Accessibility links

Шалқандар ұлтын құжатқа жазу үшін сотқа жүгінуге мәжбүр


Атқа шана жеккен Суранаш ауылының тұрғыны.
Атқа шана жеккен Суранаш ауылының тұрғыны.

Алтай аймағындағы шалқан халқы соңғы кезде өз ұлтын құжатқа жаздырта бастады. Алтайлықтар құрамынан аз ұлттар тобына өткен шалқандарға сол үшін сотқа шағым түсіру керек болады.

Шалқандар өздерінің атауын аққумен (шалқан тілінде "ку-кижи") байланыстарды. Олардың ата-бабалары аққуға табынған екен. Шалқан тілінде аққуды "куу" деп атайды. Түркі тілдер тобына жататын көне халық байырдан Алтайдағы Лебедь өзенінің маңын мекендеп келеді. Советтік кезеңде шалқандар мен құмандарды, тубалар мен телеңгіттерді бір халыққа – алтайлықтарға жатқызатын. Шалқандар оған келіспей, өз атауларын заңдастыру үшін соттасып жатыр.

Алтайдағы шалқандар.
Алтайдағы шалқандар.

Қурмач-Байгол ауылы 1824 жылы құрылған. Ол Алтай Республикасының Турочак ауданының түкпірінде орналасқан. Саны аз байырғы халық – шалқандар ежелден осында тұрады. Бүкіл ауыл халқының саны - шамамен 300. Адам көп жүретін жолдан қашық орналасқан. Заманауи дизельді электр станциясы небәрі сегіз жыл бұрын салынды, оған дейін тұрғындар майшаммен отыратын. Байланыс құралы – бүкіл ауыл бірігіп қолданатын жалғыз таксофон, интернет тек мектеп пен ауыл әкімшілігінде бар. Қурмач-Байгол ауылын бір атадан тараған әулет деп айтсақ жаңылмаймыз. Ауылда тек бір көше бар.

ВИДЕО: Шалқандар туралы деректі фильм.

​ - Осы үш жүз адамның қаншасы Пустогачев деген фамилияны иеленген?, - деп сұрадық Қурмач-Байгол ауылының басшысы Вячеслав Пустогачевтан.

- Жартысына жуығы. Олардың бәрі туысқан деуге келмейді, бізде Пустогачевтердің үш әулеті бар, - дейді ол. – Шалқан тілінде әулетті "сөөк" дейміз. "Сөөк алыйа"» Пустогачевтер бар, соның бірі - менмін, "сөөк пардыйак" Пустогачевтер бар және "сөөк қызылкөз" Пустогачевтер бар.

Әкім Вячеслав Пустогачев.
Әкім Вячеслав Пустогачев.

Курмач-Байгол ауылының әр үйден бір-бір Пустогачев табылады. Тіпті фамилиясы Сумчаков, Канадараков, Барбачаков немесе шеттен сіңген немістік Вибе болса да мейлі. Оқшау өмір сүргендіктен әрқайсы бір-біріне туысқан.

Жергілікті мектепке келдік.

- Пустогачевттерден кім бар?

Бір сыныпта отырған 12 баланың үшеуі қол көтерді.

- Екеуі - менің балам, екінші және төртінші сыныпта оқиды. Жұбайымның фамилиясы - Пустогачев, өзім - Ганенкомын. Пустогачевтердің бірі жолдасымның немере қарындасы, - деп түсіндірді бастауыш сынып мұғалімі Людмила Ганенко.

Оның айтуынша, сыныпта отырған оқушылардың бәрі немерелес туыстар. Олардың бәрі - шалқандар. Курмач-Байголде аралас некеден туғандарды да туған жеріне қарай шалқанға жатқызады. Мұғалім оқушылармен сөйлескенде орыс тілінен шалқан тіліне көшті. Балалар жақсы түсініп отырды.

- Балалардың бәрі шалқан тілінде сөйлейді, бірақ қазір ассимиляция жүріп жатыр, - дейді Людмила Ганенко. – Бұрын жол да, жарық та жоқ еді. Қазір өркениетке өттік: тіпті мектепте интернет бар. Балалар ақырындап ана тілдерін ұмыта бастады.

Мұғалім Людмила Ганенко.
Мұғалім Людмила Ганенко.

Курмач-Байголде жаңа мектеп 2011 жылы салынды. Шалқандардың өз тілі мен мәдениетін сақтап қалғаны осы мектептің салынуына әсер етті. Мектеп құрылысына керекті қаржы саны аз түпкілікті халықтарды қолдау жобасы аясында бөлінді. Бұл жерде тіпті ана тілін де оқытады, бірақ шалқан тілі емес (оның жазуы жоқ), 1-9 сынып аралығында алтай тілін оқиды. Солайша балалар әдеби тілде алтайша сөйлесе, үйде шалқан тілінде сөйлеседі.

Мектеп директоры, ұлты - шалқан, Эдуард Вибе информатика мен физикадан сабақ береді. Бірақ кейде сабақта ана тілінде сөйлеп кетеді. «Физиканы неліктен шалқанша түсіндірдіңіз?» деген сұраққа тосын жауап алдық.

- Балалар қиналып, тапсырманы түсінбей жатқан кезде шалқан тілінде сөйлеймін. Олар орыс тілін түсінбей қалады, материал ұғынықты болу үшін шалқан тіліне ауысамын. Бізде әлі күнде дейін балаларымен тек шалқан тілінде сөйлесетін отбасылар бар, олар орыс тіліндегі материалды түсінуге қиналады, - деді Эдуард Вибе.

Курмач-Байголдағы мектеп оқушылары.
Курмач-Байголдағы мектеп оқушылары.

ШАЛҚАН ТІЛІ

Тÿÿс – қайың қабығынан жасалған ыдыс.

Кожык – қасық.

Элек – елек.

Ра – шойын құман.

Ээр – ағаш ер-тоқым.

Кеден – мата төсеніш.

Элте – қолғап.

Наске – шұлық.

Тіл мамандарының бірі шалқан тілін түркі тілдерінің ұйғыр-оғыз тобының хакас тобына жатқызады. Енді бірі – алтай әдеби тілінің солтүстік диалектісіне жатады дейді. Жергілікті тұрғындар алтай мен шалқан тілінің айырмасын нақты айта алмайды. Біреулер оны алтай тілінің диалектісі десе, енді бірі жеке тіл ретінде көрсеткісі келеді.

Өздерін ұлт ретінде көрсетуде де осындай мәселе бар. 2000 жылға дейін шалқандар, құмандар, тубалар, телеңгіттер алтайлықтар деп саналса, кейін саны аз халықтарға жатқызылып, 2002 жылғы санақта бөліп көрсетілді. Шалқандар саны аз халық мәртебесін алғаннан бері тілдерін де ресми тілде жеке тіл деп таныды.

Курмач-Байгол мектебінің меңгерушісі Анастасия Вибе (Трапеева) мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Туу туралы куәлігінде ата-анасы "алтайлықтар" деп жазылған. Кейін екеуі де сотқа барып, өздерін ресми түрде "шалқан" деп жаздырды. Анастасия да солай істеді. Сотта оның шалқан екенін анасы дәлелдеп, куәгер болды. Судья оның шалқан тілін білетінін тексеріп, сұрақтар қойған. Сот бес минутқа созылған. Арада ай өтіп Анастасия ұлты шалқан екені көрсетілген жаңа туу туралы куәлігін алды.

- Біріншіден, құжат жүзінде шалқан болғаныма қуанамын, туғаннан бері өзімді алтайлықпын деп санаған емеспін, - дейді Анастасия Вибе. – Тіпті қалада шалқан тіліне байланысты басқа студенттермен шекіскен кездеріміз болған. Оны бәрі диалект дейтін. Мен оның жеке тіл екенін дәлелдедім. Екіншіден, болашағымды ойлаймын, жеңілдіктер алуға болады, зейнетке ерте шығасың.

Қазір шалқандардың көбі сотқа барып, өздерінің ұлттарын көрсететін құжат алып жатыр. Әдетте сот ұзаққа созылмайды. Тіл мен дәстүрді білетініңді дәлелдеп, куәгерлер әкелуің керек. Алтайда оқшау тұратын шалқандар тілдерін біледі, әрқайсы бір-біріне туыс-бауыр. Туған ауылдары Курмач-Байгол мен Суранашта жұмыс болмағандықтан бес жыл ерте зейнетке шығуға да тырысады. Саны аз халықтарға жатпайтын алтайлықтарда бұндай жеңілдік жоқ.

Курмач-Байгол ауылындағы үйлер.
Курмач-Байгол ауылындағы үйлер.

СУРАНАШ АУЫЛЫ

Шалқандар тұратын екінші елдімекен Суранаш Курмач-Байголдан 25 километр қашықтықта орналасқан. Қыста жолды үнемі тазалап тұрады. Жазда тек өзенмен немесе атпен жүруге болады. Лайсаңда пошташы жаяу жүріп те барады. Қазір ол жерде 15 адам тұрады.

Алдымен күзетші Александр Николаевич Пустогачевке бардық. Ол адамдардың қызығушылық танытатынына үйренген, біздің кім екенімізді, қайдан келгенімізді сұрады. Бұған дейін француз, ағылшын және мәскеуліктер келгенін айтты.

- Мына қызықты қараңыз, француз келіп алтай тілін емес, шалқан тілін үйреніп кетті! Ресейде Новосибирскіде 17 жыл тұратын ағылшын әйел де шалқан тілін үйренді. Бірақ олар дінге мән береді, тіпті Інжілді шалқан тіліне аударып та жүр. Маған салсаң, оны түсінбеймін, орысша болғаны жақсы, - дейді Александр Пустогачев.

- Сіз православсыз ба?

Күзетші Александр Пустогачев.
Күзетші Александр Пустогачев.

- Әскерде жүргенімде үнемі алдымен ұлтымды емес, дінімді сұрайтын. Мұсылмансың ба? Жоқ деймін. Христиансың ба? Жоқ. Дінім қандай екенін бір Құдай біледі. Бұрын бізде шамандар болатын, Тау құдайы, қасиетті орындар деп сенетін.

- Сізді неліктен Дерсу Узала деп атайды?

- Оны кім айтты? (Күледі). Өмір бойы аңшылықпен айналыстым. Үш мәрте жер шарын айналып шықтым. Күнде тайгада жүремін, 30-40-50 км қиналмай жүре беремін. Ол кезде шаршамайтынмын, қазір буындарым ауырады. Дәрігерлер көп жүргендіктен, суық тигендіктен дейді. Қыста кеудемнен суға түсіп кеткен кезде де болды. Судан шығып, шұлғауыңды сығып алып, үй кездескенше жүре беретінмін.

Ауыл маңындағы жылқылар.
Ауыл маңындағы жылқылар.

Бүгін Александр Пустогачев үйде малға жалғыз қарап отыр, сиырының өзі онға жуық. Ұлы мен туыстары аудан орталығына сот отырысына кетті. Кәрі әжесін де сонда әкетті, бұдан былай ата-анасы ұлтты анықтауда куәгер бола алмайды. Александр Пустогачевтің ұлы енді ресми түрде шалқан болады.

Александр Николаевичтің шаруасына көмектестік те, жергілікті жердегі кереметті тамашалауға кеттік: екі жыл бұрын Суранашта күн батареялары орнатылды, енді күні-түні жарық бар. Жолда ерлі-зайыптылармен сөйлестік. Ері – тубалар, әйелі – шалқан. Евгения Кандаракова мен Олег Таймачев 33 жылдан бері бірге тұрып келеді.

Евгения Кандаракова пен Олег Таймачев.
Евгения Кандаракова пен Олег Таймачев.

- Өзара қай тілде сөйлесесіздер?

- Екеуімен де.

- Тубалар тілінде де, шалқан тілінде де ме?

- Олар бір-біріне ұқсайды. Аздаған сөздерінде ғана өзгеріс бар. Мен тайгада туып-өстім, орысша бір ауыз білмейтінмін. Мектепте барғанда ғана үйрендім. Ол жерде орысша білмесең, алтайша айт дейтін. Қалаға барып, интернатта тұрғанда дұрыс сөйлеп үйренгенше "екі" мен "үш" алып жүрдік қой.

Суранаш ауылы тұрғындарымен тілдесіп болған соң Лебедь өзеніне түстік. Күн батареялардың қасынан өттік, шаналардың бірі бос кетіп барады, өзенге бет алыпты. Геннадий Барбачаков суатқа апаруға келісті, оның сөзінше қазір өзен суы лайланған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өзеннің бас жағында басқа жақтан келген бизнесмендер алтынды суға шаяды. Енді Лебедь суын тұндырып, қайнатып барып ішу керек.

Лебедь өзені.
Лебедь өзені.

- Өзеннің суы бұрын тұп-тұнық болатын, түбіндегі тастары көрініп жататын. Қазір ластанды, лай. Судың жоғарғы сағасында алтын өндіреді, Каурчак пен Базлада да осындай жағдай. Базла бұрын мөп-мөлдір еді, тіпті қарауыз балық аулайтынбыз, - дейді Геннадий Барбачаков.

Енді Суранаш тұрғындары өзеннің ластануы мен ағаштарды шабуға қатысты президент Путинге хат жазбақ. Суранаш халқы Путиннің президент болатынына күмәнданбайды. Алдағы сайлауды олар да күтіп жүр.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Андрей Курусканов аудан орталығы Турочакқа барып, үгіт-насихат материалдарын жеткізу жолын ойластырып жүр. Сайлау жақындап қалды, тұрғындар әлі дайын емес.

- Семинар болады, сол жерде үгіт-насихат материалдарын беруі керек. Тұрғындар наурыздың 18-і сайлау екенін біледі. Үміткерлер қанша екенін өзім де нақты білмеймін, жетеу болса керек, - дейді Андрей Курусканов.

- Ертең семинарға бару керек, ал біздің компьютерді түсінетін хатшымыз оқуға кетті, бізді апаруға тиіс жүргізуші де жол жүріп кетті. Келсе жақсы, болмаса көлік іздеу керек, бізде арнайы автобустар жүрмейді ғой.

Суранаш ауылындағы үйлердің бірінің ауласы.
Суранаш ауылындағы үйлердің бірінің ауласы.

Суранаш халқы мерзімінен бұрын дауыс беретін шығар, наурыздың ортасында бұл жаққа жету оңай емес. Бірақ бірнеше сайлаушы үшін сайлау комиссиясы мүшелері тікұшақпен ұшып келулері де мүмкін.

Ат шана - Суранаштағы негізгі көлік.
Ат шана - Суранаштағы негізгі көлік.

Суранашта адам көп болған кезде, мектеп, клуб, дүкендер мен пошта болғанда тікұшақ күнде келетін. Қазір тек сайлауда ғана келеді, оның өзінде бәрінде емес. Бірақ тұрғындар президенттік сайлау үшін тікұшақ келер деп күтіп жүр.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Юлия Корневаның мақаласы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG