Accessibility links

Қазақстан тәуелсіздігін тойлайтын Санкт-Петербург қазақтары


Жамбылдың Санкт-Петербургтегі ескерткішіне гүл шоғын қойып жатқан адамдар. (Сурет Санкт-Петербург қазақтарының "Атамекен" сайтынан алынды)
Жамбылдың Санкт-Петербургтегі ескерткішіне гүл шоғын қойып жатқан адамдар. (Сурет Санкт-Петербург қазақтарының "Атамекен" сайтынан алынды)

Санкт-Петербургтегі қазақтардың "Атамекен" ұйымын 30 жылдай басқарып келе жатқан ақсақал Азаттыққа диаспораның өмірі мен Қазақстанға кеткен үш баласы туралы әңгімелеп берді.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында шамамен 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Жергілікті қазақтардың құрған «Атамекен» қоғамдық ұйымын 30 жылдан бері Сәрсенғали Құспанов есімді 80 жастағы ақсақал үзіліссіз басқарып келе жатыр.​

Сәрсенғали Құспанов 1938 жылы Атырау облысы Құлсары қаласына жақын орналасқан Қаратон деген жерде дүниеге келген. 13 жасында жергілікті жердегі мұнай өндіру мекемесінде мұнайшы болып жұмыс істеген ол Ресейдің Қиыр Шығысында әскери борышын өтеген соң Санкт-Петрбург қаласындағы Ульянов атындағы Электротехника институтын тәмамдаған. Институттан кейін сол қаладағы Электронды- есептеу орталығын басқарған. Тыл және транспорт әскери академиясы Ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, құрамына СССР металлургиялық зауыттарының барлығы кірген Ауыр машина жасау министрлігінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Сәрсенғали ақсақал Азаттық тілшісімен әуелгі әңгімесін балалық шағын еске алудан бастады.

- Қазір Қаратон деген жер картада жоқ. Ол кезде 600-700 метр тереңдіктен мұнай шығатын еді. Кейін газдың иісі шығады деп ауылды түгелімен көшіріп жіберді. Сол жерде сегіз класс бітірдім де, тоғызыншы және оныншы сыныпты кешкі мектепте жалғастырдым. Мектепте математика мен физикаға мықты болып едім. Бірақ белгілі бір себептермен жұмысқа тұруға тура келді, - дейді ақсақал.

Сәрсенғали Құспанов қазақ диаспорасының бір шарасында сөз сөйлеп тұр.
Сәрсенғали Құспанов қазақ диаспорасының бір шарасында сөз сөйлеп тұр.

Ағасы әскерге кеткен соң он үш жасында слесарь болып жұмысқа орналасуға мәжбүр болған Сәрсенғали Құспанов кәрі әжесі мен анасының асыраушысына айналады.

- Мен - әжесі баққан баламын. Орта мектепті тастаймын деген кезде үйге мектеп директоры келді. Әжеме: «Бұл баланы МГУ-ге (Мәскеу мемлекеттік университеті - ред.) жіберейік деп жүр едік. Оқудан шықпасын" деді. Бірақ әжем: "Бұл бала айтпайды, айтса қайтпайды. Одан да жұмысқа орналастырыңдар" деді. Сол сөз әлі есімде. Солайша мені жұмысқа алды. Механигіміз наряд жазбайтын еді , бәлкім жаза алмайтын болу керек. Мен соларды жазатынмын. Мені жұмысшылар "механиктиің орынбасары" деп атап кетті, - деп еске алады балалық шағын ол.

Әскери қызметін Ресейдің Қиыр Шығысында өтеген Сәрсенғали Құспанов командирінен Ленинград (қазіргі аты - Санк-Петербург) туралы көп естиді. Кейін соның әсерімен осы қаладағы Электротехника институтына құжат тапсырып, 24 жасында "ленинградтыққа" айналады.

Ол орта білімді кешкі мектепте тәмамдаса да, ЖОО сынағы кезінде физика мен математикадан "бес", орыс тілінен "төрт" деген баға алып, оқуға түскенін айтады.

Сәрсенғали Құспанов оқып жүріп Санкт-Петербургтегі қазақ жастарының ұйымын құрған. Оған не себеп болғаны туралы былайша әңгімелейді.

- Мен бірінші курстан бастап студенттер кеңесінің жетекшісі болып сайландым. Оған жасым да әсер еткен болу керек. 24 жаста едім. Жасымның үлкендігіне байланысты жоғарғы курста оқып жүрген қазақ студенттері мен аспиранттарының арасына түстім. Әңгімелерін тыңдап отырсам, "Қазақстаннан 80 бала келіп едік, 25 бала бітіріп жатырмыз. 90 бала келіп едік, 30 бала бітірдік" деген секілді нәрселерді айтады. Себебін білсем, көп студент сабақты дұрыс түсінбей, соның кесірінен оқудан шығып қалады екен. Осы мәселенің алдын алу үшін "Қазақ студент жастарының ұйымын" құру туралы шешім қабылдадым, - дейді ол.

Ақсақалдың айтуынша, бұл ұйым бірден құрыла қоймаған. Өйткені оқу орнының басшылығы оның ұйым құру туралы жазған арызын "жершілдік" деген сылтаумен бірнеше рет қайтарып тастаған. Ең соңында өтінішін «Қазақстандық студент жастардың ұйымы» деген атаумен жазып, рұқсат алған. Осы ұйымның негізінде сенбі, жексенбі күндері студенттерге қосымша сабақ ұйымдастыра бастаған. "Қазақстандық студент жастары" ұйымының ішінен құрылған "Арай" студенттер ансамблі совет дәуірінде Қазақстанда да белгілі болған. Оны Сәрсенғали ақсақал "тоғыз жігіт бір домбырамен бастаған едік" деп еске алады.

Санкт-Петербургтегі қазақ жастары "Достар" спорт турнирін өткізіп тұрады.
Санкт-Петербургтегі қазақ жастары "Достар" спорт турнирін өткізіп тұрады.

Совет Одағы құлаған соң Сәрсенғали Құспанов Санкт-Петербургте құрған "Қазақстандық студент жастар ұйымы" осы қаладағы қазақ диаспорасының "Атамекен" ұйымына айналады. Қала қазақтары жыл сайын Наурыз мерекесімен бірге Қазақстанның Тәуелсіздік күнін де атап өтеді. Азаттық тілшісі Сәрсенғали ақсақалдан: "Басқа бір елде тұрып жатып өзге елдің тәуелсіздік күнін атап өту жергілікті тұрғындардың өздеріңізге деген көзқарасын өзгертіп жібереді деп қорықпайсыздар ма?" деп сұраған еді.

- Жоқ. Біз одан қорықпаймыз. Себебі әр адам өз ұлтын сыйламай тұрып, басқалар сыйлайды дегенді түсінбеймін. Ең әуелі өз ата-анамды, өз ұлтымды сыйлауым керек. Екіншіден, Санкт-Петербург - тарихи қала, зиялылар қаласы. Ондай сөзді (қазақ диаспорасына қатысты жағымсыз пікірді - ред.) өмірі естіп көрген емеспіз. Және Қазақстанның тәуелсіздік күнін жылда тойлаймыз, - дейді ол.

Санкт-Петербургтегі қазақ жастары "Достар" атты спорт жарыстарын да жиі өткізіп тұрады. Сәрсенғали ақсақалдың сөзінше, мұндай шараларда жергілікті қазақ жастары мен Қазақстаннан келіп оқып жатқан студент жастар бір-бірімен араласып, танысып-біліседі. Ол "Достарды" 1964 жылы өзі құрған "Қазақстандық студент жастар" ұйымының бір тармағы деп біледі.

Үш баласы да Қазақстанда тұратын Сәрсенғали Құспанов Санкт-Петербургтегі қазақ жастарының да тарихи атажұртына қоныс аударғысы келетінін айтады.

- Жыл сайын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ақмола облысындағы "Бурабай" демалыс аймағына демалу үшін төрт-бес балаға жолдама жібереді. Сол балалар Қазақстаннан келгеннен кейін пікірлері өзгеріп, жоғарғы білім алғаннан кейін Қазақстанға кеткісі келеді. Кеткендері де бар, - дейді ол Азаттыққа.

Биыл Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы арқылы диаспораға Қазақстан тарихы мен қазақ тілі, әдебиеті оқулықтары да жеткізіліпті.

Бейресми есеп бойынша жалпы саны бір миллионнан астам Ресей қазақтары Астрахань, Орынбор, Омбы, Саратов, Волгоград, Челябинск, Самара, Курган, Тюмень, Новосибирск, Мәскеу, Свердлов, Ростов, Томск облыстарында, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында, Башқұртстан, Саха, Татарстан, Алтай республикаларында және Алтай мен Краснояр өлкелерінде тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG