Accessibility links

"Беби-бокс" жобасына қауіп төніп тұр


Қоғамдық ұйым өкілі «беби-боксті» көрсетіп тұр. Ресей, Санкт-Петербург, 31 қазан 2012 жыл.
Қоғамдық ұйым өкілі «беби-боксті» көрсетіп тұр. Ресей, Санкт-Петербург, 31 қазан 2012 жыл.

Ресейдегі әлеуметтік консерваторлар "беби-бокстарға" (баласынан бас тартқан аналарға жасырын түрде сәбилерін қалдыруға құқық беретін жәшік) тыйым салу керек дейді.

Пермь қаласындағы «Үміт бесігі» (Колыбель надежды) қайырымдылық қорының директоры Елена Котова консервативтік науқан туралы айтқанда қынжылысын жасыра алмайды.

Ауруханаларға орнатылған жәшіктерге баласын өсіргісі келмеген әйелдер аты-жөнін көрсетпей нәрестені қалдырып кетуге заңмен рұқсат берілген еді. Котованың пікірінше, жобаны жабу тастанды немесе шарасыздан өлтірілген балалардың көбеюіне ықпал етеді.

Ресей "беби-боксты" заңды түрде бекітті, ал қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама халықтың көбі оларды қолдайтынын көрсетті. Өткен жылы ресейлік депутаттар бес жыл бұрын басталған жобаны дамыту керек деп елдің 20 шақты аймағына қойылған беби-бокстарға қатысты заңды күшейтпек болған еді.

Бірақ одан соң бұл жобаға қарсы заң әзірлене бастады, оны қолдаған депутаттар мен шенеуніктер "беби-бокстарды" алып тастау керек дейді. Котова қазір жобаның қыспақта тұрғанын айтады.

«ТЕРРОР ЖАСАУ ҚАУПІ БАР»

«Соңғы 24 айда тексерістен көз ашпадық, прокурор, бас прокурор, әділет министрлігі – барлығы келіп тексерді. Тіпті осы жобаны ұнатқан достарымыз теріс әрекеттерден шаршай бастады. Мемлекетте одан басқа мәселе жоқ сияқты!» дейді Азаттыққа сұхбат берген Котова.

Маусым айында консерватор әрі күрескер депутат Елена Мизулина Ресей думасына "беби-бокстарға" мүлдем тыйым салу керек деген заң жобасын ұсынды. Мизулинаның пікірінше бұндай жәшіктер баласынан бас тартуды ойлаған аналарды жаман ойын жүзеге асыруға ынталандырады.

Ресей депутаты Елена Мизулина.
Ресей депутаты Елена Мизулина.

Одан бөлек, «жаман ниетті біреулер баланы ата-анасынан ұрлап алып, жәшікке салып кетуі мүмкін». Мизулина "беби-боксты" қолданғандарға 5 миллион рубль (80 мың доллар) айыппұл салу керек немесе 90 күн ішінде бұл жобаның қызметін тоқтату керек деп мәлімдеді.

Қазанның 10-ы күні үкімет Мизулина ұсынған заң жобасының тым қатал екенін айтты, оны «жан-жақты қарау» керек десті, бірақ жақында үкімет мүшелері "беби-бокстарды" тағы сынай бастады.

Қазанның 29-ы күні балаларға медициналық көмек көрсету және әйелдерді босандыру қызметі департаменті директорының орынбасары Олег Филиппов сәбилер жәшігін «террорлық қауіп төндіретін құрал» ретінде сипаттады. Филипповтің айтуынша, жәшіктер ресми түрде лицензияланбаған, сондықтан да «қауіпсіздігіне кепілдік жоқ». «Жәшікті пайдаланатын адамдардың аты-жөнінің жасырын болуы, жағдайды бақылай алмау террорлық қауіпті күшейтеді» дейді Филиппов.

«ТАСТАНДЫ СӘБИЛЕР АРБАСЫ»

Желтоқсанның 1-і күні денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова беби-бокс жобасын «балалар қап-қараңғы жерде қалады, оларды алуға міндетті қызметкер жылдам әрекет етпейді» деп сынады. Котова оның сөзінің жалған екенін айтады, «жәшіктің ішінде жарық жанып тұрады және қызметкерлер 1,5 минут ішінде келеді».

"Беби-бокстарды" қолдану ортағасырдан басталған, ол кезде бұл «тастандыларға арналған арбалар» деп аталатын. 19-ғасырда оларды қолдануды тоқтатты, 20-ғасырдың ортасында оның заманауи нұсқасы шықты. Мұндай құралдарды еуропалық елдердің біразы және басқа мемлекеттер кеңінен қолданады. Бірақ оларда да "беби-боксқа" қатысты дау болып тұрады.

БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитеті "беби-бокс" бағдарламасын тез аяқтау керек деген ұсыныс жасады, аталған мемлекеттер оның баламасын табуға тырысты. Азаттыққа берген сұхбатында ұйым өкілі комитет сарапшысының «балалардан бас тартуға, соның ішінде отбасын құруды жоспарлау және жоспарланбаған жүктілік туралы жан-жақты кеңес беріп, себептерді жою қажеттігін» айтты деді.

Ресейдегі сәбилер жәшігін қолдаушылар қайғылы статистика туралы айтады. 2015 жылы 98 сәбиді ата-анасы өлтірген, 4 мыңнан астам баладан бас тартқан. 1990 жылдардың соңында Владимир Путин билікке келіп, мұнай бағасы өсіп, елдің жағдайы жақсарған кезде бала өлтіру деректері азайды.

2011 жылы алғашқы "беби-бокстар" қойылды, «Үміт бесігі» қоры дерегі бойынша оны 60 адам пайдаланған. Котова «жәшік қойылған 16 аймақтан 60 адамның өмірі құтқарылды» дейді. Ата-аналарға ойлануға алты ай беріледі, «сол уақыт ішінде 9 ана ойынан айнып, баласын алып кеткен». Қалған балаларды басқа азаматтар асырап алған.

НАЗАРДЫ БАСҚАҒА АУДАРУ ҮШІН БЕ?

Котованың туған қаласы Перьмде бір жәшік қана орнатылған, 2011 жылдың соңынан бері оған бес сәби түскен. Мемлекет чек талап етіп, қысымды күшейткен соң құрылғыны 2015 жылдың маусымынан 2016 жылдың қыркүйегіне дейін жауып қойыпты.

"Беби-бокс" жабылған соң бір аптадан кейін «Комсомольская правда» газетінің жергілікті бөлімі құрылғыны қайтаруды талап еткен мақала жазды, оған жаңа туған нәресте мәйітінің қоқыстан табылуы себеп болған.

Сауалнама құрылғыны қоғамның барынша қолдайтынын көрсетті. Өткен айда мемлекеттік сауалнама орталығы ВЦИОМ респонденттердің 75 пайызы "беби-бокс" туралы біледі, ал 75 пайызы оны қолдануды құптайды деген дерек ұсынды. ВЦИОМ арнайы бағдарламалар директоры Елена Михайлова «Ресейліктер "беби-бокстарды" жапса, балалар өлімі және жетімдер саны көбейетінін түсінеді» дейді.

Ресейліктер "беби-бокстарды" жапса, балалар өлімі және жетімдер саны көбейетінін түсінеді.

Мизулинаның заңына қарсы онлайн-петицияға 280 мың адам қол қойған. Тыйым салайық деген заңды қолдаушылардың аз болуы түрлі пікірлер туғызды. Мысалы, Znak.Ru сайты қазан айында «бұл - Кремльге кесірін тигізуі мүмкін күрделі саяси мәселеден жұрт назарын басқа жаққа аудару үшін жасалып отырған ақпараттық науқан» дейді.

Мақала авторы журналист Руслан Исмаилов Мизулинаның бастапқы жобасын (мүмкін ол болмаған шығар) үкімет қыркүйектің 28-і күні кері қайтарды дейді.

«Бұл кезде малайзиялық Airlines MH17 ұшағын шығыс Украина үстінен атып түсірген халықаралық қылмыскер туралы ақпарат тараған кезең еді. Депутаттың даулы жобасы халықтың назарын өзіне аударды. «Интернет бетінде «сәбилер енді қоқыста қалатын болды!» деген пікірлер толып кетті» деп жазады журналист.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG