Accessibility links

Мүгедек болып киінген банкир әжуаға қалды


«Сбербанк» басқармасының төрағасы Герман Греф мүмкіндігі шектеулі адам "костюмінде" отыр.

Мүгедек адамның рөліне еніп, банктен қарапайым кеңес алуға келген Ресейдегі «Сбербанк» төрағасы интернетте күлкіге қалды. Жұрт оны «шынайы өмірден алшақ адам» деп сипаттап сынап жатты.

Ресейдегі «Сбербанк» төрағасы, елдің бұрынғы экономика және сауда министрі Герман Грефтің «мүмкіндігі шектеулі адамның мемлекеттік банктен несие бойынша кеңес алуы қалай болады екен?» деп мүгедек кісінің кейпіне енгені көпшіліктің күлкісін келтірді, бірақ оны осы әрекеті үшін мақтағандар да болды.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні – желтоқсанның 3-і болған бұл оқиға кезінде банк басшысы мүмкіндігі шектеулі кісілерге қажетті ең қарапайым инфрақұрылымның өзі жасалмаған елдегі мүгедектердің халін түсінуге тырысқан.

Америкалық «Робот полицей» фантастикалық фильмінің кейіпкерін еске түсіретін киім киген Герман Греф «Сбербанктің» Мәскеудегі бас кеңсесіне келеді. Көру, есту және қимыл-қозғалыс қабілетін нашарлататын арнайы көзәйнек киіп, құлаққап таққан, үстіне ебедейсіз киім киген ол банк қызметкерінен «кеңес» алған.

«Греф «Сбебанк» бөлімшесінде. Я, Құдай, оның PR-шыларын кешіре көр», - деп жазған Twitter қолданушы сол оқиғаның видеосын берді.

Фототілшілер мен операторлар айнала қоршаған ол 30 мың рубль ($471) айлық табысымен банктен 100 мың рубль ($1,568) несие алғысы келетінін айтты. Ал, Ресейдегі мүгедектерге берілетін айлық жәрдемақы мөлшері бұдан әлдеқайда төмен, бар болғаны 9-15 мың рубль (140-234 доллар) аралығында. Кеңесшінің сөзін естуге талпынып көрген ол ақырында оған мүгедек адамдардың халін түсіну үшін үстіндегі құралдарды киіп көріңіз деген өтініш айтты.

Соңынан журналистермен сұхбаттасқан Греф «Біз бұдан қорытынды жасаймыз» деп, «мүмкіндігі шектеулі кісілерге қажетті арбалар және басқа заттарды сатып алатындарын» айтты.

Көпшілік банктің PR шарасы деп түсінген бұл әрекетті қолдағандар да, сынағандар да көп болды. Банк басшысын сынағандар оны «шынайы өмірден мүлде алшақтап кеткен» деген пікір айтты.

«Московский комсомолец» басылымы «Бір-екі сағат кезекте тұрып, елмен әңгімелессе, өмірдің өзі несие алуға итермелеген жарымжан жандардың ауыр тұрмысы туралы өздерінен тыңдаса, сол дұрыс болар еді» деп жазды.

Мұнымен қоса газет «мүгедек» Грефтің табысының тым жоғары екеніне назар аударды. Басылымның жазуынша, Ресейдегі орташа табыс 22 729 рубль ($357), ал жұрттың көбі 12 665 рубль ($199) жалақыны қанағат тұтады.

Кейбіреулер «Греф бұл «қойылымды» банктің ең жақсы бөлімшелерінің бірінде емес, шалғай аудандағы нашар филиалда қоюы керек еді» деген пікір айтты.

Іnstagram желісінде бір кісі оның банкте кеңес алып отырған суретіне қарап «Бұл кісі VIP-бөлімге барып отыр ма? Одан да Мытищиге бармай ма?» деп жазды.

Ресейдің мемлекеттік «Российская газета» басылымы бұл шараға оң баға беріп, оның мүгедек кісілердің қиындықтарына назар аударуға жәрдемдескенін жазды. Жоғары экономика мектебіне қарасты әлеуметтік саясат және әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар институты директоры Сергей Смирнов газетке берген сұхбатында «Меніңше, бұл жақсы PR қадам болды. Ірі банк басшысының бұл проблемаға назар аудартқаны да өте маңызды. Совет заманынан бері коммунизм тек жастардың әлемі, бұл әлем тек жастарға арнап жасалған деген ұғым қалыптасқан. Бізде қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі кісілерге қызмет көрсету мәдениеті, бейімдеу жүйесі қалыптаспаған» дейді.

Онлайн қауымның пікірі кекесін мен ашу-ызаға толы болды. «СмутноеВремя» деген интернет қолданушы «Туфлиің «Сбербанкнің» шалғайдағы филиалынан, ал «мүгедектің» костюмі жүздеген мүгедектің жәрдемақысынан қымбат тұрса, ең күлкілісі де, өкініштісі де сол» деп жазған. Ол коллаж суретте Грефтің аузына «Дәнеңе көріп тұрған жоқпын!» деген боғауыз сөз салып, оның бейнесінің қасына қирағалы тұрған құжырада орналасқан «Сбербанк» бөлімшесінің суретін қойып қойған.

Интернеттегі кейбір қалжыңбастар банк басшысын үйсіз адамның кейпіне енгізген. Банкоматтың үстінде қылжиып жатқан кісінің суретін берген «Ща» есімді қолданушы «Греф, тоқтат!» деп жазып қойыпты.

Банкоматтың түбінде жатқан тағы бір қаңғыбастың суретін берген «Голос Мордора» деген Twitter қолданушы «Греф! Жетер енді!» деп кекесінмен пікір қалдырған.

«Во///дь» есімді және бір twitter қолданушы осы тақырыпты әрі жалғап, «Сбербанк» банкоматы мен ипотекалық несиені жарнамалаған плакатының артында жатқан үйсіз кезбенің суретін беріп, қасына «Киімін ауыстырып келген Герман Греф жеңілдетілген шартпен ипотека алды» деп жазған.

XS
SM
MD
LG