркәсіп аймағына дрондар шабуыл жасаған. Өңір билігі шабуыл салдарынан адам өлімі болғанын мәлімдеді, бірақ нақты санын әзірге жариялаған жоқ.
Татарстан билігі дрондар "азаматтық және өндірістік нысандарға" шабуылдағанын хабарлады. Нақты қандай нысан шабуылға ұшырағаны мен келтірілген залал көлемі туралы толық ақпарат берілген жоқ.
Astra басылымы шабуыл нысанасы – "Нижнекамскнефтехим" акционерлік қоғамы болуы мүмкін деп топшылайды. СИБУР холдингіне қарасты бұл нысан Еуропадағы ең ірі мұнай-химия кешендерінің бірі саналады.
Нижнекамскінің өнеркәсіп аймағында бұған қоса екі мұнай өңдеу зауыты орналасқан. Бұл кәсіпорындар осыған дейін де дрон шабуылына ұшыраған еді.
Украиналық мониторинг арналары шабуылдан кейін болған өрттің видеоларын жариялап, мұнай өңдеу зауыттарының біріне шабуыл жасалған болуы мүмкін деген болжам айтты. Алайда бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздерден растау мүмкін болмай отыр.
Өткен түні Ресейдің өзге өңірлерінде де дрон шабуылы болғаны жайлы хабар тарады. Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарьдің айтуынша, түн ішінде өңірде 70-тен астам дрон әуеден атып түсірілген.
Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин 13 дрон қалаға жақындаған сәтте жойылды деп хабарлады. Оның сөзінше, Мәскеуде шабуыл салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.
Ресей аннексиялаған Қырымдағы Севастополь қаласының басшысы Михаил Развожаев 15 дрон атып түсірілді деп мәлімдеді. Инжир жағажайы маңындағы орман алқабында өрт шыққан. Зардап шеккендер туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Украина қарулы күштерінің бас штабы әзірге бұл шабуылдарға байланысты ресми түсініктеме берген жоқ.