Accessibility links

Ресейлік БАҚ хоккей матчын сан-саққа жүгіртті


Ресей мен АҚШ хоккейшілері әлем чемпионаты кезінде шекісіп қалған кез. Минск, 12 мамыр 2014 жыл.
Ресей мен АҚШ хоккейшілері әлем чемпионаты кезінде шекісіп қалған кез. Минск, 12 мамыр 2014 жыл.

Мамырдың 12-cі күні Минскідегі хоккей чемпионатында Ресей АҚШ-ты 6:1 есебімен ұтқасын ресейлік БАҚ "АҚШ үкіметінің матч туралы мәлімдемесі" деп жалған ақпарат таратты.

Қырғиқабақ соғыс кезінде екі ел арасындағы хоккей ойындары ең қызықты спорт бәсекелерінің бірі болатын. Осы жолғы АҚШ-Ресей матчы дәл сондай әсерлі бола қойған жоқ.

РЕСЕЙДІҢ «ҚАРЫМТАСЫ»

Халықаралық хоккей федерациясы Минскіде өткізген әлем чемпионатында Ресей құрамасы АҚШ командасын ұтты. Беларусь астанасында «Ресей! Ресей!» деп аттандаған қалың жанкүйердің дегені болып, АҚШ ойсырай жеңілді. Сөйтіп Ресей Сочи олимпиадасы айдынында кеткен есесін қайтарды.

Ресей хоккей командасы нағыз әділ бәсекеде жеңіске жеткенімен, Ресей ақпарат құралдары АҚШ ресми өкілінің аузына сөз салып, айтпағанын айтты деп, жалған ақпарат таратуға көшті.

Ықпалды ақпарат құралдары «Вашингтон бұл жеңіліске қатты наразылық білдірді» деп жарыса жазды.

Sports.ru

«Мемлекеттік департамент: АҚШ хоккей матчы нәтижесімен келіспейді...»

Nabat.in

«Мемлекеттік департамент: АҚШ хоккей матчының нәтижесімен келіспей, санкцияны сөз етті...»

«Комсомольская правда»

«Ресей хоккей командасының империялық амбициясы үшін жауап береді!»

«Взгляд»

«Лас шайба каруселі»

Негізгі ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарық көрген бұл материалдарда ашулы мәлімдемелердің авторы ретінде АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Джен Псаки көрсетілген.

"Джен Псаки айтты" деген бұл сөздер Мәскеу мен Вашингтон арасындағы Украина дағдарысына қатысты мәлімдемелерден үзіп алынған. «Ресей бүгінгідей заманда Украинаға басып кіре алмайды» деген сияқты Вашингтон өкілдерінің мәлімдемелері күнделікті айтылып жүр.

Псаки баспасөз мәслихатында «Бұл ойынның нағыз хоккейге еш қатысы жоқ. 21-ғасырда 20-ғасырдағыдай әдіспен хоккей ойнай алмаймыз» деген.

Псаки айтты деген және бір комментарий мамырдың 12-сі күні өткен баспасөз брифингіндегі мәлімдемелерді бұрмалау жолымен жасалған. Псаки ол брифингте Украинаның шығысында (Донецк және Луганск) мамырдың 11-і күні өткен референдумдарды сынап, «онда дауыс берудің «карусель» сияқты қитұрқы әдістері қолданылды деген күдік бар» деген еді.

Ал ресейлік БАҚ-тағы «Псаки»: «Ойын кезінде айқын көрінген Ресей ұлттық құрамасының империялық амбициясы Совет Одағының ең жаман әдістерін қайталайды: Ресей командасы АҚШ қақпасының алдына «лас шайба каруселін» құрып, өз қақпасының алдында демократиялық шайбалардың жолын бөгеді. Бұл - статус-квоны қайтаруға деген ұмтылыс және Еуропадағы қауіпсіздікке төнген қатер» деп пікір «айтқан болып шығады».

Басылымның жазуынша, тілші АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілінен «шайба каруселі деген не?» деп сұраған-мыс. Оған «Псаки» «оның не екенін білмеймін, әйтеуір мәтінімде жазылып тұр, меніңше бұл өте қорқынышты, адамзаттық құндылықтарға сай келмейтін нәрсе» деген.

Бұл сөз АҚШ өкілінің мамырдың 12-сі күні өткен брифингте сұрақ қойған журналиске берген жауабына ұқсайтыны рас. Онда тілші «Карусель» әдісімен дауыс беру деген не?» деп сұраған. Псаки «бұл терминмен таныс емес екенін, қызметкерлерінің мұнда не туралы айтпақ болғанын тексеріп көретінін» айтқан. Ресей басылымдары бұл жауапты әжуаға айналдырды.

«САҚАЛ ОРНЫНА ҚАЙТАРЫЛСЫН!»

Енді бір Ресей басылымы Псакидің аузына сөз салып «АҚШ президенті Барак Обама хоккей ойынындағы нәтижеге қатты қобалжыды» деген пікір «айтқызған». Онда «Псаки»: «Ресей тек тарихты ғана емес, географияны, физиканы және дене тәрибесін қате түсінеді» деген көрінеді.

Мұнымен қоймай «Псаки» ресейлік хоккейші Александр Овечкинді Eurovision байқауының жеңімпазы, трансвестит Кончита Вурсттың жеңісіне қарсылық ретінде сақалын қырып тастағаны үшін «қатты сынаған».

«Бұл – Еуропа құндылықтарына, еркін Еуропаға қарсылық! 21-ғасырда сізге бірнәрсе ұнамай қалғаны үшін ғана сақалыңызды қырып тастай алмайсыз! Бұған төзуге болмайды. Сақалды тез арада орнына қайтару керек!» депті-мыс АҚШ өкілі.

LiveLeak сайтында «Псакидің» ресейлік БАҚ-тағы «пікірінің» ағылшынша аудармасы тұр. «Взгляд» және «Комсомольская правда» басылымдары «карусель» туралы жауапты әжуаға айналдырса, Sports.ru сияқты басқа сайттар тек әлгі сөздің өзін жариялаумен шектелген.

Обама және АҚШ мемлекеттік департаменті ресейлік БАҚ-тағы «пікірлеріне» қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Ал АҚШ-Ресей матчының ертеңінде (13 мамыр) өткен баспасөз брифингінде Джен Псакидің хоккей ойыны туралы ешқандай пікір айтпағаны белгілі.

Хоккейге аздап қатысы бар жалғыз пікірді АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол айтты. Twitter желісінде оған біреу: «Ал МакФол @McFaul хоккей қалай болды?» деген сұрақ қойды. Бұған Макфол: «Не айтқаныңызды түсінбедім? Ресей бірдеңеден жеңіске жетті ме?» деген сұрақпен жауап берген.

(Майкл Сколлонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG