Accessibility links

Кремль бұрмалаған тарихи төрт факт


Германия сыртқы істер министрі Риббентроп (оң жақтан екінші) пен Сталин (сол жақ шетте) қол алысып тұр.
Германия сыртқы істер министрі Риббентроп (оң жақтан екінші) пен Сталин (сол жақ шетте) қол алысып тұр.

Чехословакиядағы 1968 жылғы оқиға жайлы жаңа ресейлік фильм «Кремль идеологиясын енгізіп, өзінің қитұрқы әрекеттері мен саясатын ақтау үшін тарихи фактілерді бұрмалап отыр» деген айыптауларға ұласты.

ЧЕХОСЛОВАКИЯҒА ӘСКЕР КІРГІЗУ ЖАЙЫ

1968 жылы СССР-дің басшылығымен Чехословакияға әскер кіргізуді дәріптеген ресейлік фильм чехтар мен словактардың ашу-ызасын туғызды. Мамырдың 23-інде Ресейдің мемлекеттік телеарнасы көрсеткен «Варшава келісімі. Құпиясы ашылған парақтар» фильмінде азаматтарды НАТО-дан төнген қауіптен қорғау үшін Варшава келісімі елдері әскерлері Чехословакияға жіберілді деп көрсетіп, «Прага көктемі» қозғалысын қарудың күшімен басып-жаншуды ақтауға тырысқан.

Чехияның сыртқы істер министрі Любомир Заоралек Ресейді тарихты «өрескел бұрмалады» деп айыптап, наразылық білдіру үшін Ресей елшісін шақырды. Кремльге достық ниетте деп саналатын президент Милош Земанның баспасөз хатшысының хабарлауынша, президент фильмді «Ресейдің өтірікке толы үгіт-насихаты» деп атаған.

Словакияның сыртқы істер министрі Ресейді «тарихты қайта жазып, біздің тарихымыздың қаралы тарауы туралы тарихи шындықты бұрмалағысы келеді» деп айыптады.

МОЛОТОВ-РИББЕНТРОП ПАКТІСІ

Былтыр Ресей президенті Владимир Путин СССР мен нацистік Германияның өзара соғыс ашпау туралы әрі Шығыс Еуропаны бөліске салуға ұласқан 1939 жылғы пактісінен жаман еш нәрсе көрмейтінін айтып, Еуропа жұртын қайран қалдырған.

Владимир Путин Мәскеуде тарихшылармен кездесуінде: «Совет Одағы соғысқысы келмесе, мұның несі айып? Ол кезде сыртқы саясат әдістері осындай болғанын іргелі зерттеулер көрсетуі тиіс» деп мәлімдеген.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель. Мәскеу, 10 мамыр 2015 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель. Мәскеу, 10 мамыр 2015 жыл.

Өткен айда әлгі пактіні тағы қорғаштай сөйлеген Владимир Путин Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесу қорытындысына арналған брифингте СССР бұл келісімге совет диктаторы Иосиф Сталин Батыс елдерімен антигитлерлік коалиция құруға «бірнеше мәрте тырысқанына» қарамастан, «гитлерлік Германиямен шайқасуға жалғыз қалдырғанын түсінген кезде» қол қойды деп мәлімдеді.

Ангела Меркель бұған жауап ретінде Молотов-Риббентроп келісіміне қосымша Сталин мен Гитлердің Шығыс Еуропаны ықпал ету аймақтарына бөліп алу туралы келіскен құпия хаттама барын айтты. Бұл келісім Гитлердің 1939 жылы Польшаға, ал кейінгі апталарда Совет Одағының Шығыс Польшаға басқыншылық жасауы мен 1940 жылы Балтық жағалауы елдерін оккупациялап алуына негіз болған.

«ГИТЛЕР 1939 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖАҚСЫ АДАМ БОЛҒАН»

Былтыр Ресейдің «Украинаны неонацистер жаулап алды» деген байбаламы қызып тұрған тұста кремльшіл ресейлік газет Гитлер Совет Одағына қарсы соғыс ашқанға дейін шын мәнінде «жақсы адам» болған» деген сарында мақала жариялап, жұртты қайран қалдырған.

Гитлердің Чехословакияның Судет облысын аннексиялауы мен Путиннің Қырымды аннексиялауы арасындағы ұқсастықты терістеген «Известия» газетіндегі мақалада «1939 жылға дейінгі Гитлер мен 1939 жылдан кейінгі Гитлерді ажырата білу керек» деп жазылған.

«Демократия және ынтымақтастық институты» ҮЕҰ Нью-Йорк кеңсесі басшысы Андраник Миграня. Ереван, 4 қыркүйек 2014 жыл.
«Демократия және ынтымақтастық институты» ҮЕҰ Нью-Йорк кеңсесі басшысы Андраник Миграня. Ереван, 4 қыркүйек 2014 жыл.

Мақала авторы – 2007 жылы Владимир Путиннің басшылығымен құрылған «Демократия және ынтымақтастық институты» үкіметтік емес ұйымының Нью-Йорк кеңсесі басшысы Андраник Мигранян «бір тамшы қан төкпестен» Германия, Австрия, Судет және Мемельді біріктіргені үшін Гитлерді мақтаған. «... Егер Гитлер мұнымен тоқтағанда жоғары класты саясаткер ретінде өз елінің тарихында аты қалар еді» деп жазады Андраник Мигранян.

Сыншылар Гитлердің 1939 жылға дейін концлагерьлер ашу, «арий нәсілді еместерден» тазарту шаралары, гестапо құру мен 1938 жылғы «Хрусталь түні» қанды бүлігі сияқты жасаған ең сұмдық қылмыстарының кейбірін Андраник Миграняннің есіне салған.

«​ҚЫРЫМ – ОРЫС ӨРКЕНИЕТІНІҢ БЕСІГІ»​

Ресей президенті Владимир Путин Қырымды орыс өркениеті бесігі ретінде сипаттап, украиналық бұл түбекті Ресейдің басып алуын ақтауға көп күш салып келеді. Желтоқсан айында ол халыққа жолдауында «ислам мен иудаизм дінін ұстанатындар үшін Иерусалимдегі Храм тауы қандай қасиетті болса, Ресей үшін Қырым да – орасан зор өркениеттік және қасиетті мәні бар орын» деп мәлімдеді. 10-ғасырда Қырымда шоқындырылғаннан кейін ұлы князь Владимир Киев Русін православие дініне көшірді деп саналады. Бірақ аннексияны ақтаудың бұл логикасы дау туғызады, өйткені Киев Русін шоқындыру Ресей мемлекеті сияқты, Украина мемлекетінің де іргесін қалаған.

Ресей 1753 жылы Қырымды Осман империясынан алғаш тартып алғанға дейін Қара теңіздегі түбекті түрлі халықтар мекендеген. Екі жарым мың жылдай бұрын түбекте грек колониялары болған. Ол жерде Қырымның байырғы халқы саналатын әрі 2014 жылғы аннексиядан кейін қысымға ұшыраған Қырым татарлары да тұрған.

XS
SM
MD
LG