Accessibility links

Колыма лагерьлері туралы фильм шықты


"Колыма. Мәйіттер жолы" деректі фильмін түсіру тобы
"Колыма. Мәйіттер жолы" деректі фильмін түсіру тобы

Биыл маусымда Станислав Муханың "Колыма. Мәйіттер жолы" деген жаңа деректі фильмі Германия экрандарына шығады. Бұл - Еуропада "Уорхол абсолюті"(2001) және "Қара теңіз одиссеясы" (2014) сияқты фильмдерімен танылған польшалық режиссердің тоғызыншы толық метражды фильмі.

48 жастағы Станислав Муха поп-арт жанрының классигі Энди Уорхол туып-өскен Словакиядағы ауыл немесе "дамыған социализм" дәуірінде Абхазияда салынған, қазір әбден тозығы жеткен шипажайлар сияқты постсоветтік кеңістікті зерттеген фильмдер түсірген. "Колыма. Мәйіттер жолы" ("Колыма. Дорога костей") фильмі Магаданның маңындағы жол шетінде орналасқан дәмханадағы әңгімеден басталады. Поляк сатушы қыздан "ГУЛАГ-тың не екенін білесіз бе?" деп сұрайды. Бойжеткен "Гуляш дейсіз бе? - Гуляш жегіңіз келе ме?" деп сұрайды. Бірақ бұл кіріспе ГУЛАГ дегеннің не екенін жақсы білетін, өйткені бүкіл өмірін Колыма лагерьлерінде өткізген өзге кейіпкерлерімен кездесуге ұласады.

"Колыма. Мәйіттер жолы" фильмінің ресми трейлері

– Әуелі сценарий жазу керек болды. Оған стипендия алдым. Кейіпкерлерім мен идеямды сипаттап жазуым керек болды. Әуелгіде ГУЛАГ туралы тағы бір фильм түсірейін деген ойым болған жоқ... Бірақ әлемдегі ең үлкен зиратта тұрып жатқан адамдардың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысқым келді... Ақыры фотосуреттерімен қосқанда, 90 бетке жуық сценарий жазып шықтым. Бір жыл бойы қаржы бөлінуін күттік, онсыз болмайтын еді. Өйткені фильмді шаң-тозаңға да, қақаған аязға да былқ етпейтін жақсы камерамен кәсіби деңгейде түсіру керек болды ғой. Сосын тура түсірілім басталар кезде кейіпкерлеріміз қайтыс бола бастады. Үйсіз болғандықтан, қараусыз қалған лагерь барагында тұратын әйел қыстың басында қайтыс болып кетті, сондай аянышты... Түсірілімге кіріспей жатып осындай қаралы хабарлар ала бастадық. Сценарийде қамтылған адамдарға телефон соқсам болды, жаманат хабар естимін. Сонымен басты кейіпкерімізден үшеу ғана қалды. Түсірілімді осындай қиындықтарға икемделіп жүргізуге тура келді. Мысалы, әуелі келісім берген біреу "әбден ойландым, мұндай фильмге түспеймін" деп бас тартты. Арасында мұндай жағдай да болды.

"Колыма. Мәйіттер жолы" фильміндегі Магадан әуежайындағы плакатты көрсететін кадр
"Колыма. Мәйіттер жолы" фильміндегі Магадан әуежайындағы плакатты көрсететін кадр

Сонда адамдар фильмге түсуден қорықты ма? Әлде түсірілімнен бас тартуға өзге әлдебір себептері болды ма?

– Анығын білмеймін. Меніңше, Колымада "жүрегі тоң болып қатып қалған" адам ғана тіршілік ете алады. Сонда тұрсам, менің де жүрегім мұз болып қатып қалар еді. Бірақ камераның алдында сөйлеуге келіскен орыстардың бәрі ашық адамдар болды. Олар өз өмірі жайлы айтып бергісі келеді, алайда бұрын оларға ешкім мұндай қолқа салып көрмеген.

"Колыма. Мәйіттер жолы" фильмінен алынған кадр
"Колыма. Мәйіттер жолы" фильмінен алынған кадр

– Фильмді түсіруге жергілікті билік бөгет жасаған жоқ па?

– Жергілікті полиция бастықтарымен бірер мәрте проблема туды. Олар бізді өздерінің қонақүйлеріне шақырды. Барсақ, қонақүй бос тұр - әлдебір жергілікті олигархтар, полицияда істейтін дөкейлер отыр екен. Олармен камераны қосып сөйлескім келді, бірақ олар түскісі келмеді. Олар не үшін келгенімізді сұрады. Сірә, неміс түсірілім тобын ерткен поляк режиссер Магаданға неге аяқ асты жетіп келді? Мұның астарында не бар? Әлде біздің үстімізден біреу "тапсырыс" берді ме екен? Шын мәнінде, бұлар мемлекеттік телевизиядан келген біреулер шығар деп ойлапты. Бірақ олар өздерін сыпайы ұстады, кездесулеріміз тез аяқталды. Ал нағыз қиындыққа қаладан шығып, лагерьлер орналасқан жаққа қарай бет алғанымызда тап болдық. Телефондарымыз желіге қосылмай қойды, интернет жоқ. Сондықтан өзіміздің қай жерде екенімізді біле алмай, тірі қаламыз ба, жоқ па деп ойлап қатты қиналған кездеріміз де болды.

Колымадағы қаңыраған барактар. Бұрын мұнда "жазасын өтеушілер" тұрған
Колымадағы қаңыраған барактар. Бұрын мұнда "жазасын өтеушілер" тұрған

– Қыстағы түсірілімді айтып отырсыз ба?

– Иә. Біз жұмыс істегенде күн минус 65 градусқа дейін аяз қысқан кездер болды. Мұндай ауа-райынан әсіресе дыбыс режиссеріміз қатты қиналды. Ол тыныстауды жеңілдететін арнайы жаттығулар жасап жүрді. Бірақ аяздың қаттылығы сондай - оның тамағынан қан кетті. Ал жазда күн керісінше плюс 40 градусқа дейін ысып кетеді. Айырма - 100 градус! Климаты - күрт континенталды екен. Сондықтан адамдар не үшін мұндай жағдайда тұрып жатып деп ойлайсың. Бірақ қазір ол жақта ГУЛАГ жоқ екенін, адамдар тек алтын мен алмаз үшін ғана тұратынын білемін.

Фильмнен көрініс. Колымадағы алтын жуушы
Фильмнен көрініс. Колымадағы алтын жуушы

– Мұндай "табиғи жағдайда" қанша уақыт жұмыс істедіңіздер?

– Техникамызды тексеріп алу үшін бірнеше апта әуелі Колымада жұмыс істедік. Аппараттарымыз дұрыс істейтініне сол жерде көз жеткізіп алуымыз керек болды. Бұған Еуропадағы видеоаппаратура шығаратын ешбір компания кепілдік бере алмады. Германияда операторымыз Энно Эндлихер камераны минус 40 градусқа дейін суытатын мұздатқыш камераның көмегімен сынақтан өткізіп көрген. Бірақ ол мүлде басқа суық екен. Колымада бәрі басқаша – мұхит жақын, тау - теңіз деңгейінен екі мың метр биікте, үскірік жел... Ақыры Колымада алты ай жүрдім. Бір жарым ай жазда, бір жарым ай қыста түсірдік. Қалған уақытымыз ақпарат іздеумен, келіссөз жүргізумен, түсірілімді ұйымдастыруға қатысты кей мәселелерді шешумен өтті.

ГУЛАГ туралы black comedy ("қара" комедия) түсіру идеясы қайдан пайда болды? Әлде отбасыңыздың тарихы Сібірмен байланысты ма?

– Фильмдегі күлкілі эпизодтар - менің еңбегім емес. Фильм кейіпкерлері өздерін де, тұрып жатқан қиыр түкпірді де келемеж ете алатын өте әзілқой жандар болып шықты. Меніңше, бұл өз-өзін қорғауға, тіршілік етуге көмектесетін механизм. Ал Колымаға баруды бала кезден армандайтынмын. Өйткені соғыстан кейін атамды Польшадан Сібірге, дәл осы Колымаға жер аударған. Бақытымызға орай, ол кісі мына тозақтан аман қалды. Ол Транссібір темір жолымен әуелі Владивостокқа дейін ұзақ жүріп бардық, сосын теңіз арқылы Колымаға апарды деп айтып отыратын. Колымаға жеткеннен кейін лагерь коменданты оған балалар әткеншегін жасауды тапсырыпты. Атамыз тапсырманы орындап шығыпты, өзі ағаш шебері болатын. Көп ұзамай Сталин өліп, атам үйіне қайтқан. Айтпақшы, ол Сібірден үйге дейін жаяу келіпті. 1953 жылғы наурызда лагерьден шығып, бүкіл Ресейді қалай жаяу жүріп өткенін атамның әңгімесі бала кезімнен есімде қалыпты. Үйге жеткен кезде қазан ба, қараша ма әйтеуір қара күз болыпты.

Ертегіге бергісіз оқиға екен...

– Ал кейін атам жасаған әлгі әткеншекті көрдім. Бір күні Берлинде өткен көрмеге барып қалдым. Ол қателеспесем, Колымада 22 жыл отырып, әлгі тозақты басынан өткерген Варлам Шаламовқа арналған көрме болатын. Көрмедегі өзге экспонаттардың ішінде поляктың тамаша фотографының суреттері де болды. Көрмені аралап келе жатып кенет әлгі әткеншекті көріп қалдым да, отбасымыздағы әңгімені бірден есіме түсірдім. Колымаға бару үшін фильм сценарийін жазу керек деген ой сол кезде келді. Өйткені ол жер демалыс алып бара салатын орын емес қой... Фильм түсіріп, атам жасаған әткеншекті табу идеясы осылай туды. Бұл оңай болған жоқ, өйткені әткеншекті қай жерден көргенін әлгі фотограф мүлде есіне түсіре алмады. Бірақ ақыры әткеншек тұрған жерді де, әткеншектің өзін де таптық! Дәл сол, яғни атам қолымен жасаған әткеншек екеніне сенімді емеспін, әрине. Бірақ Колыма лагерьлерінен ондай өзге әткеншектерді жолықтырмадық. Мен тіпті бұл жайлы жеке фильм түсіріп, бір кездері әлгі әткеншекте ойнаған баланы тауып алғым келер еді. Оның әлі тірі болуы әбден мүмкін ғой.

Колымадағы әткеншек
Колымадағы әткеншек

Яғни фильмдегі әткеншекке қатысты көрініс - сіз үшін ең маңызды эпизодтардың бірі екен ғой?

– Иә. Әлгі жерге радиациямен ластанған территория арқылы бір күнге жуық жүріп жеттік. Радиация деңгейі қауіпті межеден асып кетсе, қай жаққа қашуды білу үшін Гейгер аспабын алып шыққанбыз. Әткеншек тауда, қиян асуда екен. Жергілікті екі аңшы бізге жол сілтеді. Ақыры жеттік! Бұл адам сенгісіз нәрсе болды. Бір жағынан қорқынышты, бір жағынан ғажап нәрсе. Тағы бір қызығы - әлгі әткеншекті камераға түсіріп біткен (оны сәл тербетіп қалдым, мұны фильмнен көрдіңіз) бетте күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жауын құйып кетті. Ал әткеншектің тура жанында жұқалап топырақпен жабылған сүйектерді, адамдардың бас сүйегінің қаңқалары жатқанын көрдік...

Колымадағы лагерь маңы
Колымадағы лагерь маңы

Кейін Лейпцигте өткен фильм премьерасында түсірілім тобында болған адамдардың бәрі осы эпизодты – әткеншекті боран құлатып тастаған кезді естеріне түсірді. Қазір ол жерде жатыр. Бірақ әлгі әткеншекті тепкен баланы іздеуге аттансақ жақсы болар еді. Ол қыз болды ма, әлде ұл бала болды ма - белгісіз. Кім біледі, мүмкін ол Ресейдің болашақ президенті шығар?

– Сіз үшін Сібір мүлде күтпеген нәрсе болуы мүмкін кеңістікке айналған сияқты. Бірақ Колыма және ол жақта болып кеткен және қазір болып жатқан жайттардың бәрі күлкі шақыруы мүмкін бе?

– Колыма – кезінде сұмдық жайттар болған кеңістік қана емес, ол жақ бәрі монохромды, яғни қара мен ақ түстен ғана тұратын жер емес. Ол жақта тұратын адамдар тіпті “Колыма, Колыма, чудная планета. Двенадцать месяцев – зима, остальное – лето” (Колыма, Колыма, өзге бір планета, Он екі ай - қыс, Қалғаны - жаз) деп әндетеді екен. Мен фильм кейіпкерлеріне қосылып қана күле аламын. Бірақ оларды келеке етуден аулақпын. Меніңше, әлгі орынның ерекшелігі сол жердің ресурстарына, байлығына, өзге еш жерден кездеспейтін, тек сол жерде ғана бар магниттік өрістерде, тастарға байланысты. Өйткені ол жақта шынымен магниттік өріс қатты, компасты қоссаң, тілі тыным таппай кетеді.

Колымадағы балық аулау
Колымадағы балық аулау

– Мұндай деректі фильм түсірудегі ең маңызды нәрсе не деп ойлайсыз? Нені күн ілгері ойластырып, ал түсірілім кезінде қандай экспромтқа сүйенуге тура келді?

– Меніңше, бұл құпияның бірнеше кілті бар, оның көбі психологиялық кілттер. Экранда бірер секунд ғана немесе жарты сағат тұрғанына қарамастан сіз кейіпкердің жан-дүниесіне, оның ішкі әлеміне бойлауыңыз керек. Егер өз кейіпкеріңіздің жүрегін ашатын мұндай кілтті тапсаңыз, ол камера алдында жарқырап ашылып, сырын ақтарады.

"Колыма. Мәйіттер жолы" фильмінің афишасы
"Колыма. Мәйіттер жолы" фильмінің афишасы

Өзіңіз түсіретін адамдар өздерін еркін сезінгені, олар кадрдан қорықпағаны өте маңызды. Сол кезде олардың реакциясы да табиғи болады. Мен оларға түсірілімнен қорықпау керектігін көрсетуге тырысып, әңгімеге тартамын. Ондай кезде олар менің камераның артында тұрғанымды, ал өздері объективтің алдында тұрғанын біртіндеп ұмытып кетеді. Ең бастысы - осы. Ал бұған қоса, кей жайттарды алдын ала ескеруің керек. Фильм түсіре бастаған кезде біразға дейін ештеңенің реті келмей қалуы мүмкін. Мысалы, аяқ асты жазатайым оқиға болып қалады немесе біреу қайтыс болып кетеді, біреу келмей қалады. Мұндай қиындықтарға шыдамды болуға тура келеді.

Соңғы сұрақ. Бұл фильмдегі ең сүйікті кейіпкеріңіз кім?

–​ Ол - фильмнің соңында "Мен - офицермін. Балам Совет одағының батыры болған. Сонда біз нені қорғадық? Мен өз отаным үшін ұяламын!" деп сөйлейтін майор. Әлгі адам Колымаға 10 жасында айдалып барған екен. 1990 жылдары Шешенстандағы соғыста құтқару қызметінде жұмыс істеген әйелінен айырылған. Екі ұлынан айырылған. Біреуі Шешенстандағы соғыста, ал екіншісі Ауғанстанда қаза тапқан. Ол кісінің енді жоғалтары жоқ, сондықтан ол мүлде ымыраға көнбейтін адам. Әлгі кейіпкерді бірден жақсы көріп кеттім. Мінезі қиқар, ұрсыса береді, өз пікіріне берік адам. Ал мен ондай радикалды емеспін. Бірақ ол кісі қатты ұнады. Сондықтан сол кісі сияқты өмір сүру керек деп ойлаймын.

P.S. "Колыма. Мәйіттер жолы" фильмі Германияда прокатқа 21 маусымда шығады. Ал Ресейде прокатқа шыға ма, жоқ па – әзірше белгісіз.

("Сибирь.Реалии" сайтының тілшісі Яна Карпенконың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG