Accessibility links

Ресейдің Магадан қаласының ең қиқы-жиқы көшелерінде қала мэрінің бейнесімен қоса "Дұрыс жерде жүрген жоқсың, Антон!" деген жазулар пайда болды. Бұл сөзді Магадан мэрі Юрий Гришан қаладағы жөндеу жұмыстарын сынаған белсенді блогшылардың бірі Антон Афанасьевке Twitter арқылы айтқан.

Мамырда блогшы Антон Афанасьев Twitter-де қала әкімшілігінің былтыр Берзин көшесін абаттандыруға қыруар ақша бөлгенін, бірақ оның нәтижесі байқалмайтынын жазған. Бұған мэр Юрий Гришан: "Дұрыс жерде жүрген жоқсың, Антон!" деп жауап берген.

Twitter-ді белсенді түрде қолданатын Магадан мэрі қаладағы ең әйгілі блогшылардың қатарына кіреді. Ол әлеуметтік желілерде қаланың хал-ахуалы туралы пікірталастарға қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап береді, жалпы қаладағы жағдайды Интернет арқылы бақылайды. Кей магадандықтар мэрдың бұл әдетін жақтырмай, оның жұмысын сынағанда «Мэр, Twitter-ден шық!» деп ұрандап жатады.

Қала мэрінің блогшымен арадағы кезекті виртуалды айтысы ерекше формада жалғасты. Жергілікті суретші Григорий Сычев Магадандағы жөндеу қажет деген нысандарға мэрдің "Дұрыс жерде жүрген жоқсың, Антон" деген "қанатты" сөзін граффити түрінде сала бастады. Қазір мэрдің осы бір сөзін қала орталығынан да, оның шет аймақтарынан да оқуға болады.

Сычевтің айтуынша, Юрий Гришанның сол бір сөзінен соң оған "Магадан мэрінің өзі дұрыс жерде жүрген жоқ шығар" деген ой келіпті. Сондықтан, ол қаланың ең көріксіз деген жерлеріне мэрдің Twitter-дегі сөзін жаза бастапты.

- Мүмкін ол осы арқылы қаладағы шынайы проблемаларды көре бастайтын шығар, себебі менің байқауымша, ол жағдайды Twitter арқылы бақылап отыратын сияқты, - дейді Григорий Сычев.

Ал блогшы Антон Афанасьев қала басшысымен арадағы пікірталастың бұлайша жалғасын тапқанын қолдайды.

– Менің бұған қатысты бір ғана ұстанымым бар. Бұл жапсырмалар мен трафареттер Магадан мэриясына қандай да бір әсерін тигізіп, олар қаланы әрлендіруді қолға ала бастайтын шығар. Турасын айтсақ, Магаданда бұл жағынан атқаратын шаруа көп. Бірақ мэр Юрий Гришанға оң не теріс баға беруге әлі дайын емеспін, себебі ол қала басшылығына келгелі көп уақыт өте қойған жоқ, - деді Антон Афанасьев.

Юрий Гришан – Магадан қаласының тумасы, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпағы. 2015 жылғы 13 қарашада Магадан қалалық думасы депутаттарының шешімімен қала мэрі болып сайланған. Бұған дейін 2004 жылдан бастап ол қала басшысының орынбасары қызметін атқарған. Мэр қызметіне кірісе салысымен ол Магаданның бюджет алдындағы қарыздарын қайтарып, 2020 жылға дейін қала халқының санын 100 мыңнан 120 мың адамға көбейтемін деп уәде берген.

Көшелерде өзінің айтқан сөзі басылған трафареттердің пайда болғанын Twitter-ден білген Юрий Гришан суретшінің бұл бастамасын бірден қолдап: "Керемет! Мен кезінде бұл үшін ақша төлегенмін. Енді тегін жасап жатыр. Рақмет, жігіттер! Рақмет, Антон!" - деп жазды.

Бұдан соң суретші мэрдің дәл сол суреті мен айтқан сөзі жазылған жапсырма қағаз шығара бастады. Оларды жапсырып, қайтадан алу қиын емес. Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары суретшіге осындай жапсырмаларды көптеп шығарып сат деп кеңес беріп жатыр. Мұндай жапсырмаларды сатып алғысы келетіндер аз емес екен.

Қала мэрі жапсырмалардың пайда болғанына қатысты Twitter-де де, журналистерге арнап өткізген брифингте де бірден пікір білдірді.

– Әлеуметтік желілердегі "Дұрыс жерде жүрген жоқсың, Антон!" деген тақырыптағы сынға байланысты Антон жүріп өтуі тиіс жерлердің маршрутын бере аламын. Антон-санитардың образы осындай ғой. Антон біз қалпына келтірген жерлермен жүріп өтсін. Келіп жатқан барлық ескертулер бойынша (соның ішінде Twitter арқылы келетіндері де бар) жұмыс жасалып жатыр. Мәселен, бүгін Набережная, 13 мекенжайы туралы айтылды. Антоннан, халықтық бақылаудан, түрлі жолдармен хабарласқан тұрғындардан түсетін барлық сұрақтарға көңіл бөлеміз. Әрбір магадандықтың үнін естиміз, - деді мэр Юрий Гришан.

Ал суретші Григорий Сычевті жақында қаланың әкімшілік-техникалық инспекциясына шақыртыпты.

– Мені алдымен шақырып алып, қаланы абаттандыру ережелерін бұзғанымды ескертті (бұл үшін айыппұл төлеткізуі мүмкін – Азаттық). Ал мен бетон блоктар мен қараусыз қалған гараждардың қалаға қандай қатысы бар екенін сұрадым. Олар бұл нысандардың қала әкімшілігіне қарамайтынын мойындады. Мекеме қызметкерлері күн сайын жұмыс істеп, есеп үшін әр нәрсені суретке түсіріп жүретіндерін айтты. Соңында тұрғын үйлерге сурет салмауымды өтінді. Жапсырмаға келсек, оларды сұрағандарға тегін таратып жүрмін. Ал олар қалаған жерлеріне жапсырады. Айтпақшы, дәл осы сурет басылған жейдені Магадан мэрінің өзіне сыйлауға уәде еттім. Ол Twitter-де XL өлшемді киім киетінін жазды. Киіп алса, қатып кетер еді. Әзілсіз айтатын болсақ, қаланы абаттандыруда ешқандай ілгерілеуді байқап тұрған жоқпын. Антон Афанасьев Берзин көшесі туралы айтты, ал бұл – мен тұрып жатқан аула, мұнда 2003 жылдан бері ешқандай жөндеу жүрген жоқ. Есесіне, олар "бізде бәрі керемет" деп есеп береді. Меніңше, бұл – дұрыс емес. Олардың қай ауланы жөндеп жатқанын білмеймін, бәлкім мен дұрыс жерде жүрген жоқ шығармын, - дейді Григорий Сычев.

Ал Twitter-де #нетамходитеАнтон деген арнайы хэштег те пайда болды. Магадан тұрғындары осы хэштегпен қаланың нашар суреттерін жариялай бастады. Мысалы, төмендегідей.

Андрей Гришиннің материалы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG