Accessibility links

Ресей неге ИМ қаупін зорайтып көрсетеді?


"Жунуд әл-Шам" тобының басшысы әл-Шишани (Мурад Маргошвили). (Көрнекі сурет)
"Жунуд әл-Шам" тобының басшысы әл-Шишани (Мурад Маргошвили). (Көрнекі сурет)

Өткен апта соңында «Ресейден келген әскер Сирияның Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Латакия аймағындағы әскери әуежайды кеңейтіп жатыр» деген ақпарат тарады.

Ресей әскері Латакия маңына шоғырланып жатыр деген ақпараттар тарағалы да біраз болды.

Бұдан екі апта бұрын Ресейдің қауіпсіздік күштеріне қатысы бар деген Life News сайты қоғамдық пікірді алдын-ала дайындағандай әсер қалдыратын материал жариялады.

Ол мақалада «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының Латакияға қаншалықты қатерлі екені айтылған.

Ресейлік оқырмандарға эмоциямен тіл қатқан автор Латакиядағы «террормен күресті» Ресейдің Солтүстік Кавказдағы «ислам фундаменталистеріне қарсы соғысының заңды жалғасы» деп түсіндіруге тырысқан.

ШЕШЕНДЕРДІҢ ИМ-ДЕГІ РӨЛІ ҚАНДАЙ?

Life News «ИМ [Ресейдің Солтүстік] Кавказ аймағындағы республикаларының тұрғындарын Латакияға жинады» деп жазды.

«Олардың арасында шешен соғыстары кезінде Ресей армиясына қарсы ұрысқа қатысып, кейін шетелге қашып кеткен содырлар да бар. Латакиядағы операцияларды жүзеге асыруда олардың тәжірибесі көп кәдеге асып жатыр» дейді Life News.

Латакиядағы әскери әуежайға қонған Ресей ұшағы. Сирия, 12 қыркүйек 2015 жыл.
Латакиядағы әскери әуежайға қонған Ресей ұшағы. Сирия, 12 қыркүйек 2015 жыл.

Life News-тің оқырманын өз тұжырымына иландыру мақсатында шынайы ақпараттың өңін айналдырып немесе тым әсірелеп беретіні байқалады.

Шешен жасақтарынан құралған бірнеше топтың Латакия ормандарында жасырынып жүргені рас (Life News бір ғана топ туралы айтады). Сол топтардың ішінде үшеуін Солтүстік Кавказда Ресей армиясына қарсы соғысқандар басқарады.

Сирияда жүрген солтүстіккавказдықтар Латакияны «Сирияның Кавказы» атағанды ұнатады. «Біз мұнда үйімізде жүргендейміз, себебі мұнда орманға немесе тау жықпылдарына жасырына аламыз» деп әзілдейді олар.

ИМ-ГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ КАВКАЗДЫҚТАР

Алайда Сирияда жүрген шешен топтарының ИМ-ге қатысы жоқ.
Латакия тауларында тығылып жатқан шешендер басқаратын топтардың ішіндегі ең ірілері - «Ажнад әл-Кавказ» (Кавказ сарбаздары), «Жунуд әл-Шам» (Сирия солдаттары) және бұлардан әлдеқайда кіші «Тархан Жамағаты» тобы.

«Ажнад әл-Кавказ» тобын Абдул-Хаким Шишани (Хамзат Ажиев) басқарады. Ол Шешенстан астанасы Грозныйдың солтүстік-шығысындағы Пригородное ауылынан шыққан деген дерек бар.

Ажиев Солтүстік Кавказда Ресей әскеріне қарсы соғыста сол қолының бірнеше саусағынан айырылып, қатты жарақаттанған соң Түркия арқылы Сирияға өтіп кеткен.

Ажиев тобының медиа-белсендісі жыл басында Азаттыққа берген сұхбатында Ажиевтің «Кавказ әмірлігі» тобына қызмет етуге ант бермегенін, бірақ егер Шешенстанға қайтар күн туса, олармен бірге соғысуға әзір екенін айтқан.

«Жунуд әл-Шам» тобын Грузияның Панкиси шатқалынан шыққан шешендердің тәжірибелі әскери қолбасшысы Муслим Шишани (Мурад Маргошвили) басқарады. Маргошвили Шешенстандағы араб жасақтарының қатарында соғысқан.

Тархан Газиев (оң жақта) деп жарияланған сурет.
Тархан Газиев (оң жақта) деп жарияланған сурет.

«Тархан жамағаты» - Шешенстаннан келген содыр Тархан Газиевке бағынышты шағын ғана топ.

Бұл үшеуі де ИМ-ге қарсы фракциялар болып саналатын «Әл-Қаиданың» Сириядағы жақтастары «Жабхат әл-Нусра» және «Ахрар әл-Шам» топтарымен бірлесіп, Сирия президенті Башар Асад әскеріне қарсы соғысып жатыр.

ЛАТАКИЯНЫ ИМ-МЕН ҚОРҚЫТУ

Life News Мәскеудің Сириядағы кикілжіңге қатысты ресми ұстанымын қуаттап, «ИМ Латакияға үлкен қатер төндіріп тұр» дегенді жиі қайталайды.

Олардың тұжырымы бойынша, «Башар Асад сыртқы жаулар қаржыландырып отырған экстремистік топтарға қарсы соғысып жатыр».

«ИМ бастаған бұл топтарға Сирия армиясы ғана төтеп бере алады». Мәскеу ұстанған қағида – осы.

Қыркүйектің 13-і күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «ИМ-ге қарсы соғыстан Сирия армиясын шеттетіп тастау – ақылға сыйымсыз әрекет» деді.

АСАД ПЕН КРЕМЛЬ ҮРЕЙІ

Life News-тің өңін айналдырған тұжырымдарынан Мәскеудің не себептен Асад режиміне соншалық жаны аши қалғанын түсінуге болады.

Life News сарапшылары «Латакиядағы тауларды бақылау – терроршылардың басты мақсаты емес» деп жазады.

Оның орнына шешендер бастаған топтар Латакияға дендей еніп, одан әрі қарай Идлиб және Хама аймақтарын басып алуды көздеп отыр-мыс.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Латакия аймағындағы шешендердің үш тобы да бұл өңірге орныққалы бір жылдың жүзі болды. Мұның алдында олар Идлибтегі ұрыстарға қатысып келген.

Мұндағы жалғыз ақиқат – Идлибтегі экстремистік топтар керісінше Латакияға қарай лап қоюы мүмкін. Асадтың үрейін ұшырып отырған - осы жайт. Бұдан Мәскеу де қорқып отыр.

Сирия президенті Башар Асад пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 19 желтоқсан 2006 жыл.
Сирия президенті Башар Асад пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 19 желтоқсан 2006 жыл.

Үкімет жақтастарының негізгі бекінісіне айналған Латакия – Сирия үкіметіндегі көп лауазымды тұлғаның, соның ішінде Башар Асадтың туған жері. Мұнда кішігірім ұрыстар болғанымен, бұл аймақ үкімет жасақтары үшін ең қауіпсіз орын саналып келген. Енді бұл жағдай өзгеріп жатыр.

Наурыз айында Идлиб қаласын басып алған «Нурса» тобы (олардың арасында шешен топтары да бар) Латакияға қарай жақындап келеді. Сәуір айында олар Латакия мен Алеппо қалаларының ортасындағы күре жолда тұрған Жиср әл-Шугорды жаулап алған.

Қазіргі уақытта экстремистік топтар Латакия, Хама және Идлиб аймақтарының ортасындағы стратегиялық маңызды жер – әл-Габ жазығына қызығып отыр.

Егер экстремистік топтар әл-Габ жазығын басып алса, Асад режиміне үлкен қауіп төнеді. Сирия президентінің туған жері – Латакиядан шегіне алмасы анық. Мұны Ресей де жақсы түсініп отыр.

Ресейге Латакия аймағына әскери күштерін жұмылдырмастан бұрын Life News сияқты Кремльге жақын ақпарат құралдары көмегімен «шешен содырлары және ИМ қаупі» туралы үрейлі әңгіме таратып, қоғамдық пікірді әзірлеп алған ыңғайлы. Ал шындығында, Асад режиміне бұл аймақта ИМ-нен үлкен қауіп төніп тұрған жоқ.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG