Accessibility links

Путинді «гей» деп тұспалдаған суретке тыйым салынды


Лондондағы Ресей елшілігі алдында өткен ЛГБТ наразылық акциясында белсенділер киіп тұрған Путиннің маскасы. Ұлыбритания, 14 ақпан 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путинді мазақтайтын интернет мемдер оппозиция үшін қолайлы қаруға айналды. Жақында билік Путинді гей түрінде бейнелеген суретке тыйым салып, оны «Путиннің қолдаушыларын да қорлайтын сурет» деп атады.

Владимир Путинді сынаушылар оның түрін өзгертіп интернетке салғанды жақсы көреді, көбіне оны мачо етіп көрсетеді. Бірақ Путиннің бетін әйел тәрізді бояп салған сурет оны гей болса керек деген тұспалға жетелейді. Бірақ бұл фотошопты жасаған сықақшы қысымға ұшырап жатыр.

Ресей Путиннің «боянып алған» суретін жариялауға ресми тыйым салды, биліктің пікірінше онда «президент стандартты емес сексуалдық бағытты ұстанады» деген тұспал бар және сурет гейлерді қорлайды.

Ресей әділет министрлігі наурыздың 30-ы күні суретті тыйым салынған «экстремистік материалдар» тізіміне қосты, 2016 жылы мамырда Тверь қаласының соты сондай шешім шығарған еді. Путиннің суретін «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жариялаған Александр Цветков есімді адамға «жеккөрініш тудырды» деген айыппен іс қозғалды.

Цветков «ВКонтакте» желісіне жариялаған басқа да суреттері үшін айыпталып отыр, оның ішінде нәсілшілдік пен мигранттарға қарсы екенін анық байқататын дүниелер бар. Қазір оның желідегі аккаунты жабылды. Тверь сотының шешімі де, әділет министрлігі де Цветков жариялаған суреттердің ішінде «боянған Путиннің» суреті қайсы екенін нақтылап айтпайды. Цветковтың өзі қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, бірақ кейін психиатриялық ауруханаға жатқызылды.

TJ Journal сайтының жазуынша (әділет министрлігінің суретке қатысты шешімі туралы алғаш жариялаған сайт), Путиннің ондай суреттері интернетті талай жылдан бері шарлап жүр. Ол суреттердің кейбірінде Путин премьер-министр Дмитрий Медведевпен бірге салынған, Медведевті де бояндырып қойған.

«Билік мұражайы» галереясына қойылған сурет. Константин Алтунин салған картинада әйелдердің іш киімін киген Ресей президенті Путин премьер-министр Медведевтің шашын түйіп жатыр. Санкт-Петербург, 15 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«Билік мұражайы» галереясына қойылған сурет. Константин Алтунин салған картинада әйелдердің іш киімін киген Ресей президенті Путин премьер-министр Медведевтің шашын түйіп жатыр. Санкт-Петербург, 15 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Тверь сотының шешімін қайталаған әділет министрлігі «Тыйым салынған суреттегі адамның түрі Путинге ұқсайды, бетінде бояуы бар – кірпігі мен ерні боялған, автор Ресей президентінің сексуалдық бағдарын басқаша көрсетпек болған» деп мәлімдеген.

Суретке Путинге дауыс берген сайлаушыларды ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) өкілдерімен салыстыруға ұқсайтын тақырып қойылған - «Олардың саны көп дейді, ол жағын мен білмеймін» деген жазу бар. Тақырыптағы сөз гейлерге қарсы қолданылатын интернет-мемге ұқсайды.

Шешім шығарған сот пен министрлік Путиннің фотосын қолдану заңсыз ба, әлде тақырыбы заңға қайшы ма - ол жағын анықтап көрсетпейді. Жеккөрінішті қоздыру жағдайларын бақылап отырған құқық қорғаушылар мен белсенділердің айтуы бойынша, Ресей билігі кейінгі кезде «экстремистік» саналатын материалдарға төзбейтін болған.

Ресей билігін сынаушылар биліктің жеккөрінішке толы нәсілшіл пікірлерді ғана емес, конституциямен қорғалған саяси пікірлерді де қудалайтынын айтады. Путин 2013 жылы заң арқылы кәмәлет жасқа толмағандар арасында «дәстүрлі емес сексуалдық қарым-қатынасты насихаттауға» тыйым салған еді, сондықтан оны либерал қарсыластары гомофоб санайды.

Путин «гейлерді насихаттауға қарсы» деп аталып кеткен заңды «балаларды қорғау үшін қабылдағанын» айтып, заңның «ЛГБТ құқықтарын бұзбайтынын» мәлімдеді. Құқық қорғаушылар «заң ЛГБТ өкілдеріне қарсы зорлық-зомбылықты күшейтті» дейді. Ал әсіреұлтшылдар Путин мен оның үкіметін «азшылық топтарға тым төзімді» деп айыптайды.

Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG