Accessibility links

Шылыммен күрес халық санын көбейтуге сеп пе?


Темекі тартып тұрған мәскеулік.
Темекі тартып тұрған мәскеулік.

Ресейде кафе мен барларда шылым шегуге тыйым салатын заң күшіне енді, оған қатысты тұрғындар қарама-қайшы көзқарас ұстанады.

Кремль саясатын қолдайтын жас белсенділер тобы былтырдан бері шылым шегуге тыйым салынған жер саналатын метро станциясы қасында темекі тартқан егде жастағы әйелге жақындады. Қолдарындағы камераға әйелді түсіріп жатып, одан сигаретін тастауды сұрады. Басында әйел оған келіспеді. «Неге басқа жұмыс тауып алмайсыңдар?» деп сұрайды ол өзін ту сыртынан камераға түсіріп жатқанын байқамай.

Бірақ аяғында үгітшілерге беріліп, темекі тұқылын жігіттердің біріне ашуланып лақтырып жібереді.

«ҚАТАЛ ЗАҢ»

Бұл Мәскеу көшесінде болған жағдай интернетке салынған, осыған қарап шылымқорлар мен темекіге қарсы белсенділер арасында келіспеушілік бар екенін байқаймыз. Әлемде шылым нарығы бойынша екінші орын алатын Ресейде жаңа қатал заң жасалды.

Заңның соңғы кезеңі маусымның1-інен бастап күшіне енді. Енді ресейліктер бар, кафе, мейрамхана, кеңселер мен қоғамдық көліктер сияқты қоғамдық орындарда шылым шеге алмайды. «Бұл сондай қолайсыз!» дейді 40 жастағы шылымқор, мамандығы бухгалтер Ануш Зогранян. Салқын, бұлтты күні ол Мәскеудегі кафенің сыртында шылым шегіп тұрды. Осыдан бір ай бұрын кафенің іші темекі түтініне тұмшаланып тұратын. Ол тыйымға «моральдық» тұрғыда дайындалғанын айтады, бірақ қыста далаға шығып шылым шегуге құштар емес.

Дондағы Ростовта шылым шегіп тұрған ресейлік.
Дондағы Ростовта шылым шегіп тұрған ресейлік.

Басқалары тыйымның өмірлік дағдыларын бұзатынын айтады. «Мен сыртқа сирек шығатын болдым» дейді 30 жасар жарнамалық агенттік қызметкері Алексей. Түскі ас кезінде мейрамханаға кіретін сәтте ол сигарет ұстап тұрды. «Бұрын апта сайын серуен құрсам, енді айына бір рет ғана шығамын» дейді ол.

Ал адамдар бас қосатын орындарда қызмет ететіндер табыстың азайғанын айтады. «Известия» газетіне сұхбат берген мейрамханалар мен қонақүйлер федерациясының жетекшісі Игорь Бухарев кейбір мекемелерде кірістің 15-тен 20 пайызға дейін азайғанын жеткізді. «Бұл өте маңызды. Кафе мен мейрамхана, барларға қатысты статистика осындай. Клубтарды есепке алған жоқпыз» деген ол.

Оқи отырыңыз: Ресей насыбайға тыйым салмақшы

«БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ КЕРЕК»

2013 жылдың ақпан айында президент Владимир Путин қол қойған заң кезең-кезеңімен күшіне еніп жатыр. Өткен жылы сигареттің ең арзан бағасы сәл өсті – 1.50 долларға қымбаттады. Бірақ бұл Батыс елдерімен салыстырғанда біршама арзан баға.

Саябақтар мен жағажайлар, метро станциясының маңы, түрмелер мен ауруханалар сияқты орындарда да шылым шегуге тыйым салынады.

Маусымның 1-інен бастап, ғимарат ішінде шылым шегуге тыйым салғаннан бөлек, сигареттер дүкенде көрсетілмейді, фильмдер мен теледидарда темекі түтінін көрсету «суреткер идеясының ажырамас бөлігі» болмаса, заңсыз саналады.

Темекі тартып отырған мәскеулік студенттер.
Темекі тартып отырған мәскеулік студенттер.

Заңның мақсаты – 2020 жылға қарай ресейліктер арасында шылым шегуді 15 пайызға азайту, бюджет түсімін бір триллион рубльге арттырып, Совет Одағы тарағаннан бері саны азайған халық санын көбейтуге тырысу.

Кейбір заң шығарушылар шылымға тыйымды одан әрі күшейту керек дейді. Осы айда Коммунистік партияның депутаты Иван Никитчук бала туу санын арттыру мақсатында мемлекеттік думаға 40 жасқа толмаған әйелдер арасында шылым шегуге тыйым салу туралы заң жобасын ұсынды. Алайда, оның ұсынысы қабылданбады.

Бірқатар азаматтардың күнкілдеп, наразы болғанына қарамастан шылыммен күресті қолдаушылар бар, тіпті шылымқорлардың өзі де бұл тыйымды құптайды. 60 жасқа келген шылымға әуес Раиса бұндай заңды баяғыда қабылдау керек еді дейді. Ол жас ұрпақтың болашағын ойлайды. «Немерелерім өсіп келеді» деді ол өзбек мейрамханасы жанындағы орындыққа отырып жатып, «Олар үйде жүрсе, шылымды далада шегемін. Балалар темекі түтінін жұтпауға тиіс».

Тіпті кейбір бар менеджерлері темекі тартуға тыйым салатын заң кәсібімізге көмектесті дейді. «Біздегі адамдар осыған қуанып жүр. Келетін адамдар саны да көбейді» дейді 24 жасар Петр Барышников. Мәскеудің орта тап тұрғындарына қызмет көрсететін «Деликатесы» бары мен мейрамханасында қызмет ететін ол «Бұл барда жертөле бар, сондықтан шылым шеккен кезде бәрі түтіндеп кететін, оны ешкім жаратпайды. Жас буын никотинге қарсы болып, салауатты өмір сүреді деп ойлаймын» деді.

Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG