Accessibility links

Путин Пекинге бара жатыр. Көздегені – Қытайдан жаңа газ құбырына келісім алу. Жобаның маңызы неде?


Қытай және Ресей басшылары Си Цзиньпин мен Владимир Путин Мәскеудегі саммитте стақан соғыстырып тұр. 2023 жылғы наурыз айы.
Қытай және Ресей басшылары Си Цзиньпин мен Владимир Путин Мәскеудегі саммитте стақан соғыстырып тұр. 2023 жылғы наурыз айы.

Ресей президенті Владимир Путин 17-18 қазан күндері Пекинде өтетін "Белдеу және жол" форумына қатысу үшін Қытайға бара жатыр. Кремль басшысы форум аясында Қытай президенті Си Цзиньпинмен жеке кездесіп, "Сібір қуаты – 2" газ құбыры жөнінде келіссөзге қол жеткізіп көрмек. Оның бұл ойы жүзеге аса ма?

Ресей президенті Владимир Путин Қытайдан газ құбыры жобасына қолдау таба ала ма?

Путин 17-18 қазанда Пекинде өтетін "Жол және белдеу” форумына барып, қытайлық әріптесі Си Цзиньпинмен "Сібір қуаты – 2” газ құбыры жобасын талқылайды.

Аталған құбыр арқылы Қытайға газ Ресейдің Батыс Сібіріндегі Ямал түбегінен жеткізіледі.

Кейінгі айларда ресейлік шенеуніктер құбыр өтетін Қытай мен Моңғолиядағы әріптестерімен кездесті. Ресейдің вице-премьері Александр Новак қыркүйекте үшжақты келіссөздерден соң, газ құбырының жолы анықталады деді.

Рейтер агенттігі Путин Қытайға "Газпром” және "Роснефть” компанияларының басшылары Алексей Миллер және Игорь Сечинмен баратынын жазды.

– Миллер мен Сечиннің Путинмен сапарлас болып, моңғолиялықтармен кездескені таңғалдырды, – дейді Атлант кеңесі орталығының аға ғылыми қызметкері Джозеф Уэбстер.

Путин Украинаға басып кіргелі Қытайға алғаш рет бара жатыр. Батыс елдерімен экономикалық байланысы нашарлаған Мәскеу қазір Азиямен қарым-қатынасын жолға қоюға кіріскен.

Соғыс жағдайындағы Кремль үшін Қытай саяси және экономикалық тұрғыдан ең маңызды серіктес. Жаңа газ құбыры Ресей экономикасына үлкен серпін бермек.

"Сібір қуаты" газ құбыры бойындағы "Атаманская" компрессор станциясындағы газ клапанын тексеріп тұрған жұмысшы. Ресейдің Амур облысы. 2019 жылғы қараша.
"Сібір қуаты" газ құбыры бойындағы "Атаманская" компрессор станциясындағы газ клапанын тексеріп тұрған жұмысшы. Ресейдің Амур облысы. 2019 жылғы қараша.

Ресей соғыс салдарынан Еуропа нарығынан айырылып қалды. Енді газ құбыры арқылы соның орнын толтырғысы келеді. Ал Қытайдың бұл жобаға қызығушылығы байқалмайды.

Энергетика саласындағы сарапшылар жаңа кәсіпорын жетістікке жетуі үшін экономикалық, қаржылық және техникалық мәселелерді еңсеруі керек дейді. Украинадағы соғысқа бар күшін сарп еткен Мәскеудің экономикалық қуаты мықты көршісімен келіссөз жүргізу қабілеті бұрынғыдай емес. "Газпром” инфрақұрылымы қиын жобаны жүзеге асыра ала ма деген күдік те бар.

Газ құбырынан қанша табыс түсетіні де белгісіз. Бұл салада бәсекелестік жоғары. Өйткені Қытай жаңартылатын энергия көздеріне көшіп жатыр.

Джозеф Уэбстер көп кедергіге қарамастан, газ құбырының әлі де болашағы бар дейді. Си Цзиньпин Пекин үшін Мәскеудің геосаяси маңызы жоғары екенін көрсеткісі келеді.

– Орыстар экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан, ұзақ уақыттан бері келісім жасауға талпынып келеді. Қытай мен Ресейдің қарым-қатынасы жақсы, Си мен Путин бұл байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі, – дейді сарапшы.

ПУТИННІҢ САПАРЫНАН НЕ КҮТЕМІЗ?

Ресей аталған газ құбыры жобасын 10 жыл бұрын Азия газ тасымалын диверсификациялау идеясы негізінде ұсынды. 2022 жылы ақпанда Еуропаға газ сатылымы қиындаған соң, Кремль шикізат өткізетін жаңа нарық іздей бастады.

Путин Украинаға басып кірерден бірнеше апта бұрын Қытайға барғанда газ құбыры бойынша талқылау жүріп жатқан еді. Содан бері Мәскеу "Сібір қуаты – 2” құрылысын бастауға дайын екенін айтып келеді. Қытай бұл мәселеге келгенде көбіне үнсіз қалады.

Наурызда өткен саммитте Си Цзиньпин газ құбыры тақырыбын айналып өтті. Ал Путин Қытаймен келісім жасалып қойғандай сөйлеп, "барлық параметрлер анықталды…” деді.

Ресейдің саммиттен кейін жариялаған мәлімдемесінде де осылай жазылды. Хаттамаға сәйкес, кездесуде газ құбыры мәселесі шынымен талқыланған, бірақ келісімге қол қойылмаған. Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин мамырда Қытайға барып, тағы осы мәселені сөйлесіп қайтқан. Бірақ Қытай әдеттегідей нақты міндеттемелер алуға асықпады.

Ресей бұл жобадан басқа келісімдермен салыстырғанда әлдеқайда аз пайда табуы мүмкін. Бірақ бұл Еуропа нарығынан айырылып, шығынға батқан Мәскеу үшін әлі де оңтайлы шешім.

Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин газ құбыры жөніндегі келісімге қол қойып, соны атап өтіп тұр. Шанхай, 2014 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин газ құбыры жөніндегі келісімге қол қойып, соны атап өтіп тұр. Шанхай, 2014 жыл.

BCS Global Markets инвестициялық компаниясының бағалауынша, "Сібір қуаты – 2” "Газпромға” жылына 12 миллиард доллар пайда әкеледі. Мемлекетке 4,6 миллиард доллар салық түседі. Бұл сома Ресейге 2023 жылы энергетика саласынан түскен орташа айлық табыстың жартысына да жетпейді. Бірақ Украинамен соғыс Кремльге тым қымбатқа түсіп жатыр.

ҚЫТАЙДЫҢ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СТРАТЕГИЯСЫ

Пекин энергетикалық қауіпсіздігіне баса мән беріп отыр. Қытай сыртқы экспортерлерге тәуелді болмау үшін табиғи газды артығымен сатып алуға дайын.

Ресейлік газ Қытай нарығының аз бөлігін ғана құрайды: жерүсті құбырлары Түркіменстаннан Орталық Азия арқылы өтеді. Қытай сондай-ақ Катар, АҚШ, Австралия сияқты елдермен сұйытылған газ жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімдер жасасқан.

Қытай газ келісімдерінде диверсификацияға назар аударады. Си Цзиньпин Орталық Азия елдерінің басшыларымен өткен саммитте түркімен газын жеткізетін төртінші құбыр – "D желісін” салуды қолдаған.

Халықаралық қатынастар бойынша Еуропа кеңесінде Қытай саясаты бойынша сарапшы болып істейтін Алисия Бачульскаяның пікірінше, Пекин болашақта Ресей газын алғысы келе ме, жоқ па деген сұраққа нақты жауа бермей отыр. Қытай газ импортында Ресейге қатты арқа сүйегісі келмейді.

Сарапшы газ құбыры салынса да, құрылыс толық аяқталғанша бірнеше жыл өтеді, әлі талай келіссөздер болады дейді. Сондықтан Ресей дәл қазір Қытайдың энергетикалық нарығына әсер етіп, қазынасын толтыра алмайды.

Джозеф Уэбстер Путин Қытайға сапарынан тағы да нәтижесіз оралады деп есептейді. Бірақ Қытай екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін көрсету үшін қолдаудың басқа түрлерін ұсынуы мүмкін.

– Қытай Ресейге басқа саладан пайда ұсынуы мүмкін. Пекиннің Ресейдің көңілін табуға көп мүмкіндігі бар, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG