Accessibility links

Ресми исламдық телеарна жобасы Ресейден Қазақстанға көшуі мүмкін бе?


Ресей президенті Дмитрий Медведев пен Ресейдің жоғарғы мүфтиі Талғат Таджутдинов Уфадағы орталық мешіт алдында. Башқұртстан, Уфа, 19 қараша 2011 жыл.
Ресей президенті Дмитрий Медведев пен Ресейдің жоғарғы мүфтиі Талғат Таджутдинов Уфадағы орталық мешіт алдында. Башқұртстан, Уфа, 19 қараша 2011 жыл.
Ресейде биыл алғашқы мұсылмандық телеарна ашылмақшы. Қазақстандағы ресми дін өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар мұндай жобаның елде қашан пайда болу мүмкін екені туралы ойларымен бөлісті.

Тамыз айының аяғында Ресейде қоғамдық телеарна принципі бойынша алғашқы мұсылмандық «Аль-РТВ» арнасы хабар тарата бастайды. Ресейдегі мүфтилер кеңесінің мәліметі бойынша, жоба елдегі ірі мұсылман ұйымдарының ұйытқысымен және биліктің қолдауымен жүзеге асырылады.

«РЕСМИ ТЕЛЕ-УАҒЫЗ»

Ақпарат бойынша, арна жекелеген кәсіпкерлердің қаржысына сүйеніп жұмыс жасайды. Мемлекеттен де грант бөлінуі мүмкін.

Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, телеарнаның мазмұны негізінен үгіт-насихат, уағыздардан құралмақ. Ол үшін арнаға билікке жақын діни тұлғалар мен уағызшылар тартылыпты. Арнаның негізгі аудиториясы жастар болады деп жоспарланып отыр.

Ресейдегі мұсылмандар діни басқармасының еуропалық бөлігі төрағасының орынбасары Дамир Мухетдинов жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында:
Қырғызстанның Ош қаласына қырғыз-өзбек қақтығысының салдарын талқылау үшін жиналған ТМД елдерінің дінбасылары. Ортада қара шапанмен тұрған Ресейден келген мүфти Дамир Мухетдинов. Қырғызстан, Ош, 10 маусым 2011 жыл.
Қырғызстанның Ош қаласына қырғыз-өзбек қақтығысының салдарын талқылау үшін жиналған ТМД елдерінің дінбасылары. Ортада қара шапанмен тұрған Ресейден келген мүфти Дамир Мухетдинов. Қырғызстан, Ош, 10 маусым 2011 жыл.

– Кавказда да, Ресейде де мұсылмандар көп. Орталық Азия мен Кавказдан келушілердің басым бөлігі де жастар. Сондықтан негізінен олардың тәрбиесіне, рухани, адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру мәселелеріне мән береміз. Мұсылмандар мигрант немесе тұрғылықты халыққа қатысты қандай саясат жүргізіліп отырғанын білу үшін мемлекеттің позициясын да көрсетеміз. Біреудің құқығы тапталып жатыр, біреуді үнемі қуғындайды немесе қатты қысым жасалды деп ешкім өзін өгей сезінбеуі керек, – деген.

Ресейде мұсылмандық арна құру идеясы көптен бері талқыланып келгенімен мамандардың айтуынша, оны құруға қатысты нақты қадамдар жақында ғана жасала басталған. Батыс басылымдары бұл ретте Татарстанда екі жетекші діндарға жасалған қастандық бұл үрдісті жылдамдатты деп жазады.

«АСЫЛ АРНАНЫҢ» ДАУЫ

Қазақстанда «діни арна» десе, 2009 жылдан бастап, жұмыс жасай бастаған бұрынғы айтыскер-ақын Мұхамеджан Тазабеков басқаратын «Асыл арна» көптің ойына оралады. Телеарна әу бастан өзінің мақсатын «ислам канондарын көпке түсіндіру және ұлттық дәстүрді дамыту» деп түсіндірді.
"Асыл арна" басшысы Мұхамеджан Тазабеков. Алматы, 13 қазан 2009 жыл.
"Асыл арна" басшысы Мұхамеджан Тазабеков. Алматы, 13 қазан 2009 жыл.

Бірақ көп кешікпей қоғамда арнаның алға қойған мақсаттарынан «ауытқи» бастағаны туралы пікірлер айтыла бастады. Арнаны көп жағдайда «арабтардың өмір сүру образы мен исламды арабтар көзқарасы бойынша насихаттағаны» үшін сөкті. Мысалы, 2011 жылы Abai.kz сайтында жарияланған «Асыл арнаға» теологиялық сараптама» атты мақалада арнадағы бағдарламалардың тек 25 пайызы ғана Қазақстандағы «дәстүрлі ислам» көзқарастарына сай келетіні, онда көрсетіліп жатқан фильмдердің Сауд Арабиясынан тікелей әкелініп жатқаны туралы жазылды.

Бұдан кейін жергілікті басылымдарға берген сұхбатында арна басшысы Мұхамеджан Тазабеков бұл айтылған сындарға жауап беріп, «айтылған он айыбының тоғызы – жала» деп жоққа шығарды.

«...Рас, ел «уахаби», «радикал» деп атап жүрген шектен шығушылар жоқ емес. Бірақ оларды бізге әкеліп жапсыру жақсы менен жаманды айыра алмаған, бір ұрты май, бір ұрты қан, парықсыз қауымның айтаққа ерген надан әрекеті» деді Мұхамеджан Тазабеков жергілікті «Халық сөзі» басылымына берген сұхбатында.

«ТІЛЕУХАННЫҢ БАСҚА КӨЗҚАРАСЫ»

Өткен жылы дін істері агенттігінің басшысы Қайрат Лама Шәріп «Асыл арнаның» хабарларында жиі көрініп келген экс-депутат «Бекболат Тілеуханның басқа көзқарасы» туралы айтып қалып, баспасөзде бұл қызу талқыланды.
Бекболат Тілеухан. Сурет Қазақстан парламентінің ресми сайтынан алынды.
Бекболат Тілеухан. Сурет Қазақстан парламентінің ресми сайтынан алынды.

«Біз намазды Ханафит мазхабы бойынша түсіндіріп жүрміз. Депутат Тілеуханның көзқарасы басқа. Өзге де көзқарастар бар. Сондықтан депутат Тілеуханның тәпсірі ата-бабамыздың дәстүрі мен әдет-ғұрпымызға сәйкес келеді деп ойламаймыз...» деген еді агенттік басшысы.

Сәл кейінірек агенттік басшысы «теологиялық даулар барлық жерде де бар...досыммен арадағы дауды басқа қырынан талқылау дұрыс емес» деп мәселенің тігісін жатқызуға тырысқан болатын.

Бұл мәлімдемен біраз уақыт өткен соң «Асыл арнаның» кабельдік теледидар пакеттерінен түсіп қалғаны белгілі болды.

Бұған дейін «Алма ТВ» кабельдік операторы «Асыл арнаның» орнына жаңадан ашылған «Мәдениет» телеарнасын қосқаны туралы ақпарат шыққан еді. Жақында Алматыдағы орталық мешіттің имамы Құлмұхаммед Маханбет кабельдік оператор президентіне хат жазып, «Асыл арнаны» «Алма ТВ-ның» негізгі пакетіне қосуды сұрады.

«ОНДА БАСҚА ДІНДЕР ҮШІН ДЕ ТЕЛЕАРНА АШЫЛСЫН»

Мамандар қазіргідей діни ахуал күрделі болып тұрған кезде Қазақстанда қоғамның рухани қажеттілігін қанағаттандыратын мұсылмандық арна ашу өте қиын іс екенін айтады.

Құқық қорғаушылар қалай болғанда мемлекет бұл іске араласпауы керек деп санайды. Олар Ресейдегідей арнаның «ресмиленуіне» қарсы.
Алматы Хельсинкий комитетінің төрайымы Нинель Фокина. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл.
Алматы Хельсинкий комитетінің төрайымы Нинель Фокина. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл.

– Егер мемлекет конституция бойынша өзін зайырлы мемлекет деп атаса, онда ол ақпарат құралдарының жұмысына кедергі жасамауы тиіс, һәм оны қаржыландырмауы да керек. Мейлі ол грант түрінде немесе басқалай болсын, – дейді құқық қорғаушы Нинель Фокина.

Мамандарды сонымен бірге елдегі өзге конфессиялардың жағдайы да алаңдатады.

– Егер Қазақстанда мұсылмандық арна ашылса, онда өзге діндердің мүдделеріне зиян келтірмес үшін православтық, католиктік, т.б. діни арналардың ашылуына жағдай жасау керек болады. Мысалы, ресейлік православтық «Спас» телеарнасын тікелей қосу арқылы немесе соған ұқсас жаңа арна құру арқылы, – дейді дінтанушы Артур Артемьев.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев «мемлекет ондай жобаларды қаржыландырмаса да, бұл саланы жанама түрде қадағалауы тиіс» деп ойлайды.

– Ақпараттық арна адамдардың діни санасына әсер ететіндіктен мұнда белгілі бір деңгейде тәуекел де бар. Тіпті арна жекелеген демеушілер арқылы өмір сүрген күннің өзінде оны мемлекет бақыламайды дегенді білдірмесе керек. Өйткені бізде бұған қатысты дау-дамайлар да болды. Кейбір діни радикалдық ағымның өкілдері биліктің құрылымдарында бар екені анықталып, үлкен шу болған кездер де болды, – дейді Досым Сәтпаев.

Ол Ресейдің мұсылмандық арна ашу тәжірибесінің ең ұтымды тәсілдерін алуға болады деп есептейді.
Ресейдің ықпалымен халықаралық стандартқа сәйкес емес, конституцияның өзіне қайшы келетін дін туралы заңды қабылдадық...

Ал Артур Артемьев бұл тұста «жауаптан гөрі сұрақтар көп» деп біледі.

– Біз кейде Ресейді қайталаймыз. Бірақ Ресейдің өзінде жағдай жақсы емес қой. Онда проблемалар өте көп. Және ол проблемалар бізге ауысып келуі ықтимал. Ресейдің ықпалымен халықаралық стандартқа сәйкес емес, конституцияның өзіне қайшы келетін дін туралы заңды қабылдадық... Сондықтан бұл жерде бұлыңғыр тұстар өте көп, - дейді Артур Артемьев.

Құрметті оқырман, сіздің бұл туралы ойыңыз қалай? Қазақстанда ресми діни телеарна ашуға мұқтаждық бар ма?
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG