Accessibility links

"Үлкен соғыстың бір эпизоды"


Ресейде блокталған сайттарды ашатын сервистерге тыйым салатын заң күшіне енді.

Ресейде анонимайзерлер мен VPN сервистеріне тыйым салатын заң қарашаның 1-інде күшіне енді. Ол Роскомнадзор тыйым салған сайттарды үш күн бойы жаппайтын анонимайзерлер мен VPN-сервистерді бұғаттауға мүмкіндік береді. Заң бұзғандарды ФСБ мен ІІМ анықтайтын болады.

Жаңа заңда анонимайзерлер Роскомнадзордың (Ресейдің байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық коммуникация саласын қадағалау жөніндегі федералдық қызметі – ред.) арнайы жүйесіне қосылуы әрі оған меншік иесі туралы ақпаратты, жүйеге кіру үшін желілік адресін, ресурсқа кіру үшін логиндері мен парольдерін беруі тиіс деп жазылған. Бұдан бөлек, жаңа заң іздеу жүйелерінің бұғатталған ресурстарға сілтемелер беруіне де тыйым салады. Ресей мемлекеттік думасы қабылдаған заңға президент Владимир Путин 2017 жылғы шілдеде қол қойған.

TOR жобасының ресми белгісі.
TOR жобасының ресми белгісі.

"Роскомсвобода" қоғамдық қозғалысы дерегіне қарағанда, Ресейде жиыны 80 мыңға жуық сайт бұғатталған, оның ішінде торрент-трекерлер, "Каспаров.ру", "Грани.ру" сияқты кейбір тәуелсіз БАҚ-тар және ЛГБТ-сайттар мен наразылар пайдаланатын қосымшалар бар. "Грани.ру" басылымының бас директоры Юлия Березовская Азаттықтың Орыс қызметіне Ресейде қазірдің өзінде бұғатталып тұрған сайттардың жұмысына жаңа заң қалай әсер етуі мүмкін екені жайлы айтып берді.

...сайтымызға кіру амалын біз баяғыда тауып қойғанбыз.

– Ресейлік қолданушылар үшін сайтымызға кіру амалын біз баяғыда тауып қойғанбыз. Қырым аннексиясы қарсаңында, яғни 2014 жылғы наурызда Роскомнадзор бізді бұғаттағаннан кейін сайтымыздың көптеген "айналарын" шығардық. "Гуглдің" онлайн-сервисінде сақталатын әрі бұғатталмайтын "айналарымызды" құрастырып алғанша Роскомнадзор жиыны 700-ден көп "айнамызды" құлыптап тастаған болатын. Енді "айналарымызды" Роскомнадзор өшіре сала алмайды, бұл оларға қиынға әрі қымбатқа түседі. Сондықтан ресейлік қолданушылар сайтымызды цензураны айналып өтетін ешқандай қосымша құралсыз, VPN-технологиясын, анонимайзерсіз, браузердің функциялық мүмкіндігін көбейтусіз, TOR браузерінсіз-ақ оқи алады. Олар сайтымызға кәдімгі режимнен, кәдімгі браузерден кіре алады. Бұл жағынан алғанда оларды жеңдік. Оқырманымыз көп әлеуметтік желілерде де сайттың дәл осы "айнасына" сілтеме беруге тырысамыз, - дейді Юлия Березовская.

Бірақ басылымның бас директоры жаңа заңды қабылдаудың зардаптары "Грани.ру" сайтына жайсыз тиюі мүмкін деп топшылайды.

...бірақ біздің іздеу трафигімізге кесірі тиіп, көлемі кеміп кетуі мүмкін деп болжап отырмыз.

– Жаңа заң талаптарын орындау барынша қиынға әрі қымбатқа түсетін болады, сондықтан ол бірден орындала салмайды, бірақ біздің іздеу трафигімізге кесірі тиіп, көлемі кеміп кетуі мүмкін деп болжап отырмыз. Өйткені тыйым салынған сайттарға кіруді шектеу талабын іздеу жүйелері де орындауға мәжбүр болады, бізге осы жағы қиын тиеді. Біздің сайтқа мына заң күшіне енгендіктен бұғатталуы мүмкін немесе Роскомнадзордың талаптарына көнетін анонимайзерлер арқылы кіріп жүрген оқырмандарымыздың әлдебір бөлігін жоғалтамыз. Олардың бәрі бас шұлғып келісе қоймайтынын білеміз, бірақ біреулер ынтымақтасуға әзір екенін мәлімдеп үлгерді, сондықтан жағдайды, оның ішінде Батыс сервистерінің қайсылары мұндай коллаборационизмге келісетінін жіті бақылайтын боламыз, - деп түсіндіреді Юлия Березовская.

"Ведомости" газетінің дерегінше, анонимайзерлерге тыйым салатын заң қабылданар қарсаңында Роскомнадзор ірі интернет-компаниялармен бірлесіп әрекет етудің жаңа жүйесін сынақтан өткізген. Ведомство қызметкерлері нарық субъктілерімен кездесіп, заңның жаңа нормалары мен талаптарын, оларды түрлі сервистерге қатысты қолдану ерекшеліктерін түсіндірген. БАҚ дерегінше, әлгі кездесуге "Лаборатория Касперского" акционерлік қоғамы, Opera Software AS, Mail.Ru және "Яндекс" компаниялары қатысқан. Rambler, "Спутник", cameleo.ru және 2ip.ru, 2ip.io анонимайзерлері сынаққа қатысуға әзір екенін жариялаған. Бұл сервистердің жалпы аудиториясы - 10 миллиондай адам. Бұл "Грани.ру" сайты жұмысына әсер ете ме деген сұраққа Юлия Березовская жауап беруге әзір емес.

Біз үшін ақпаратқа еркін қол жеткізу үшін мемлекетпен жүргізіп жатқан соғыстың келесі эпизоды басталады.

– Қолданушыларымыздың бір бөлігі біздің сайтқа және бұғатталған ресурстарға шынымен Opera браузерінің көмегімен кіреді. Бірақ бізде олардың нақты саны туралы дерек жоқ. Біз үшін ақпаратқа еркін қол жеткізу үшін мемлекетпен жүргізіп жатқан соғыстың келесі эпизоды басталады. Әрине, түбінде жұрт VPN-ді пайдаланудың ұтымдылығын түсінетіні де маңызды. VPN-технологияға тыйым салу мүмкін емес, TOR браузерге тыйым салу мүмкін емес, бұл іске аспайтын әурешілік, сондықтан бұл соғыстың сәтсіздікке ұшырайтыны алдын ала мәлім, бірақ мына кезекті шабуыл ойыншылардың бәріне әрине үлкен зиян келтіреді. Ресейлік интернет-индустрия үшін мұның зияны орасан зор болады, - деп топшылайды Березовская.

Оның сөзінше, мына шектеулер қаржылай соққы болып та тиюі мүмкін, өйткені қымбат жабдықтар сатып алуға тура келеді, ал бұған провайдерлердің ақшасы жоқ.

...олар трафикті терең зерттеу үшін провайдерлердің бәрін құрал-жабдық орнатуға міндеттегісі келеді. Бұған қыруар ақша керек...

– Мына заңның келесі қадамы - олар трафикті терең зерттеу үшін провайдерлердің бәрін құрал-жабдық орнатуға міндеттегісі келеді. Бұған қыруар ақша керек, ұсақ және орташа провайдерлер түгілі, тіпті ірі провайдерлердің өзінде ондай жабдықтар жоқ. Бұған миллиардтаған доллар керек. Яғни олар көздеген мақсаттарына жете алмайды, бірақ пасық әрекеттер көп болады, әлдебір нақты компанияларға қысым жасалады, өзгелерге сабақ болу үшін көптеген істер қозғайтын болады, әлдебір интернет-сервистерді бұғаттап тастайды, - дейді Юлия Березовская.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы жаңа заңды айыптап, оны "онлайн-еркіндікке жасалған шабуыл " деп атады. Amnesty International ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Денис Кривошеевтің сөзінше, Ресей билігі сынға төзбейді. Бұл олардың "бұлыңғыр етіп жазылған экстремизмге қарсы заңдарға" сілтеп билікті сынауға бейім сайттарды бұғаттап, әлеуметтік желі қолданушыларын қудалауға даяр екенінен көрінеді. Кривошеев анонимайзерлер мен VPN технологияға тыйым салуды "мына масқара кампанияның кезекті қадамы" деп атайды.

Шектеуге болатын және шектелгені жөн ақпараттар болады, бірақ Ресейде көбінесе билікті сынаған ақпарат шектеледі.

– Қазіргі Ресей жағдайында пікір білдіргені үшін түрмеге түсуі мүмкін кезде мұндай қитұрқы заңдар репрессивті заңдар болып саналады. Шектеуге болатын және шектелгені жөн ақпараттар болады, бірақ Ресейде көбінесе билікті сынаған ақпарат шектеледі. Меніңше, бұл соңғы заң емес, сіздер мен біздер мұндай заңдардың әлі талайын көреміз. Мұның бәрі ақпарат еркіндігі саласын тарылтып, шектейді, сондықтан ақыры интернеттің ресейлік секторын оқшаулауға ұласатын шығар, - деп топшылайды Кривошеев.

Бірақ ол ресейлік пайдаланушылардың қажет ақпаратты іздеу амалдарын таба алатынына сенімді.

Техника жетістіктері мына шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік береді.

– Техника жетістіктері мына шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік береді. Белгілі бір сайттар мен оқырмандар бірін-бірі жоғалтып алады, әрине, бірақ меніңше, тәуелсіз ақпарат еркіндігіне үлкен мән беретін адамдар шектеулерді айналып өту жолын бәрібір табады. Ал мына шектеулер адамдардың өмірін тағы қиындататыны рас. Мұның бәрі Ресейдің қазіргі саясатының бағытын, яғни сөз еркіндігін, ақпаратты тарату еркіндігін шектеуді, тәуелсіз басылымдар мен ақпарат тарату құралдарының аудиториясын азайта беру саясатын жалғастырып отырғанын көрсетеді. Бірақ ондай аудиторияның онсыз да онша көп емес еді ғой, - дейді Amnesty International ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Денис Кривошеев.

Freedom House құқық қорғау ұйымы интернет еркіндігі жөніндегі 2016 жылғы есебінде Ресей "интернеті еркін емес" 20 елдің қатарында болған. Биыл шілдеде Human Rights Watch ұйымының құқық қорғаушылары да Ресейде интернетті пайдаланушыларға қысым жасалып жатыр деп мәлімдеген.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Любовь Чижованың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG