Accessibility links

Ипотека борышкері де «рубль құрбанына» айналды


Рубль арзандаған сайын доллармен алған ипотекалық несиесін төлеуі қиындаған Мәскеу тұрғыны Елена Балановская.
Рубль арзандаған сайын доллармен алған ипотекалық несиесін төлеуі қиындаған Мәскеу тұрғыны Елена Балановская.

Ресей экономикасы тұрақты кезде доллармен ипотекалық несие алған азаматтардың жағдайы күн санап қиындап барады.

Наурыз айында Елена Балановская мен жұбайы өздері армандаған пәтерді сатып алу үшін доллармен ипотекалық несие алған. Сол уақытта 41 жаста болған әйел соқыр тәуекелге бел буғандарын сезген жоқ.

ИПОТЕКАЛЫҚ НЕСИЕНІҢ ЗАРДАБЫ

Рубльмен берілетін ипотекалық несиеге қарағанда доллардың пайыздық мөлшерлемесі төмен болды. Бұл кезде Ресей экономикасы тұрақты еді. Екі баласы бар және өзі үшінші балаға жүкті Балановская мен оның күйеуі жақсы қызметте істейтін. 200 мың долларды банкке төлеуге қинала қоймаспыз деп ойлады.

Тоғыз айдан соң олар көтере алмайтын шоқпарды белдеріне байлағанын ұқты. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы күрт төмендеген кезде оның ай сайынғы 2 мың 200 доллар төлемі екі есеге жуық қымбаттап, 77 мың рубльден 142 мың рубльге шарықтап шыға келді. Егер рубль бұрынғы қалпына келмесе, Балановская несиені төлей алмаймын ба деп қорқады.

Ол несие алған «РЕСО Кредит» банкі ешқандай рақымшылық жасамады, тек ипотекалық несиені рубльмен қайта қаржыландырып, пайыздық мөлшерлемені 21,5 пайызға арттыруды ұсынды. «Жағдай осылай тұра берсе, пәтерімді сатқан күннің өзінде бұл банкке зейнетке шыққанша қарыз болатын түрім бар» дейді Балановская.

Елена Балановская ипотекаға алған пәтерінің асүйінде тұр. Мәскеу, 17 желтоқсан 2014 жыл.
Елена Балановская ипотекаға алған пәтерінің асүйінде тұр. Мәскеу, 17 желтоқсан 2014 жыл.

Күн көру үшін оның отбасы үш айлық нәрестесін алып Мәскеудің шетіндегі бір бөлмелі тар пәтерге көшіп алды. Ал ипотекаға алған жаңа пәтерді басқа біреуге жалға берді. Балановская доллармен 25 мың мен 150 мың арасында ипотекалық несие алып, оны қайтара алмай қиналып отырған ондаған мың ресейліктің біреуі ғана.

Жыл сайын баспасөз мәслихатын өткізетін Ресей президенті Владимир Путин ипотекалық несие иелеріне мемлекеттік қолдау көрсетуге уәде беріп, Орталық банк пайыздық мөлшерлемені рубльмен 17,5 пайыз етіп ұстап тұратынын айтты. Бірақ ол доллармен ипотека алғандардың жағдайы туралы жақ ашпады.

Орталық банк өкілдері де оларға жәрдем бермейтінін айтқан соң наразы борышкерлер көшеге шыға бастады.

Желтоқсанның 12-сі күні 100 шақты наразы Мәскеудегі Орталық банк ғимаратының алдына жиналып, «Тұрақты валютамен ипотека алу – құл болу», «Көшеде қалғым келмейді» деген плакаттар көтеріп тұрды. Осыған ұқсас митингілер кейінгі аптада да болды.

ОРТАЛЫҚ БАНК КӨМЕКТЕСЕ МЕ?

Наразы борышкерлердің көбі - Ресей экономикасы дәуірлеп тұрған 2006-2008 жылдары шетелдік валютамен ипотекалық несие алған адамдар. Ол кезде рубль бағамы тұрақты еді. Балановская тәрізді олар да несиені төлеуге даярмыз, тек оны рубльмен қайта қаржыландырып, тиімді мөлшерлеме белгілесе дейді.

Кремльшіл «Әділетті Ресей» партиясының өкілі Оксана Дмитриева бастаған депутаттар Ресейдің орталық банкіне хат жолдап, ипотеканы қайта құрылымдауды сұрады. «Партияның басқа төрт депутаты да хатқа қол қойды деп жазады» «Известия» газеті.

Оған қоса, биліктегі «Біртұтас Ресей» партиясының депутаты сәрсенбі күні Орталық банкке жеке хат жолдап, мәселені шешу амалын табуды сұрады. Ол доллармен ипотека алғандардың санын анықтауды өтінген.

Доллармен ипотекалық несие алған азаматтардың Мәскеудегі Орталық банк алдындағы наразылығы.
Доллармен ипотекалық несие алған азаматтардың Мәскеудегі Орталық банк алдындағы наразылығы.

Сол сияқты желтоқсанның 1-і күні «Норд-Капитал» инвестициялық тобының директоры Владимир Рожанковский Орталық банк төрайымы Эльвира Набиуллинаның атына жазған петициясын «Change.Ru» сайтына жариялады. Ол шетелдік валютамен ипотека алғандардың несиесі рубльге ауыстырылсын деп, борышкерлер жағдайын «далада қалғалы тұр» деп сипаттады. Петицияға шамамен 4 мыңға жуық адам қол қойған.

Бірақ желтоқсанның 13-і күні болған шағын наразылық митингісі кезінде Орталық банк борышкерлерге көмек көрсететін ыңғай танытпады.

Балановская үш баласын асырап, ипотекалық несиені төлеу үшін отбасылық шығынды азайтуға тырысып жүр. «Мейрамханаға бармаймын. Асыл тасты әшекейлер алмаймын. Шетелге барып демалмаймын. Бес кісілік отбасымды асырауым керек» дейді ол.

(Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG