Accessibility links

«Ресей мәдени жағынан да оқшауланып барады»


Зияткерлік меншікті қорғау кеңесі төрағасы Евгений Савостьянов.
Зияткерлік меншікті қорғау кеңесі төрағасы Евгений Савостьянов.

Ресей мәдениет министрінің Украинадағы оқиғаларға қатысты саясатымен келіспеген осы мекеменің алқа мүшесі ашық хат жазып жұмыстан кетті.

Ресей мәдениет министрлігінің зияткерлік меншікті қорғау кеңесі төрағасы Евгений Савостьянов «Ресей мәдени оқшаулану дәуіріне құлдырап барады, өнер иелері Кремль кигізген ноқтамен жүретін болды» дейді.

Оның мәдениет министрлігінен өз еркімен жұмыстан кетуі, министр Владимир Мединскийдің саясатынан «ұялатынын» жариялауы қоғам назарын аударды.

Евгений Савостьянов​ хатында Владимир Мединскийге «Мұндай шешім қабылдауыма сіздің және мәдениет министрлігінің бірқатар өзекті мәселелерге байланысты ұстанған көзқарасы, сіздің ел алдында жасаған мәлімдемелеріңіз бен пікірлеріңіз себеп болды. Бұл сөздеріңіз үшін мен қатты ұялдым. Осы [жұмыстан кету туралы] шешімімді тиісті бұйрықпен рәсімдеп беруіңізді сұраймын» деп жазған.

Жаңа жыл қарсаңында Мәскеуде, "Театр.doc" театрында Украинадағы оқиғаларды баяндайтын «Қарудан да күшті» атты деректі фильм көрсетілуі тиіс болған. Алайда театрға баса-көктеп кірген полицейлер ғимараттың ішінен жарылғыш іздейміз деп біраз дүниені бүлдіріп, компьютерлерді алып кеткен. Фильм көрсетілмей қалған.

Ертеңінде, яғни желтоқсанның 31-і күні театр жетекшісі Елена Греминаны мәдениет министрлігіне шақыртқан. Гремина Facebook парақшасында ол жағдайды: «Маған «Қазір полиция шақырамын, кешегі сізге аз болды ма?» деді. Мен оларға орган қызметкерлерінің театрды талқандап кеткенін айттым, әрі «мәдениет министрлігінің бақылау бөлімі мұндай жағдайларды реттеуге араласып, мәдениет қызметкерлеріне көмектессе керек еді» дедім. Министрлік қызметкерлерінің бірі, яғни [бақылау бөлімі] басшысы маған жанашырлықпен қараса, енді бірі - бастықтың орынбасары дөрекі сөйлеп, қоқан-лоқы көрсетті. Мен тұрдым да кетіп қалдым» деп суреттеді.

Евгений Савостьяновтың айтуынша, осы оқиғадан соң оның шыдамы таусылған.

– Министрлікте мені алқа құрамынан кетуге итермелеген көп оқиғалар болып жатты. Бізге үлкен моральдық жауапкершілік артылатынын өзім де түсіндім. Бұл істер үшін немесе әрекетсіздік үшін жауапкершілікті мойныма алуға міндетті емеспін. "Театр.doc" оқиғасынан соң ешқандай күмән қалмады. Жаңа жылдық демалыстың аяқталғанын күттім де, министрлікке арызымды апарып бердім, - дейді ол.

– Владимир Мединский бұл шешіміңізге қандай да бір реакция білдірді ме?

– Білмеймін. Ол менімен хабарласқан жоқ, біз сөйлеспедік. Оның үстіне, менің ойымша, арызда бәрі нақты жазылған. Тағы не туралы сөйлесуге болады? Бұл оларды басқаша әрекет етуге итермелер, министрлік мәдениет адамдарын қорғай бастайтын шығар деген үмітім бар, бірақ әзірге ешқандай өзгеріс байқалмайды.

Ойыма келе қалған бірінші мысал: Андрей Звягинцевтің «Оскар» сыйлығына ұсынылған «Левиафан» фильміне тыйым салу керек деген әңгімені біреулер шығара бастаған шақта министрлік тағы үнсіз отыр. Үндемеудің орнына олар осы мүмкіндікті пайдаланып, «Бұдан былай ешқандай тыйымға жол бермейміз! Көрмелерге картина қоюға, кинозалдарда фильм көрсетуге, театр сахналарында спектакль қоюға тыйым салуға болмайды!» деген мәлімдеме жасауы тиіс еді.

Жалпы, ол – кәсіби деңгейі жоғары адам. Оны театр, көркем фильм саласының білгір маманы десе де болады... Меніңше, мұндағы басты мәселе – оның жеке көзқарасында.

Ұнамай ма – бармаңыз, көрмеңіз! Бұл – сіздің заңды құқығыңыз. Сіз тіпті қандай да бір фильмді не спектакльді көрсетуге қарсылық білдіріп демонстрация, пикет өткізуге қақылысыз. Бірақ оларды көрсетпей тастамаңыз. Басып кірмеңіз және кедергі жасамаңыз. Алайда ашық әрекет етпесе де, Владимир Мединскийдің өзі мәдениет министрлігі шенеуніктерінің шектен шығуына мүмкіндік беріп отыр деп ойлаймын. Ал бұл шығармашылық адамдарының пікір еркіндігіне әсер етеді.

– Министрдің бұл әрекетін қалай түсіндіресіз? Бұл – кәсіби цинизм бе, әлде кәсіби деңгейдің төмендігі ме?

– Жалпы, ол – кәсіби деңгейі жоғары адам. Оны театр, көркем фильм саласының білгір маманы десе де болады. Өз басым кинематография мәселелері бойынша ол кісімен біраз жұмыс істескенмін. Ол қызықты әрі ақылды әңгімелер айта алады, онысына күмән келтіре алмаймыз. Меніңше, мұндағы басты мәселе – оның жеке көзқарасында. Меніңше оның жеке көзқарасы консервативтік ұстанымына сай қалыптасқан.

Жарайды, консерватор бола берсін, бірақ ол кісінің екінші бір ұстанымы - оның дегенінен тыс жатқан дүниені қолдауға болмайды. Мәселен, министр «Біз «Артдокфест» кинофестиваліне қаржылай қолдау көрсетпейміз, себебі олар белгілі бір көзқарас ұстанады» деген біртүрлі пікір айтты. Виталий Манскойдың қай сөзі министрге ұнамай қалғанын түсінбедім. Сонда не үшін жазалау керек? Идеологиялық ұстанымдарына қарамастан жұрттың бәрі салық төлейді ғой. Неге біреулерді қолдап, енді біреулерін кері ысырады?

please wait

No media source currently available

0:00 0:05:10 0:00
Жүктеп алу

– Мединский алқа құрамынан өзіне қарсы адамдардың кетіп жатқанына қуанады деп ойламайсыз ба? Бұл оның жолын ашып береді ғой. Мүмкін, қала бергеніңіз дұрыс болар ма еді?

– Біріншіден, ол шынымен қуанады деп ойлаймын. Екіншіден, бұл сала – қоғамға жария түрде қызмет істейтін сала. Алқа құрамында қала берсем, таныстарымды кездестіре қалғанда «иә, біз солай істеп жатырмыз» деп ұнжырғамды түсіріп, сол әрекеттерге жауапты адам болып шығар едім.

Министрліктің көптеген жақсы әрі пайдалы жұмыстар атқарып отырғанын да ұмытпауымыз керек. Бірақ бұл мекеменің шығармашылық еркіндігін шектеуге қатысты жасап жатқан әрекеттері мен осы еркіндікті шектеуге қарсы шықпай отырғаны үшін енді мен жауап бермеймін.

– Сіздің болжамыңыз қандай? Министрлік қысымды күшейте бере ме?

– Бұл тұжырымым қате болса екен деп үміттенемін, бірақ, меніңше, қысым күшейген үстіне күшейе береді. Ресей оқшаулану саясатына көбірек бой алдырған сайын бұл мәдени-идеологиялық салаға да әсер ете береді. Өткен ғасырдың 50-60-70-жылдары бұдан өткенбіз. Өзім де кезінде Михаил Сусловтың үкіметінде қызмет еткенмін. Бұл – маған өте таныс жағдай.

Енді біз қазір Андропов қайтыс болардың алдындағы тоқырау заманына қайта кетіп барамыз.

Меніңше, бұл – кері қарай жасалған қадам. Мұндай оқиғалар біздің басымызда 1986 жылдан бері болған емес. Белгілі бір себептермен сол кездердің газеттерін көп оқып жүрмін, сондағы байқағаным - 1987 жылдан бері жарияланған материалдардың мазмұны біртіндеп өзгеріпті. Енді біз қазір Андропов қайтыс болардың алдындағы тоқырау заманына қайта кетіп барамыз.

Яғни қазір «дұрыс» көзқарас деген бар және тыйым салынуы тиіс «қарсы» көзқарас деген бар. Сондықтан біз театрлар мен кинофестивальдерді жабамыз. Біз әлдебір «казактар» мен «православтардың» музейлердегі көрмелерді өткізбей тастауына жағдай жасаймыз. Бұл – алдымен өзін өзі идеологиялық тұрғыдан шектеуге, кейін нағыз цензураға апаратын қысым.

XS
SM
MD
LG