Accessibility links

Байқоңырды суретке тартқан ұшақты қалай атып түсірген?


Гэри Пауэрстің баласы әкесінің тарихын зерттеп жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:17 0:00

ВИДЕО: Гэри Пауэрстің баласы әкесінің тарихын зерттеп жүр (орыс тілінде)

Кіші Гэри Пауэрс әкесі - америкалық әскери ұшқыш жайлы мәліметтерді баяғыдан жинап келеді. 1960 жылы үлкен Пауэрс Байқоңыр мен Арзамас-16 ядролық қаруды құрастыру орталығын әуеден суретке түсіруі тиіс болған, бірақ оның ұшағын атып түсірген, ал кейінірек ұшқышты совет барлаушысы Рудольф Абельге айырбастаған.

Гэри Пауэрс оқиғасы «қырғиқабақ соғыс» кезеңіндегі Ресей-АҚШ қатынасындағы ең үлкен даулардың бірі болған. Арада 60 жыл өтсе де жұрт оны әлі ұмытпаған.

Америкалық ұшқыштың баласы - кіші Гэри Пауэрс Екатеринбургке ұшып келіп, одан кейін әкесі тұтқынға түскен Косулино деревнясына барды. Тыңшының қалай қолға түскенін ауыл тұрғындарының бәрі жамырасып айтып берді. Косулино ауылы тұрғындарының жартысына жуығы "америкалық ұшқышты менің туыстарым ұстаған" дейді. Жергілікті әйелдердің бірі:

- Жанына жүгіріп барып едік, ол орыс тілінде "су беріңіздерші!" деді. Өзі әп-әдемі жігіт екен. Менің қолымнан су ішті, - дейді.

Тағы бір жергілікті әйел:

- Сосын екі көлікпен кісілер келіп, бізге "арырақ тұрыңдар, бұл кісі - тыңшы" деді, - деп еске алады.

Кіші Гэри Пауэрстің әкесінің тағдырына қатысты деректерді тірнектеп жинағанына ондаған жылдар болған. Бұл оқиға жайлы жарияланған ресми мәліметтер жоқтың қасы. 1960 жылы мамырдың 1-і күні Пауэрстің U2 барлаушы ұшағы Ауғанстаннан ұшып шыққан әрі бірнеше сағаттан кейін Норвегияда қонуы тиіс болған.

Ұшқыш жол-жөнекей СССР-дің Байқоңыр полигоны мен Арзамас-16 ядролық қару құрастыру орталығы сияқты әскери нысандарын фотоға түсіріп алуы тиіс болған. Ұшқыштың қалтасында улы түйреуіш болған, ол оны тұтқынға түскен жағдайда қолдануы тиіс болатын, бірақ Пауэрстің сөзінше, ол әлгі түйреуіш жайлы ойламаған. Ұшақ СССР территориясы үстінен советтің тосқауылшы ұшақтары көтеріле алмайтын 20 мың метр биіктікте ұшқан.

Бірақ Орал тауының тұсында ұшақты ЗРК С-75 зымыраны атып түсірген.

Орал тау-кен-металлургиялық компаниясының (УГМК) әскери техника мұражайы қызметкері Никита Крутаков "америкалықтар ұшақты МИГ-19 қуады деп ойлаған, ал мына сияқты зымыран атады деп күтпеген, сондықтан олар үшін бұл күтпеген оқиға болды" дейді.

Пауэрстің ұшағын көздеп барлығы сегіз зымыран атылған. Олардың бірі америкалық ұшқышты қуып бара жатқан советтің МИГ-19 ұшағына жаңылысып тиіп, ұшқыш Сергей Сафронов мерт болған. Зымыран америкалық барлаушы ұшақтың құйрығы мен қанатын жұлып әкеткен. Ал Пауэрс атылып немесе улы түйреуішті қолданып өзін өзі өлтірудің орнына парашютпен жерге секірген. Ол Косулино ауылы тұсына - ұшақ сынықтары құлаған жерге таяу маңға түсіп, жергілікті тұрғындар қоршап алған.

Екатеринбург музейінде тұрған Пауэрс пен оның ұшағының макеті.
Екатеринбург музейінде тұрған Пауэрс пен оның ұшағының макеті.

- Олар әкемнен орыс тілінде бірдеңелерді сұрай бастапты. Ал ол орысша білмейтіндіктен, түсінбеген, - дейді ұшқыштың баласы.

Пауэрске қатысты әлгі оқиғаға арналған көрме кураторы Алексей Антошин "Ол, әрине, қорқынышты бірдеңе болатын шығар деп ойлаған. Әлгі құралдарды қолданып, өзін өзі өлтіруіне болушы еді. Бірақ ол біздің халық, совет халқы да америкалықтар сияқты қарапайым адамдар шығар деген үмітпен олай істеуге жүрегі дауаламаған" дейді.

Кіші Пауэрс әкесінің жолын жүріп өтуді ұйғарып, ұшақтың сынықтары құлаған орынды зерттеген, ұшқышты КГБ-ға әкеткен автомобильге отырып көрген, Верхняя Пышмадағы әскери техника мұражайына барып қайтқан.

- Әлгі ұшақтың сынықтарын ұстап көру ғажап сезім екен, - дейді ол.

Тыңшылық жасағаны үшін СССР соты оның әкесін 10 жылға соттаған. Бірақ екі жылдан кейін оны совет барлаушысы Рудольф Абельге айырбастайды. Жарты ғасырдан кейін Стивен Спилберг екеуін айырбастау туралы «Тыңшылар көпірі» деген фильм түсірген.

Кіші Гэри Пауэрстің айтуынша, әкесі чекистерді ешқашан жамандамаған. Оның сөзінше, тергеуден әбден діңкелеген, бірақ оны ешкім ұрып-соғып, азаптамаған.

"Әкем жолында кездескен совет адамдарына, оны тұтқындап, тергеген әскерилерге немесе КГБ офицерлеріне әрдайым асқан құрметпен қарайтын. Ол кісілер өздері де кәсіпқой болған, әкемді де кәсіпқойлығы үшін сыйлапты" дейді ол.

Совет барлаушысына айырбасталып, еліне оралған ұшқышты АҚШ-та мүлде батыр деп санамаған. Саясаткерлер мен бұрынғы әріптестерінің көбі оны өзіне қол салмады деп жазғырған. Пауэрсті 2000 жылы ғана түпкілікті ақтап, баласы әкесі үшін бірнеше әскери награда алған.

Антон Захаровтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG