Accessibility links

Telegram желісіндегі репост үшін алғашқы адам қамалды


Дмитрий Третьяков.

14 наурыз күні Приморск өлкесі Спасск-Дальний қаласында тұратын 31 жастағы заңгер Дмитрий Третьяковтің пәтеріне ФСБ тінту жүргізген. Кейінірек ФСБ қызметкерлері Третьяковті Владивостокқа (екі қаланың арасы 200 километрден асады) апарып, екі күннен кейін Фрунзе аудандық соты Дмитрийді екі айға қамауға алған. Сот қаулысында "оның жанында және пәтерінде қылмыстың іздері сайрап жатыр" деп көрсетілген.

Тоғыз ай бұрын, яғни 13 маусым күні Третьяков журналист Telegram-каналдағы Аркадий Бабченконың жазбасын Алексей Навальныйдың жақтастары коррупцияға қарсы митинг қорытындыларын талқылап жатқан "Операция "Утка" деп аталатын ашық Telegram-топта қайта жариялаған. Сол кезде чатта 596 адам болған. Бабченко әлгі жазбасында наразылық акцияларының радикалды түрлеріне көшуді ұсынған, мысалы, баррикада, "Молотов коктейльдерін" атаған. Дмитрий Третьяков "Қазір маңызды мәтінмен бөлісемін... Бабченко ол жерде болған жоқ, негізі ол кісінікі дұрыс" деп жазып, Бабченконың пікірін топпен бөліскен.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) арнайы техника орталығына қарасты криминалистика институты мамандары әлгі посты экстремизмге шақыру деп санайды. Ресей әділет министрлігінің Приморск сот сараптамасы зертханасы мамандары "Мәтін түріндегі хабарламада <…> зорлық-зомбылыққа, деструктивті, қиратушы әрекеттерге шақыру пиғылын білдіретін белгілер бар" деп ұйғарған. Құқық қорғау органдары Бабченконың өзіне ешқандай кінә артпаған. Интернетте " экстремистік әрекеттерге жария түрде шақырғаны үшін" бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

3 сәуір күні Приморск өлкелік соты Дмитрий Третьяковтың адвокатының клиентін қамауға қатысты шағымын қайтарып тастады. Сот отырысы прокурордың өтінішімен жабық режимде өткен.

– Третьяковтің өзінің айтуынша, ол әлгі посты жарияламаған, - дейді Третьяковтің адвокаты Сергей Мирошниченко. – Оның сөзінше, "Дмитрий" деген есімді оның атынан біреу пайдаланған, ал оның никнеймі де, аватаркасы да басқа болған. Сондықтан ол мына қылмысқа қатысы барын үзілді-кесілді жоққа шығарып, арнайы қазылған ор болуы мүмкін деп санайды. Күш құрылымдарына бұл іс президент пен үкіметке "міне, жұмыс істеп, экстремизмге қатысы бар қылмыскерлерді анықтап жатырмыз" деп көрсету үшін қажет болған. Мессенджерлерде жарияланған әлдебір постар үшін мұндай қылмыстық істер қозғалғанын бұрын-соңды естімеппін. Бұрын істер көбінесе әлеуметтік желілерде әлдебір хабарламаларды таратқаны үшін қозғалатын. Меніңше, бұл "бәрің уысымыздасыңдар, ойымызға не келсе соны істейміз, ал сендер ешкім емессіңдер" деген қорқытып-үркіту амалы. Третьяков еңсесін түсірмей, шындық үшін күресуге бекініп отыр. Ол сот ақтайтын үкім шығаратын болар деп үміттенеді, бірақ шындықты бұл жақтан іздемей, Еуропаның адам құқығы сотына жүгініп іздемек, өйткені Ресейде әділдікке жете алмайсың.

Третьяков ісі Telegram желісіндегі репост үшін қозғалған қылмыстық іске айналды. Ал мессенджердің өзіне бұғатталу қаупі төніп тұр. Роскомнадзордың (Ресейдің ақпараттық технология және коммуникация саласына бақылау жасау қызметі – ред.) ФСБ-ға мессенджер қолданушыларының хат-хабарын жабық ұстайтын шифр кілтін беру талабын орындау үшін берген мерзімі 4 сәуірде біткен. Telegram өкілдері бұл техникалық тұрғыдан мүмкін емес деп мәлімдеген әрі хат-хабар құпиясы әр адамның конституциялық құқығы екенін ескерткен. Ал ФСБ мессенджер пайдаланушыларының хабарламалары конституциямен қорғалатын ақпаратқа жатпайды деген уәж айтқан. 6 сәуірде Роскомнадзор мессенджерді бұғаттауды сұрап Мәскеудің Таган аудандық сотына жүгінген.

"ЗАҢҒА ҚАЙШЫ АНТИЭКСТРЕМИЗМ"

Экстремистік сипаттағы пікірлер туралы қылмыстық істердің 95 пайызға жуығы интернетте жарияланған материалдар үшін қозғалған. "Сова" ақпараттық-сараптамалық орталығы осындай деректер келтіреді. Құқық қорғаушылар экстремизмге қарсы заңдар заңсыз қолданылған деп тапқан оқиғаларды ұйым 2017 жылғы тамыздан бері ай сайын жариялап келеді.

Орталық директоры Александр Верховскийдің сөзінше, экстремизм үшін бір жылда 600 қылмыстық айыптау үкімі шығады, ал әкімшілік қаулылар саны бірнеше мыңға жетеді.

"Сова" ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры Александр Верховский.
"Сова" ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры Александр Верховский.

​– Біз заңдарды заңсыз пайдалану оқиғаларына 2002 жылы заң қабылданғаннан кейін бірден назар аударғанбыз, - деп еске алады Александр Верховский. – Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заң дұрыс тұжырымдалмаған, сондықтан оны теріс мақсатта қолдануға ұласуы мүмкін деп сол кезде айтқанбыз. Азды-көпті либералдық позиция ұстанатын адамдардың өздері бұған сенбей, заң жаман ниеттегі адамдарға қарсы деп айтқаны жақсы есімде. Меніңше, заң шынымен жаман адамдарға қарсы ойластырылған шығар, бірақ оның кез-келген адамға қарсы пайдалануға болатындай етіп тұжырымдалған.

Бірақ мұндай қылмыстың қоғамға қаупін бағалауға сарапшылар экстремистік деп таныған әлдебір хабарламаға назар аударған ықтимал пайдаланушылардың да, нақты пайдаланушылардың да саны әсер етпейді.

– Қандай пікірді жария, ал қандай пікірді жария емес екенін анықтау қиын мәселе, - деп санайды Верховский. – Біздің заңдарда жария түрдегі пікір дегеннің нақты не екені жазылмаған, кейде жария түрде айтылған пікірлер, ал кейде саны белгісіз адамдар тобына арналып айтылған пікір деп беріледі. Ал саны белгісіз адамдар тобы деген кімдер, ондай топта қанша адам болуы тиіс екені түсініксіз. 2016 жылы Жоғарғы сот қылмыстық экстремизмге, терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңды қылмыстық қудалауға қатысты қолдану тәртібіне екінші мәрте комментарий бермек болып құрған жұмыс тобы құрамында Адам құқығы кеңесі мүшесі ретінде мен де болғанмын. Сол кезде жұмыс тобы мүшелеріне жария пікірді тыңдаушылардың саны қанша болуы тиіс деген мәселені анықтап алуды ұсынғанмын. Өйткені тіпті әлдебір қауіпті әрекеттерге шақырды деген адамның сөзін бес адам тыңдады ма әлде бес мың адам тыңдады ма, бұл екеуінің арасында бәрібір айырма бар ғой. Сол кезде жұмыс тобы мүшелері интернетте жарияланғанның бәрін жұрттың бәрі, яғни шексіз адамдар тобы оқуы мүмкін деп бой бермей қойған. Бұл онша дұрыс емес, теориялық тұрғыдан алғанда, жұрттың бәрі оқуы мүмкін деп ойлауға болады. Ал практика жүзінде қанша жазылушысы болса, мысалы,Telegram - каналында қанша жазылушысы бар, сонша адам оқиды. Егер жазба әлдебір топтың чатында жарияланса, әлгі чатқа қанша адам тіркелсе, сонша адам оқиды. Біреу кездейсоқ кіріп кетіп, қосылуы мүмкін, бірақ ондайлар әдетте бірен-саран ғана болады, бұл жазбаны оқыған адамдар санына әсер етпейді. Бірақ жоғарғы сот мұны назарға алмау керек деп ұйғарды. Бұдан бөлек, жұмыс тобы мүшелері екіден көп адам тыңдаған пікірді жария түрдегі пікір деп санау керек деп отырып алды. Сондықтан заң қисынына салсақ, тыңдаушысы екіден көп болса, әлдебір адамның құлағына сыбырлап айтылған немесе жеке хат арқылы айтылған пікірден өзгенің бәрі жария түрде айтылған пікір болып шығады.

– Ал репост жасау неліктен көбінесе мақұлдау ретінде саналады?

– Бұл да үлкен проблема! Біздің бақылауымызша, жария түрдегі пікірлер үшін шыққан үкімдердің көпшілігі интернетке қатысты. Біздің шамалауымызша, былтыр оның үлесі 95 пайызға жетті. Нақты айту қиын, бірақ шамамен 80 пайызы "ВКонтакте" желісінде жарияланған жазбаларға қатысты шығарылған үкімдер. Негізі, репостардың көбі осы желіде жасалады, яғни бұл желіде адамдарі дайын жазбаларды құр репост жасайды. Сондықтан бұл жерде олар жазбаны қолдап я айыптап қайта жариялады ма әлде жай әншейін репост жасай салды ма деген қисынды сұрақ туады. Жоғарғы соттың 2016 жылғы қаулысында мәтіннің астары (контекст) ескерілуі тиіс деп жазылған. Бірақ кез-келген адам түсіне бермейтіндей етіп жазылған, ал судьялар мен тергеушілер түсінетін шығар деп үміттенемін. Менің бақылауымша, контекстке көбінесе ешкім назар аудармайды, бұл дұрыс емес, өйткені адамды әлдебір әріптерді құр тергені үшін емес, әлдебір әрекеттерге шақырғаны немесе өшпенділікті қоздырғаны үшін соттайды. Өшпенділікті қоздырғаны, яғни қылмыс құрамы репостың астарынан ұғынықты болып тұруы тиіс. Контексті кең мағынада қарау керек, яғни адамның әлгі репостқа комментарий жазған я жазбағанын ғана қарамай, мұның алдында, бұдан кейін не жазғанын қарау керек. Бұл тергеушілердің уақытын онша көп алатын жұмыс емес, бірақ олар бұған ылғи салғырт қарайды.

– Мұндай жағдайда пайдаланушылар енді қалай қорғана алады? Құпия чаттар мен жеке хат-хабар алмасуға көшу керек пе? Бірақ әлеуметтік желідегі жабық альбомда сақталған суреттер үшін де қылмыстық істер қозғалған прецеденттер бар ғой.

– Иә, ондай оқиғалар бар. Тергеу барысында қолына түскен әлгі деректерді көріп отырған тергеуші мұның бәрі қарапайым оқырманға жабық ақпарат екенін кей жағдайда шынымен түсінбеуі мүмкін деп ойлаймын. Өкінішке қарай, тергеушілердің кейбірі интернеттің мұндай қыр-сырын онша жетік біле бермейді. Қалай қорғану керек дейсіз бе? Мұның әлдебір әмбебап, жаппай қолдануға болатын рецепті жоқ шығар, бірақ "ВКонтакте" желісін азырақ пайдалану керек дер едім. Өйткені неге екені белгісіз, бірақ мұндай нәрселер әсіресе осы желіде көп болып жатыр. Пікіріңді адамның құлағына ғана сыбырлап, жария түрде айтуды мүлде доғару керек деп кеңес беруден аулақпын. Сондықтан өкінішке қарай, мына жағдайдан сабақ алып, жазғаныңды тергеуші оқып, тыңдап отыр деп елестетіп, оның салдарын салмақтап барып жауапты шешім қабылдауға тиіспіз, - дейді "Сова" ақпараттық-сараптамалық орталығы директоры Александр Верховский.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Иван Ворониннің мақаласы орысшадан аударылды)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Жаңаөзеннің жазылмаған жарасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00
Қайрат Досмағамбетов

Жаңаөзеннің жазылмаған жарасы

XS
SM
MD
LG