Accessibility links

Оңтүстік Сібірде шорлар деп аталатын түркі тілдес байырғы шағын халық тұрады. Саны 16 мыңға да жетпейтін олардың көбі Кемеров облысында тұрады. Ол жерді Таулы Шория деп атайды. Қазір ана тілінде шамамен алты мыңдай шор ғана сөйлейді. Нақтырақ айтқанда, көбі шор тілінде "сөйлей алмайды, бірақ мағынасын түсінеді". Ғалымдар бұл тілді жойылып бара жатқан тіл деп санайды.

"Сибирь.Реалии" сайты тілшілері Усть-Анзас (Таулы Шория) ауылына барып, саны аз байырғы халық – шорлардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. 130 тұрғын бір-біріне туыс болып келеді. Ауылда байланыс желісі де, электр жарығы да жоқ.

Усть-Анзаста дүниеге келген шор әйел Наталья Моисеева зейнет демалысына шыққаннан кейін туған ауылына оралған. Ол орыс күйеуінің тегі бойынша Моисеева деп жазылады. Ал қыз кезіндегі фамилиясы - Кирсакова.

- Бұрын ауылда тұратын әке-шешемізге келгенде, бірдеңені орысша айтсаң, "орысша неге сөйлейсіңдер, шор тілінде сөйлеңдер!" деп ұрсатын. Сондықтан ана тілімізді жетік білетінбіз, ал өз балаларымыз ана тілінде мүлде сөйлемейді. Бірақ интернатта оларға шор тілін оқытады. Ал мектепте бізге орыс тілін ғана оқытатын. Усть-Анзастағы мектеп 1990 жылдардың ортасында жабылып қалған. Балаларымыз сол кезден бері Таштаголдағы интернатта жатып, оқиды. 12 жастағы немерем шор тіліндегі "пышақ", "қалаш", "су" деген кей сөздерді ғана біледі, - дейді Наталья.

Бұрын ауылда тұратын әке-шешемізге келгенде, бірдеңені орысша айтсаң, "орысша неге сөйлейсіңдер, шор тілінде сөйлеңдер!" деп ұрсатын

Анзас өзені Натальяның үйінің тура іргесінде ағып жатыр. Бұл жақта қармақпен балық аулау жай ермек саналады. Әдетте жұрттың бәрі балықты ау салып аулайды, бірақ мұны бөтен адамдарға жария еткілері келмейді. Ата-бабасының жерінде, яғни табиғатты дәстүрлі пайдалану аймағында тұратын байырғы халық болғанымен, шорлар өздерінің құқықтарын білмейді. Шор ұлттық паркі ашылған 1989 жылдан бері 35 ауыл ұлттық бақтың территориясы деп белгіленген шекараның ішінде қалып қойған. Сондықтан байырғы халық қазір өзге заңдар бойынша өмір сүреді.

Наталья Моисеева.
Наталья Моисеева.

- Мұнда балық аулау үшін бірнеше күнге келетіндер арнайы жолдама алады. Туған ауылыма біржола көшіп келгенге дейін мен де әр келген сайын ұлттық паркке кіру үшін жолдама алатынмын, - дейді Наталья Моисеева.

Мұнда интернет те, банк картасы да жоқ

Шор ұлттық бағы территориясында Қызыл кітапқа енген балық түрлерін аулауға, топырақ және өсімдік жамылғыларын бүлдіруге, тас, жартас, ағаштарды қашап жазуға, атыс қаруын ұстауға тыйым салынған. Бұдан өзге тыйымдар да көп.

Усть-Анзас ауылында өркениет игіліктерінен таксофон (жазда үш ай жұмыс істемепті) және пошта бөлімшесі ғана бар. Поштада газет жаздырып алуға және кір жуғыш ұнтақ сатып алуға болады. Бұдан бөлек, пошташы жұрт көп қолданатын өзге тауарлар да сатады.

- Жұрт поштаға көбінесе зейнетақы әкелген кезде келеді. Мұнда интернет те, банк картасы да жоқ. Бізде 23 зейнеткер бар. Шорлар зейнет демалысына орыстарға қарағанда бес жыл ерте шығады. Неліктен ондай заң шығарғандарын білмеймін, шамасы, шорлардың саны аз болған соң шығар. Усть-Анзас қана емес, көрші ауылдарда тұратын қарттар да зейнетақысын менен алады. Поштаға дейін көбінесе қайықпен, атпен, ал қыста шаңғымен келеді. Егер боран болып, жете алмай қалса және келетінін ескертсе, зейнетақысын айдың 20-сына дейін ұстай тұрамын. Көктемгі, күзгі лайсаң кезінде жол болмай қалғанда адамдар жаяу келеді, - дейді пошташы Татьяна Торчакова.

Анзас өзеніне қармақ салып тұрған адамдар.
Анзас өзеніне қармақ салып тұрған адамдар.

Бұл жақта әр көктем, күз сайын лайсаң болып, жол езіліп кетеді. Бір ай бойы, кейде одан да ұзақ уақыт жол болмай қалады. Ол кезде Усть-Анзастан аудан орталығы Таштаголға тікұшақпен ғана жетуге болады. Ол күн ашық болса, аптасына бір рет ұшады. Жергілікті халыққа билетті жеңілдікпен – 155 рубльден, ал өзгелерге 700 рубльден сатады.

Пошта үйінің түкпірінде телеграф аппараты әлі тұр, бірақ оны соңғы рет пайдаланғанына 10 жылдан аса уақыт өткен.

- Шұғыл хабарлама жолдау немесе жедел жәрдем шақыру керек болып қалса, ал таксофон істемей қалса қайтесіздер?

- Онда Айганға барамыз, ал ол жақта байланыс жақсы ұстайды. Айган – біздің киелі тауымыз. Соның үстіне шығып алып сөйлесеміз.

Күйеуім екеуміз сирек болса да, әдетте қызымыздан бірдеңе жасырған кезде шор тілінде сөйлесеміз

Татьяна Торчакова пошта бөлімшесі жоқ көрші ауылдарға хаттарды өзі таратпай, жолы түскен біреулерден беріп жібереді. Бірақ ол "қазір хат жазатын адам жоқ қой" дейді. Қазір поштада Кизек ауылына беріп жіберетін жалғыз хат жатыр екен. Жолдаушы – сақтандыру компаниясы. Татьяна шор тілінің жағдайы туралы да айтып берді. "Красная Шория", "Таштагольский курьер", "Кузбасс" деген жергілікті газеттер орыс тілінде ғана шығады.

- Күйеуім екеуміз сирек болса да, әдетте қызымыздан бірдеңе жасырған кезде шор тілінде сөйлесеміз. Әдетте қызымыздан бірдеңе жасырған кезде сөйлесіп қаламыз. Егер өзіміз бір жаққа жиналып, ал қызымызды үйде қалдыру керек болса, шор тілінде сөйлесеміз. Мысалы, "қазір әжесіне апарып тастаймыз" десек, қызым "әжеме бармаймын" дейді, демек, не деп айтқанымызды түсінеді. Бұрын Таштаголда дүкенге кіріп, шор тілінде сөйлеуге ұялатынбыз, ал қазір танысыңды жолықтырып қалсаң, онымен шор тілінде қымсынбай сөйлесең бересің. Қазір шор тілін жаңғырту мәселесі қозғала бастады, ғалымдар келіп тұрады, шор тілінде ән айтатын ансамбль құрылды, сондықтан болар, жұрт қымсынбайтын болды, - дейді Татьяна Торчакова.

Алғашқы "Кузнецк округының шығыс бөлігінде тұратын бұратана халыққа арналған шор тіліндегі әліппе" 1885 жылы Қазанда басылып шыққан. Шор тілінің әліпбиінде 38 әріп бар, оған орыс алфавитіндегі барлық 33 әріп пен шор тіліне тән дыбыстарды таңбалау үшін қосымша бес әріп – F, Қ, Ң, Ö және Ÿ енгізілген. Усть-Анзас тұрғындары шор тілінің кондом диалектінде сөйлеседі.

Шор тіліндегі әліппе.
Шор тіліндегі әліппе.

1927 -1939 жылдар аралығында шор тілінде жеті жылдық мектепке арналған оқулықтар жазылып, жарық көрген, "Орысша - шор тіліндегі оқушы сөздігі" құрастырылған, "Қызыл Шор" деген аудандық газет шығып тұрған. Әдеби шор тілі қазіргі Мыски қаласында тұратын шорлардың сөйлеу мәнері (мрассу диалекті) негізінде қалыптасқан. Ол кондом диалекті есебінен де байыған. 1939 жылы Таулы Шория автономиясы жойылғаннан кейін әдеби тілді дамыту процесі де тоқтап қалған. Іле-шала ана тілінде кітап, газеттер шығару да, мектептерде шор тілін оқыту да тоқтаған. Шор тілі сөздігі "әдеби шор тілін қалпына келтіру мақсатымен" 1993 жылы ғана қайта шыққан.

Жергілікті тұрғын Роберт Хромов – ауылдың жасы ең үлкен қариясы. Жасы 80-де. Бірақ түр-әлпетіне қарап жасы 80-де деп ойламайсың. Әйткенмен оның төлқұжатында туған жылы шынымен 1937 деп жазылған. Роберт Михаилович сиыр, ат және бір жарым жасар екі бұзау ұстайды, бақшасы да бар. Бұған қоса, ол қоғамдық жұмыспен де айналысады – шор халқының мәдениеті мұражайына бас-көз болып жүр.

Менің өтінішім бойынша Федор Кыдымаев пен Роберт Михайлович шор тілінде сөйлесе бастады. Олардың әңгімесінен "қазақ" және "татар" деген маған таныс сөздер естілгендей болды. Бірақ мағынасы басқаша боп шықты: "қазақ" сөзі "орыс" дегенді, ал "тадар" – "шор" дегенді білдіреді екен.

Роберт Хромов.
Роберт Хромов.

- 2000 жылы Усть-Анзас ауылына 317 жыл толды. Сол кезде осы санды шоқының бөктеріне таспен көмкеріп жазып қойғанбыз, - дейді Роберт Михаилович. – Оның арғы жағы шамандар көп баратын Айған тауы. Ал мына үйінділер алтын өндірісінен қалған. Ежелгі Жібек жолы да осы тұстан өткен. Бұл біздің заманымызға дейінгі екінші ғасырда болған екен. Мұражайдың іргесін 1994 жылы қалай бастадық. Алайда мұражайға бөлінген территорияның бір бөлігін бізден тартып алды. Ол жерге шіркеу салу үшін іргетасын құйып қойған. Бірақ, меніңше, сол шіркеу салынбай қалатын шығар. Өйткені олар шіркеуді біз салса екен деп ойлайды.

Ауыл әкімшілігі басшысы Федор Кыдымаев бүкіл округтағы жалғыз омарташы әрі омарташылық оған ата-бабасынан дарыған кәсіп. Ол әкім қызметіне кіріскен бетте маскүнемдікпен күресуді ұйғарған. Ауылда арақ сатылмайтын тәртіп («сухой закон") енгізуге тырысып көрген. Бірақ ауылдағы дүкендердің бәрі – жекеменшік әрі оларға кірістің көп бөлігі ішімдік сатудан түседі. Сондықтан "өзіне жау тауып алғаны болмаса", бұл әрекетінен онша тұщымды нәтиже шықпаған.

Ауылға ішімдік әкелуге шектеу салуға тырысып жүрмін. Өзім арақты он жыл бұрын қойғанмын. Арақты шектеудің кесірі өзіме де тиіп жатыр – достарым азайып барады

- Жұртты сенбілікке шығарып, ауылдағы тротуарларды өзім жасадым. Тақтайларын ғана әкеп берді. Бірақ халықты сенбілікке шығару қиын, бәрі "ақша төле" деп шыға келеді. Оған ақша жоқ қой. Сондықтан жұртқа "мұны өзіміз үшін жасап жатырмыз, үйіңде бірдеңе жасасаң, әкеңнен ақысын сұрамайсың ғой" деп түсіндіремін. Араққа салынып кеткендер де бар. Ауылды басқарғаныма төрт ай болды, ішімдік әкелуге шектеу салуға тырысып жүрмін. Өзім арақты он жыл бұрын қойғанмын. Арақты шектеудің кесірі өзіме де тиіп жатыр – достарым азайып барады. Бірақ енді алған бетімнен қайтпаймын. Қиын болса да енді шыдау керек. Әйтеуір бір жақсысы, ауылда есірткі жоқ, - дейді Федор Кыдымаев.

Ол ауылды жердегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қалалықтар қайран қалатынын айтады.

– Бұл жақта жұмыссыз да күн көре аламыз. Қалада тұратындар «жұмыссыз қалай күн көреді, қалай жаяу жүреді" деп біздің өмірімізді көріп шошиды. Ал шындығында, біз нағыз аңшымыз ғой. Күніне бәленбай километр жер жаяу жүре аламыз, оған жаттығып алғанбыз. Ілгеріде Шерегешке де жас-кәріміз жаяу-жалпы баратынбыз – таңертең шықсақ, кешке жақын сол жақта болатынбыз, - дейді ол.

Сұхбаттасымыз кейінгі жылдары айыппұл салу көбейгенін айтып шағынды.

Қару, балық аулайтын ау ұстағаның үшін, тайгаға кіргенің, заңсыз отын кескенің үшін кез-келген мезетте келіп, айыппұл салып кетуі мүмкін. Қит етсе айыпұл салады

– Бұрын бірдеңе егу үшін айналамыздағы тауды өртеп, сол жерді жыртатынбыз. Қазір ұлттық бақтың жері болғандықтан, жыртуға болмайды. Картопты ауылда егеміз, ал бұрын тайганың ішінде өсіретінбіз. Мына қандық гүл (Қызыл кітапқа енгізілген гүл. – Азаттық) заңға "бағынбай" өсіп тұр. Оны таптауға болмайды. Бақшамның жартысы кенттің территориясында, ал қандық гүл өскен мына жартысы ұлттық парктің жерінде тұр. Ал біз заңды да, өзімізге тиесілі жеңілдіктерді де білмейміз, елден бөлек өмір сүріп жатырмыз. Қару, балық аулайтын ау ұстағаның үшін, тайгаға кіргенің, заңсыз отын кескенің үшін кез-келген мезетте келіп, айыппұл салып кетуі мүмкін. Қит етсе айыпұл салады, - дейді Федор Кыдымаев.

Усть-Анзас ауылының тұрғындары.
Усть-Анзас ауылының тұрғындары.

"Ресей Федерациясының саны аз байырғы халықтарының құқығын қорғауға берілетін кепілдіктер туралы" федералдық заңда "ежелден ата-бабалары мекендеген территорияларда тұратын әрі саны 50 мың адамнан аспайтын байырғы халықтар түрлі санаттағы жерлерді дәстүрлі шаруашылық жүргізіп, дәстүрлі кәсіпшілікпен айналысу үшін тегін пайдалана алады" деп жазылған.

Кемеров облысы территориясында жүргізілген санаққа сәйкес, шорлардың саны 1897 жылы – 11674 адам, 1926 жылы – 12600, 1959 жылы – 14900, 1970 жылы – 16033, 1989 жылы – 12585, 2010 жылы –12888 адам болған.

Мұнда тұратын орыс та: "Мен де байырғы тұрғынмын, осында туып-өстім" дейді. Орыс пен шордың айырмасы қандай сонда?

- Жеңілдік алу құқығы бар байырғы тұрғын мәртебесіне ие болу үшін құжаттар өткізуің керек. Ал туған үйіміз тұрған жерді заңдастыра алмай жүргенде қайдағы жеңілдік. Сондықтан бұл жақта тұратын адамдар отынға деп ағаш кесе алмайды, шөп шаба алмайды, аң аулай алмайды. Ауылдағы күнкөріске қажет нәрсенің бәрі заңдастырылуы тиіс. Бірақ оны істеу оңай шаруа емес, ол үшін кадастр бөліміндегі инженерлерді ертіп әкеліп, жеріңді өлшетуің, сосын құжаттарды апарып өткізуің керек. Ал жұрттың көбінде ақша, жұмыс жоқ. Сондықтан кейде ұрлықпен айналысады. Жуырда үйімді өзіміздің адамдар тонап кетті. Аудан орталығындағы милицияға оларды енді өз есебімнен апаруым керек. Мысалы, мұнда тұратын орыс та "Мен де байырғы тұрғынмын, осында туып-өстім" дейді. Орыс пен шордың айырмасы қандай сонда? Немесе ағалы-інілі екі шор жігітті алайық. Біреуі осында тұрса да, үйінің құжаттарын ресімдей алмай жүр. Ал екіншісі қалада, пәтерде тұрады. Екеуі де саны аз байырғы халықтың өкілі, бірақ жеңілдікті пайдалана алмайды. Бізде жеңілдік адамға тіркелген орны бойынша ғана беріледі. Ал бұрын – бесінші графа болған кезде біз бірден ұлтым - шор деп жазатынбыз, - дейді Федор Кыдымаев.

Усть-Анзас ауылындағы шорлар туралы деректі фильм (орысша):

Ауыл тұрғындарының айтуынша, айыппұлды өзгелерге сабақ болсын деп салады. Мысалы, енді самырсынды кесуге болмайтынын жұрттың бәрі біледі. Усть-Анзас тұрғындарының айтуынша, жүздеген мың рубль айыппұл салғаннан кейін жергілікті тұрғындардың бірі төлей алмаймын деп уайымдап асылып өлген. Ал шор халқында қайтыс болған адамды самырсыннан қиылған астауда жерлейтін дәстүр бар.

- Бұрын шорлар табытты самырсын қарағайдан ойып жасайтын. Ал қазір тақтай да, қарағай да жоқ. Сонда қайтыс болған адамды қалай жерлейміз? – дейді Федор Кыдымаев.

Саны аз байырғы халық ретінде бізге көп жеңілдік қарастырылуы тиіс. Бірақ біз құқығымызды мүлде білмейміз.

Ұлттық бақ инспекторы Аполлон Кискоровтың өзі де Усть-Анзаста тұрады, ұлты – шор, халықтың мұқтаждығын жақсы түсінеді. Бірақ оның әкесі және әйелімен ғана сөйлесудің сәті түсті. Усть-Анзаста Кискоровтар әулеті баяғыдан тұрады.

- Саны аз байырғы халық ретінде бізге көп жеңілдік қарастырылуы тиіс, - дейді инспектордың баласы Вячеслав Кискоров. – Бірақ біз құқығымызды мүлде білмейміз. Мысалы ол туралы қай жерде, қай кітапта жазылғанын білмеймін. Балыққа ау салғаным үшін маған да бір рет айыппұл салған.

- Қазір ауылда тұратын жастар ана тілін үйренгісі келе ме, әлде тілді көбінесе осында арнайы келетін лингвист мамандар зерттей ме?

- Көбінесе лингвист мамандар айналысады. Кентте тілді үйренгісі келетіндер жоқ. Бірақ бұған адамдардың өздері кінәлі. Алина деген қызым шор тілін жап-жақсы біледі, мерекелерде ән айтады, - дейді Вячеслав Кискоровтың келіні Наталья.

Шор тіліндегі інжіл.
Шор тіліндегі інжіл.

- Кішкентай балаларыңызды интернатқа беруге үйреніп алған шығарсыздар? (Натальяның төрт баласы бар, қазір екеуі интернатта жатып, оқиды - Азаттық).

- Бұған үйрену мүмкін емес. Балаларды жіберген кезде жылап аламыз. Бірақ жиі барып тұрамыз. Балаларымның бәрі интернатта жатып оқыды, үлкен ұлым бірінші сыныпқа Усть-Анзаста мектеп жабылып қалған кезде барды, - дейді ол.

Наталья шор тіліндегі әліппені оқып берді: "құмырсқа – қымысқаш, көбелек – қонақ, сона – оос, шыбын – падат, бақа – пага, кесіртке – келескен, жылан – чылан".

- Кітапханада тұрған мына кітаптарды ешкім оқымайды. Мысалы, мынау шор тілінде шыққан інжіл (Евангелие) кітабы. Бәлкім, жұрт үйлерінде оқитын шығар, ал бұл жерден әлі бір рет те алған емес. Дәл осындай інжіл кітабы үйімде де бар, бірақ көп сөздерін түсінбеймін, - дейді кітапханашы.

Кизеке ауылының тұрғыны Зоя Топакова.
Кизеке ауылының тұрғыны Зоя Топакова.

Ал Зоя Егоровна Топакова көбінесе шор тілінде сөйлейді екен. Ол кісі көрші Кизеке ауылында (Усть-Анзастан төтесінен төрт километр жерде) тұрады. Ол жаққа атпен асықпай жүргенде бір сағатта жетуге болады. Оны Усть-Анзасқа немересі Вячеслав ертіп әкеліпті. Зоя Егоровна сосын ауруханаға қаралу үшін аудан орталығына баруы тиіс.

– Мен тіпті бірінші сыныпты да бітірген жоқпын. 1941 жылы әкем соғысқа кетті, ішерге ас, киерге киім болған жоқ, соғыстың кесірінен оқи алмай, сол күйі сауатсыз болып қалдық қой. Әйтеуір шешем асырап, жеткізді, - дейді Зоя Топакова.

Усть-Анзас ауылынан 60 километр жерде қазіргі заманға лайық етіп жабдықталған тау шаңғысы шипажайы бар, ал мұндағы тұрмыс әлі күнге шейін осыдан 100, 200 жыл бұрынғыдай – жол жоқ, жұрт қорасындағы малы мен бақшасындағы өнімін азық етеді, тамақты пеш жағып пісіреді... Тек шор тілінде сөйлейтін адамдар азайып барады.

("Сибирь.Реалии" сайтының тілшісі Юлия Корневаның мақаласы орысшадан ықшамдалып аударылды.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG