Accessibility links

Ресейдің «антикоррупционер» заңгері АҚШ-тан баспана сұрады


Ресейлік заңгер Андрей Столбунов.
Ресейлік заңгер Андрей Столбунов.

Ресейдегі билік өкілдерін жемқорлыққа қатысты айыптаған заңгер Андрей Столбунов қудалау күшейгендіктен елінен кетіп қалғанын айтады.

Ресейдегі ықпалды шенеуніктерді сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптаған танымал адвокат Андрей Столбунов елінде «ойдан шығарылған айыптың құрбаны» болуы мүмкін екенін айтып, АҚШ-тан саяси баспана сұрады.

Андрей Столбунов өлімші болып соққыға жығылған журналист Михаил Бекетовтің адвокаты болған еді. Тілшінің аяусыз соққыға жығылуы кезінде халықаралық қауымдастықтың да наразылығын тудырған.

ЗАҢГЕРДІҢ ҚАУПІ

Осы жылдың басында АҚШ-тан саяси баспана сұрағанын айтқан Андрей Столбунов Азаттыққа Майамиден телефон арқылы сұхбат берді. «Ресей билігінің жаласымен абақтыға түсем бе деп қауіптендім. Маған ойдан шығарылған айып тағып, ұзақ уақытқа түрмеге қамаулары әбден мүмкін» дейді 41 жастағы адвокат.

Столбуновқа «әріптестерімен бірге астыртын келіссөз жүргізіп, Мәскеу облысының бұрынғы көлік министрі Петр Кацывтан 22 миллион 500 мың доллар бопсалаған» деген айып тағылған. Қыркүйектің 16-сы күні оның үстінен жазылған және Ресей тергеу комитетінің шенеунігі қол қойды деген құжаттың «көшірмесінде» солай көрсетілген.

Азаттық тілшісі көрген бұл «көшірменің» түпнұсқа екенін растау мүмкін болмады. Прокурорлардың айыптау құжатында [Столбуновтың бопсасына ұшыраған] басқа «құрбандардың» қатарында Кацывтың ұлы Денис Кацыв та бар. АҚШ прокурорлары Денис Кацывты «Ресей мемлекеттік қазынасынан күрделі схема арқылы 230 миллион доллар жымқырмақ болды» деп айыптайды. Олардың осы ақшаны иемденіп кетпек болғандарын кезінде Ресей заңгері, марқұм Сергей Магнисткий әшкерелеген еді.

Айыптау құжатына қарағанда, «Справедливость» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Андрей Столбунов «Петр Кацыв зауытты иемдену үшін заңсыздықтар жасады» деп жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылуға тиіс».

Столбунов «Кацывтың ісіне қатысты жүргізген зерттеулерінің дәлелдері барын, ешкімге жала жаппағандарын» айтады. Заңгер зерттеулерін де, одан кейінгі мәлімдемелерін де ұйымның сайтында жариялап тұрды. Адвокат «мақсатымыз Мәскеу облысы шенеуніктерінің қылмысын жарыққа шығару болды» дейді.

Кацыв Мәскеу облысы үкіметі құрамында қызмет еткен. Бұл облыс Ресей Федерациясының бір субъектісі болғанымен, аумағына Мәскеу қаласы кірмейді.

- Ақша бопсалау деген айып тағу үшін біреуден бірдеңе алғаныңды дәлелдейтін айғақтар керек. Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ), ішкі істер министрлігі мен прокурорларға хат жазып, «мынаны тексеріңдер, осындай дәлел бар» дегеніміз үшін ғана бізді «бопсалады» деп айыптауға бола ма? - дейді Андрей Столбунов.

"Магнитский тізіміне" кірген Ресей кәсіпкері Денис Кацыв.
"Магнитский тізіміне" кірген Ресей кәсіпкері Денис Кацыв.

Столбуновтың «сыбайластары» саналған адамдардың кейбірі 2012 жылы Кацыв пен ресейлік банк қожайынынан «ақша бопсалады» деген айыппен сотталды. Мәселен, олардың бірі Дмитрий Барановский 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Столбунов өзін және әріптестерін қудалауды «сыбайлас жемқорлықты зерттегеніміз үшін бізден кек алды» деп түсіндіреді.

БЕКЕТОВТІҢ ІСІ

Столбуновтың ең танымал клиенті журналист және эколог-белсенді Михаил Бекетов болды. Бекетов көп шу тудырған Мәскеу-Петербург тас жолы құрылысындағы «сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдардың қылмыстарын әшкереледім» деп мәлімдеген еді. 2008 жылы Бекетовті туған қаласы Химкиде біреулер өлімші етіп сабап кетті. Миына зақым келген ол жарақатынан толық жазылмаған күйі 2013 жылы сәуірдің 8-і күні қайтыс болды. Оны соққыға жыққандар табылған жоқ.

Бекетов Химки мэрі Владимир Стрельченконың заңсыз әрекеттерін «Химкинская правда» басылымында әшкерелегені үшін «мэрге жала жапты» деп айыпталып, екі жылға түрмеге кесілген. Столбунов үкімге қарсы шағым түсіріп, көз жұмарының алдында сөйлей де алмай қалған мүгедек белсендіге шыққан сот үкімінің күші жойылған еді.

Мүгедек болып қалған Бекетовті 2011 жылы Ресей премьері болған Владимир Путин марапаттаған кезде Столбунов оны сүйеп апарған.

Андрей Столбуновтың (көзілдірік киген) Владимир Путиннің қабылдауына журналист әрі эколог-белсенді Михаил Бекетовті (ортада, костюм киген) апарған кезі. 2012 жыл.
Андрей Столбуновтың (көзілдірік киген) Владимир Путиннің қабылдауына журналист әрі эколог-белсенді Михаил Бекетовті (ортада, костюм киген) апарған кезі. 2012 жыл.

МАГНИТСКИЙ ҮЛГІСІН ЖАЛҒАСТЫРУ

Андрей Столбунов Ресейден 2013 жылдың қыркүйегінде кетіп қалған. Ол Грекияда біраз аялдап, кейін АҚШ-қа келгенін айтады. Оған сот «Справедливость» сайтында 2008 жылы жарияланған Кацыв туралы мақаласын терістейтін бөлек материал шығаруды жүктеген еді. Ол шешімді орындамаған Столбуновқа сот 800 мың рубль айыппұл кескен.

Осы шешім шыққан соң бір ай өткенде Ресейден кеткен Столбунов «мақаладан бас тарту туралы сайтқа жазғанмын, соның өзі жеткілікті» дейді. Қазір бұл іс қайта қаралып жатыр.

Андрей Столбуновтың АҚШ-қа келуі оны Нью-Йорк прокурорлары мен Денис Кацыв арасындағы сотқа тіпті жақындата түсті. Мәскеу облысының көлік саласын басқарған жоғары шенді шенеуніктің баласы Денис Кацыв Ресей тергеу комитетінің Столбуновқа қарсы қозғаған ісінде «жала жабылып, жапа шеккен» адам ретінде аталады.

Нью-Йорк прокурорлары Кацывтың Кипрдегі жылжымайтын мүлік корпорациясы Prevezon Holdings-тің ресейлік бюджеттен 230 миллион ұрлауға қатысы бар екенін айтады. Кацыв Магнитский тізімінде де аталады. Ал Кацывтің өзі «алаяқтыққа қатысы жоқ» екенін айтады.

Ресейлік заңгер Сергей Магнитский 2009 жылы тергеу абақтысында тиісті медициналық көмек берілмей, қайтыс болған еді. Жақтастары «биліктегі жемқорларды әшкерелегені үшін оны әдейі өлтірді» дейді. Кацывтың адвокаты ресейлік БАҚ-та «Столбунов америкалық прокурорлармен және инвестор Уильям Браудермен сыбайлас» деген жорамал айтқан. Браудер АҚШ-та Магнитскийдің өліміне айыптыларға санкция салу заңына мүдделік танытқан.

Hermitage Capital инвестициялық қорының бас директоры Уильям Браудер.
Hermitage Capital инвестициялық қорының бас директоры Уильям Браудер.

Кремльді қолдайтын «Известия» газеті Денис Кацывтың адвокаты Наталья Весельницкаяның: «Столбунов та өзін жемқорлыққа белшесінен батқан ресейлік режимнің Браудер тәрізді құрбаны етіп көрсеткісі келеді» деген сөзін жариялады.

Столбунов өзіне тағылған «Браудермен, америкалық прокурорлармен сыбайлас» деген айыпты «көбі ойдан шығарылған» деп бағалайды. Бірақ мәселенің анық-қанығын ашып айтпайды. Ал Браудер электронды поштамен жіберілген сауалға жауап бермеді, кеңсесі қазанның 21-і күні оның сұхбат бере алмайтынын хабарлады.

Андрей Столбунов Майами мен Нью-Йорктің арасында жүргенін, интернет арқылы шетелдегі клиенттеріне кеңес беріп, ағылшын тілін жетілдіріп, халықаралық құқықты оқып жатқанын айтты. Ол Ресей тергеу комитеті өзіне тағылған айыпты адвокаты арқылы хабарлағанын, енді дәл қазір еліне қайтпасын мәлімдеді.

(Карл Шректің мақаласын ағылшін тілінен аударған – Динара Әлімжан).

XS
SM
MD
LG