Accessibility links

СССР-дің мұнай өндіру екпінділері әлі бөшкелерде тұрады


Вагондар мен бөшкелерде 30 жыл тұру
please wait

No media source currently available

0:00 0:23:10 0:00

ВИДЕО: Вагондар мен бөшкелерде 30 жыл тұру (сюжет - орыс тілінде)

Ресейдің мұнайға ең бай аймағы – Ханты-Манси автономдық округында Нягань деген қала бар. Оны салған тұрғындардың, қазіргі және бұрынғы геологтар, мұнайшылар мен құрылысшылардың көбінің шағын вагондар мен бөшкелерде тұрып жатқанына 30 жылдан асқан.

Ақша табу үшін солтүстікке ағылған адамдарды вагон-бөшкелерге уақытша баспана ретінде 1980 жылдары орналастырған. Бірақ әлгі вагон-қалашықтарда нягандықтардың үшінші ұрпағы өсіп келеді. Билік оларды дені дұрыс баспанамен қамтамасыз ете алмай отыр.

Няганьда тұрғын үйлер орналасқан аудан дегеннен гөрі қаланың кедейлер тұратын қараусыз ауданына көбірек ұқсайтын тұтас кварталдарда тек вагондар мен бөшкелер тұр. Деректерге қарағанда, әлгі вагондарда қазір бір жарым мыңнан 10 мыңға дейін адам тұрып жатыр.

*****

Людмила Мохно Няганьға 1984 жылы күйеуі екеуі Украинадан барған. Ол содан бері вагонда тұрады, онысы әбден шіріп біткен.

"Вагонды қара жердің үстіне қоя салған, еден тастай суық " дейді ол.

Бұл отбасы вагон-қалашықты мекен еткен 33 жылда Людмила құбырмен келетін суды пайдаланып көрмеген, өйткені ауданда әлі ауыз су тартылмаған. Суды көлікпен жеткізеді. Су тасудың көліктен басқа да жолы бар - бастаудан шелекпен әкелуіңе болады.

Ал іргедегі көршісі темір бөшкеде тұрып жатыр.

"Өзім 3-топ мүгедегімін, мына жерде тұру қиын! Су жоқ, ешқашан болған да емес" дейді ол. Бұған қоса, вагон, бөшкелерде кәріз жүйесі де ешқашан болмаған.

*****

Людмиланың қызы Ольга Мохно да сондай вагонда тұрады.

"Бассам, аяғымның астындағы еден қозғалады. Абай болмасаңыз, опырылып, түсіп кетуіңіз мүмкін. Баяғыда мына жерді басып қалып, түсіп кеткенбіз" деп ескертеді ол.

Вагон-қалашықтың тағы бір тұрғыны Виктория Полонко "Балалардың бәрі жөтеліп жатыр! Мұрындарынан үнемі су ағады,жөтел үзілмейді, жиі ауырады! Балалар тұратын жер ме мынау?! Бұл тіпті қауіпті ғой! Өмір сүру үшін де, балалардың денсаулығы үшін де қауіпті" дейді.

Тағы бір шағын вагонда Ирина Будуриннің үлкен отбасы тұрып жатыр. Вагонның тарлығы соншалық, кіреберісте екі адам сығылысып әрең өтеді.

"Бөлмедегі заттарымыз пакеттерде тұр, өйткені шығарып, қоятын мүлде орын жоқ! Қажетін шығарып, қажетсізін салып қоямыз!" дейді ол.

Бөлме іші тастай суық. Бірақ ең үлкен проблема ол да емес.

"Бүкіл жерде, төсектің астында егеуқұйрықтар өріп жүр! Еденге ештеңе қоя алмаймыз. Таңертең бүкіл ыдысты қайта жуып шығуға тура келеді, өйткені түнде егеуқұйрық түк қалдырмай аралап тастайды!" дейді Ирина.

*****

Жаңбыр жауған кезде вагондардың салбырап кеткен төбесінен жердегі шылапшын, кәстрөлдерге су құйылады.

"Шылапшын толса, суды далаға апарып төгеміз. Су біткенше осылай төгіп тұрамыз" дейді жергілікті тұрғындар.

Няганьның климаты қытымыр, қыста кейде 50 градусқа дейін аяз болады.

"Міне, қараңыз, бұрын шатыр болған. Оны сәл көтердік, түк қалмай шіріп кетіпті. Жаңадан шатырлап едік, қазірдің өзінде көгеріп кеткен! Бәрі шіріп жатыр" дейді Сергей Цуркан.

"Мен Ресейде тұрып жатпағандай боламын кейде. Нягань басқа бір ел сияқты" дейді ол.

*****

2017 жылы маусым айында Няганьда тұратын әйелдің "Бізді қашанкөшіреді? " деген сұрағына Ресей президенті Владимир Путин "Тікелей желіде" жауап берген кезде вагон тұрғындарының еңсесі көтеріліп, серпіліп қалған. Путин вагон-қалашықтардың проблемасын шешуге уәде еткен.

Ол «Баспана» бағдарламасында бұған ақша бар. 2017 жылға да ақша бөлінген. Біз бұл міндетті аяғына жеткізгенге дейін ақша бөле беретін боламыз. Бұл мәселені міндетті түрде шешеміз" деп уәде берген.

Шынымен де, Нягань билігі адамдарды вагондардан пәтерлерге қағаз жүзінде көшіріп, оларға жаңа баспананың құнын төлеуге кепілдік беретін сертификаттар бере бастаған. Неге екені белгісіз, бірақ әлгі сертификаттарда 2012 жылдан кейін туған кішкентай балалар жоқ болып шықты.

"Ақыры жөні түзу жерге көшіп, баспанаға да қолымыз жетті-ау деп қуанып қалдық. Бірақ жиенім мен балам әлгі бағдарламаға ілікпейтін болып шықты" дейді Ольга Мохно. Екі баланы кіргізбегендіктен, болашақ баспана сатып алу үшін енді оған бір жарым миллион рубль кем береді, ал Нягань тұрғындары үшін бұл қыруар ақша. Ольга аймақтағы ірі мұнай компаниясында қоймашы болып жұмыс істейді, екі жоғары білімі болғанымен, айлық жалақысы 20 мың рубльге жетпейді.

Татьяна Разакова 7 жасынан - әке-шешесі құрылыста жұмыс істеу үшін Қырғызстаннан Няганьға келгеннен бері вагондарда тұрып келеді. Татьяна вагон-қалашықта мектепке барған, тұрмысқа шыққан, екі бала туып, жуырда әже болған. Енді билік оның бүкіл отбасына жаңа баспанаға деп шамамен 2 миллион рубль ғана беріп отыр. Няганьда бұл ақша бір бөлмелі шағын пәтер сатып алуға ғана жетеді.

"Маған ұсынып отырған бір бөлмелі пәтерде қызым, ұлым, немерем төртеуміз қалай тұрамыз? Ол жерде қалай өмір сүреміз? Жұрттың шарасы таусылды, не істерін білмей отыр" дейді ол.

Вагон-қалашықтың тағы бір тұрғыны Павел Полонконың айтуынша, оған бір адамға 730 мың рубльден есептеп, сертификат берген, бірақ билік Ольга Мохноның балалары сияқты оның да баласын сертификаттан алып тастаған.

"Менде 700 мың рубль шықты. Оған не сатып алмақпын? Қазір пәтер кемінде 2 миллион рубль тұрады" дейді Павел.

Виктория Полонко баспана беруді сұрап, жергілікті әкімшілікке талай рет хат жазғанын айтады.

"Бізге жергілікті басқару органы баспана беруге міндетті емес деген жауап келді"дейді әйел.

*****

Тіпті мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың өздері жөні түзу баспана ала алмай жүр. Олардың қалаға бұрын сіңірген еңбегі қазір ұмытылған сияқты.

Валентина Галикееваның күйеуі сәтсіз жасалған операция кесірінен үш жыл бұрын мүгедек болып қалған.

"Төсекке таңулы мүгедек. Әжетхана жоқ, шелек тосамыз. Жуынатын ванна да жоқ. Несие бермейді. Отағасы екеуміз қайда тұруымыз керек? Әлгі бір бөлмелі пәтерді қандай ақшама сатып алмақпын? Ресейде осындай жағдайда тұрамын деп өмірімде ойлаған емеспін " дейді ашынған Валентина.

"Бүкіл құқығымызды таптап отырса, туған мемлекетіме қалай сенемін, қалай патриот боламын? Мына елдің патриоты болғым келмейді. Бізді адам ғұрлы көрмейді, еңсемізді көтертпейді. Биліктің ана жақтағы, жоғарыдағы былықтарын бізге көрсетпеу үшін мемлекет еңсемізді әдейі көтертпей отырғандай көрінеді маған" дейді Татьяна Рязакова.

Вадим Кондаковтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG