Accessibility links

Ресей билігі наразы жастардан тіксініп отыр


Коррупцияға қарсы Мәскеудегі митинг. 26 наурыз 2017 жыл.

Ресей басшылығы жастардың саяси наразылығын қалай бәсеңдетудің амалын іздеп, оларға көше шерулеріне қатысудың қаупі туралы дәріс оқып, видео көрсетіп әлек болып жатыр.

Ресейдің орталық аймағындағы Тольятти қаласындағы орта мектепте оқитын 17 жасар Матвейді өзге сыныптастарымен бірге сабақтан босатып, мектеп залына апарғанда ол не көрсетілетінін іштей сезген еді.

Азаттық тілшісімен телефонмен әңгімелескен, бірақ аты-жөнін көрсетпеуді сұраған 11-сынып оқушысы «Бұл фильмді басқа мектептерде көрсеткенін білетінбіз» дейді.

Балалар алдын ала білгендей оларға Ресей оппозициясын фашистер мен терроршыларға теңеген фильм көрсетілген. Басқа оқушылар сияқты ол да фильмді телефонына түсіріп алған.

- Меніңше, бұл – үгіт-насихат, жасырын үгіт насихат, басқа ештеңе емес. Ал мектепте бұған тыйым салынған, - дейді Матвей.

Кейін Матвей мен оның сыныптастары киноны көрсету кезінде мектеп директорымен арадағы пікірталасты видеоға түсіріп алып, оны интернетке жариялады. Мектеп мұғалімдері мен оқушылар арасындағы оппозиция туралы осындай пікірталас видеолары интернетке көп шықты.

YouTube-те жарық көрген видеолар президент Владимир Путин басқаратын Ресейдің саяси бағыты бойынша жастар мен үлкендер арасында түсініспеушілік бар екенін аңғартады. Наурыз айында оппозиция жетекшісі Алексей Навальный ұйымдастырған жемқорлыққа қарсы наразылық шарасына жастардың өте көп қатысуы билікті тіксінтіп тастады. Осы аптада жарық көрген қоғамдық пікірді зерттеу қорытындылары бойынша, жастардың биліктегі тұлғаларға деген сенімі төмендеп кеткен.

Ресейдің білім және ғылыми министрі Ольга Васильева мамырдың 17-сі өткен форумда «Наразы көзқарас бар, біз осы наразы балалармен жұмыс істеуіміз керек» деп мәлімдеді. Министрдің бұл пікірін мемлекеттік ТАСС агенттігі таратты.

Бұған қоса, ол жастарды «қоғамға қайшы әрекеттерге араластырмау керектігін» және олардың «радикализмнің зиянды да үрейлі ықпалына түспеуі тиіс» екенін айтты.

Ресей оппозициясының лидері Алексей Навальныйдың Мәскеу мэрінің ескі үйлерді күреп, орнына жаңа үйлер салу шешіміне қарсы митингіде жүрген сәті. Ресей, Мәскеу, 14 мамыр 2017 жыл.
Ресей оппозициясының лидері Алексей Навальныйдың Мәскеу мэрінің ескі үйлерді күреп, орнына жаңа үйлер салу шешіміне қарсы митингіде жүрген сәті. Ресей, Мәскеу, 14 мамыр 2017 жыл.

Министр бұл сөзді билікке қарсылардың жаңа шерулері қарсаңында айтты. Келесі айда оппозиция жетекшісі Алексей Навальный жемқорлыққа қарсы наразылық шарасын ұйымдастыруды көздеп отыр. Навальный келер жылы болатын президент сайлауына қатысу ниеті бар екенін де мәлімдеген. Көпшілік болжамы бойынша, сайлауда қазіргі президент Владимир Путин тағы алты жыл мерзімге қайта сайлануы мүмкін.

Ресей басшылығы, мемлекеттік ақпарат құралдары мен Кремльді жақтаушылар Навальныйдың оңшыл топтармен араласқанын, осыдан бірнеше жыл бұрын Мәскеуде өткен әсіреұлтшылдар шеруіне қатысқанын көлденең тартып, оны аса қауіпті экстремист етіп көрсетуге тырысып жатыр.

«ҮЙ ЖҰМЫСЫН ЖАСАҢДАР»

Маусымның 12-сіне жоспарланған наразылық шеруінің қарсаңында жастарды мұндай шараларға қатыспауға шақырған арзанқол, сапасыз видеолар жариялана бастады. Осы аптада әнші Алиса Вокс шығарған бір видеоның соңы «Балақай, саясатты қайтесің, үй тапсырмасын орында» деген сөздермен аяқталады.

Шеруге қарсы тағы бір әуенді «Птаха» деген лақап атпен шығатын рэппер жазған. «Шырық бұзғысы келетіндерді» сынаған ол «Сэм ағайдан ақша алып, патриот болу жараспас» деп әндетеді. Қарсыластары Навальныйды «АҚШ-тың қуыршағы» деп жиі айыптайды. Рэппердің осы көзқарасты қолдап тұрғаны түсінікті.

Навальный Кремльді «салық төлеушілер ақшасын билікті қолдайтын видеолар түсіруге жұмсап жатыр» деп айыптайды. Ресейдің екі бірдей ірі ақпарат құралы үш миллион адам қараған бұл видеоларға «Ресей билігінде қазір отырған не бұрын билікте болған адамдар тапсырыс берген» деген дерек келтірді.

«Дождь» және «Медуза» сайттары Кремльдегі аты-жөні аталмаған дереккөзге сілтеме жасай отырып, бұл видеоларға Путин әкімшілігінің еш қатысы жоқ деген хабар таратты.

Мамырдың 16-сы күні жеке вебсайтына жариялаған постында Навальный видеоларды мысқылдап. «Не дейін енді? Біз жеңілдік. Кремль бізді сұлатты. Енді жастар жемқорлықпен күреске шықпайды, әрі 193 қала қатысатын маусымның 12-сіндегі шеруге қосылмайды» деп жазды.

«ЖАСТАР БАРРИКАДАҒА ШЫҒУҒА ДАЙЫН ЕМЕС»

Мәскеудегі экономика жоғары мектебінің жанындағы саяси зерттеулер лабораториясы басшысы Валерия Касамараның айтуынша, үкіметтің жастарды қорқытқан әрекеттерінің нәтижесі басқа болып шығуы да мүмкін. Азаттыққа берген сұхбатында Касамара:

- Бұл жастардың наразылық шараларына бұрынғыдан қатты қызығуына алып келуі мүмкін, - дейді.

Коррупцияға қарсы Мәскеуде өткен митингіде полиция ұстаған наразы азамат. 26 наурыз 2017 жыл.
Коррупцияға қарсы Мәскеуде өткен митингіде полиция ұстаған наразы азамат. 26 наурыз 2017 жыл.

Ресейдегі 6 мыңға жуық студенттің саяси көзқарастары туралы зерттеудің авторы Касамара жастардың саяси позицияларын «баррикадада тұрып» қорғай алатынына онша сенбейді.

Мамырдың 16-сы жарияланған сол зерттеуге қарағанда, респонденттердің 66 пайызы Навальныйдың шеруіне түрткі болып отырған жемқорлық мәселесін Ресейдегі «ең басты проблема» деп санайды.

Сауалнамаға жауап берген жастардың тек 19 пайызы «демонстрация – саясатқа ықпал етудің тиімді әдісі» деп санайды.

Сауалнамаға жауап берген жастардың тек 19 пайызы «демонстрация – саясатқа ықпал етудің тиімді әдісі» деп есептейді. Респонденттердің 72 пайызы наразылық шерулерінің нәтиже беретініне сенбейді. Шеруге қатысуым мүмкін деп респондент жастардың 14 пайызы жауап берген.

- Бұлар – баррикада бақ сынауға құлықты адамдар емес. Себебі кез келген наразылық қауіп төндіреді, ал олар қатерге бас тіккісі келмейді. Олар тек өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыратын қоғамда тыныш өмір сүргілері келеді, - деді Касамара.

Зерттеу нәтижесіне қарасақ, сұралғандардың 47 пайызы келесі жексенбі сайлау өтсе, Путинге дауыс беруге әзір екендерін білдірген. Ал, екінші орында тұрған Навальныйды респонденттердің 7,1 пайызы қолдаған. Бірақ сарапшының айтуынша, Путинді қолдаудың көптігі елдегі институционалдық тұрақтылықты көрсетпейді.

- Бұл - президент институтына емес, Путинге деген сенім. Олар тек Путинге сенеді, бір жағынан оның орнын басатын адамды көріп тұрған жоқ. Бәрі жеке адамға байланып тұр, - дейді Касамара.

«БОЛАШАҒЫҢА БАЛТА ШАППА»

Зорлық-зомбылық көріністері бар фильмнің 16 жасқа толмаған балаларға көрсетілуі жақында Тольятти қаласы орналасқан Самара облысы тұрғындарының наразылығын тудырды.

Тольяттидегі №70 мектептің алакөлеңке залында Матвей мен оның сыныптастары кино көріп отыр. Кадр сыртындағы дауыс «Сен Владимир Владимирович Путиннің елді күшейту саясатын қолдау арқылы кез келген формадағы экстремизммен күресе аласың және күресуге тиіссің» деп, балалар санасына үгіт-насихатты құйып жатыр.

Зорлық-зомбылық көріністері бар фильмнің 16 жасқа толмаған балаларға көрсетілуі жақында Тольятти қаласы орналасқан Самара облысы тұрғындарының наразылығын тудырды.

Аймақтың өкілдік органы депутаты, тәуелсіз заңгер Михаил Матвеев 7-сыныпта оқитын баласына бұл фильмнің көрсетілуіне қарсылық білдіріп, билік органдарына арызданған. Матвеев Азаттыққа берген сұхбатында:

- Меніңше, балаларды билік пен оппозицияның арасындағы күрес алаңына айналдырып, мектепке саясатты кіргізу – дұрыс емес, - деді.

Мамырдың 4-інде Матвеевке берген жауабында аймақтық прокуратура бұл фильмнің 16 жасқа толмаған балаларға көрсетілуі заң бұзушылық екенін мойындаған.

Заңгерге берілген басқа жауаптарда құзырлы органдар аймақ губернаторына қарайтын ресми телеарна түсірген бұл фильмдерге бюджеттен ақша жұмсалмағанын, ал оларды көрсету мәселесін мектептер өз беттерімен шешкенін айтқан.

Тольяттидегі №70 мектептің директоры Ольга Жигулевцева бұл фильмді біреудің талап етуімен емес, «балаларға көмектесу үшін» өзі көрсетуді ұйғарғанын айтады.

Алайда Жигулевцева YouTube желісінде мамырдың 16-сында жарық көрген видео жөнінде телефон арқылы пікір айтудан бас тартты. Оқушылармен сұхбат кезінде мектеп директоры Навальныйды Кремльге қарсы әрекеттері үшін «ақша алып отыр» деп айыптайды және Матвей мен оның сыныптастарын шеруге қатыспауға шақырады.

- Өз басыңды ойла. Сен қауіпті жолды таңдап тұрсың, болашағыңа балта шаппа, - дейді Жигулевцева.

Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG