Accessibility links

Кремльді сынаушыға кім у берді?


Владимир Кара-Мурза.
Владимир Кара-Мурза.

Ресейдегі оппозиция белсендісі Кіші Владимир Кара-Мурза екі жыл ішінде екінші рет қатты ауырып, ауруханаға түсті. Әйелінің айтуынша, дәрігерлер оған бұл жолы да «белгісіз заттан уланған» деген диагноз қойған.

Кіші Владимир Кара-Мурза 2015 жылдың мамырында да саяси белсенділігі үшін әлдекімдердің өзін белгісіз умен улағанын мәлімдеген. Биыл ақпанның 2-сінде кенет ауруханаға түскен ол тағы да есінен танып қалған. Бұл оқиғаның жаңғырығы Вашингтонға дейін жетті, онда конгресмендер президент Дональд Трамп әкімшілігін Ресейге қатысты саясатты анықтағанда Кіші Кара-Мурзаның да жайын қаперде ұстауға шақырды.

Владимир Кара-Мурза кім?

35 жастағы Владимир Кара-Мурза – 17 жыл бұрын Владимир Путин президенттікке келгелі бері оппозицияның белсенді өкілі, саяси қайраткер.

Бірнеше жыл Вашингтонда телеарна тілшісі болған ол 10 жылдан астам түрмеде отырып, кейіннен шетелге кетіп қалған бұрынғы магнат, Путиннің бітіспес қарсыластарының бірі - Михаил Ходорковскийдің жобаларында жұмыс істей бастады. Кара-Мурза 2015 жылы ақпанда Кремльдің іргесінде қастандықтан өлген оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың досы әрі әріптесі болған.

Жасөспірім кезінде анасымен бірге Ұлыбританияда тұрған ол Ресейдің де, Ұлыбританияның да азаматтығын алған, әйелі мен үш баласы Вашингтон түбінде тұратындықтан уақытының біраз бөлігін сонда өткізеді. Әкесі – белгілі журналист, Үлкен Владимир Кара-Мурза.

Оған не болды?

Ресейдің бірнеше қаласында саяси жақтастары арасында семинарлар мен кездесулер өткізіп жүрген Кіші Владимир Кара-Мурза 2015 жылдың мамырында денсаулығы күрт нашарлап, Мәскеу ауруханасына түскен. Жедел жәрдем көлігі оны түрлі ауруханаларға тасып, дертінің себебін анықтай алмай дал болды. Науқастың өкпесі, жүрегі, бүйрегі, бауыры мен ішегі бірінен соң бірі жұмыс істемей қалды. Зайыбы Евгенияның айтуынша, жансақтау бөліміне жатқызылған оған дәрігерлер «белгісіз заттан уланған» деген диагноз қойған. Ақыр соңында есін жиып, зақымданған жүйкесі біртіндеп қалпына келген ол бірнеше ай Мәскеуде, сосын Вашингтон маңында ем қабылдаған. Ауруханадан шыққан соң таяққа сүйеніп жүретін болған.

2015 жылы ауруханаға түскеннен бері Владимир Кара-Мурза таяқпен жүреді.
2015 жылы ауруханаға түскеннен бері Владимир Кара-Мурза таяқпен жүреді.

Оны әдейі улаған ба?

Оның уланған-уланғаны әлі анық емес. Уланды дегеннің өзінде немен уланғаны, удың қалай берілгені белгісіз. 2015 жылы Мәскеу дәрігерлері оны бірнеше жыл бойы ішіп жүрген антидепрессант циталопрамнан уланды деген қорытынды жасаған. Алайда Кара-Мурзаны қараған дәрігерлер де, оның жақтастары бұл болжамға күмәнданады, себебі бұл дәріні шектен тыс көп ішкеннің өзінде бұлайша естен тандыратын күші жоқ. Оның медициналық қорытындыларын қараған тәуелсіз токсикологтар да бұл кеселдің циталопрамнан келгеніне сенбейді. Оның қанын, шашын және тырнақ үлгілерін сараптамадан өткізген француз токсикологтары да нақты қорытынды жасай алмады.

Кара-Мурзаның өзі әлдекімдердің қасақана улағанына сенімді: «Олар у беріп, өлтіргісі келген әрі бұл - саяси белсенділігім үшін жасалған қастандық» деді ол 2015 жылы желтоқсанда берген сұхбатында. Өзінің айтуынша, оған тек қауіпсіздік органдарының ғана қолы жететін өте күрделі у берілген.

Путин билікке келгелі үкіметті ашық сынап жүрген бірнеше саясаткерге у беріліп, олар ауыр дертке ұшырады, кейбірі қайтыс болды. Кремль оппоненттері «наразыларды улап өлтіретін советтік әдіс қайта қолданыла бастады» дейді. Ресей биілігі мұндай айыптарды жоққа шығарады.

Оған кім қастандық жасауы мүмкін?

Владимир Кара-Мурза мемлекеттік ақпарат құралдарының көмегімен оппозиция тұқыртылып, құбыжық етіп көрсетіліп келген Ресейде - белгілі тұлға. Ол Алексей Навальный сияқты оппозиция көсемі деңгейінде әйгілі болмағанымен, мықты саяси ұйымдастырушы ретінде танымал.

Ол Ресейдің жоғары лауазымды саяси тұлғаларына қарсы санкция салуға ықпал еткен адам, басқаша айтқанда АҚШ конгресінің беделді мүшелерінің «құлағы мен көзі». 2012 жылы Ресейдегі адам құқықтарын өрескел бұзушыларға қарсы қабылданған Магнитский актісінің заңға айналуына Кара-Мурза көп үлес қосқан. Заң Кремльдің шамына қатты тиген. Сонымен бірге ол Кремльді мадақтайтын телеарналардағы «насихатшыларға» да санкция салу мәселесін көтеріп жүр. 2015 жылы желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында нақты қандай себеппен уланғанын білмейтінін, бірақ Ходорковскиймен жұмыс істеп, Магнитский актісін қабылдатуға үлес қосуы қастандыққа себеп болуы мүмкін екенін айтқан.

Кара-Мурза өткен аптада улану белгілерімен қайта ауруханаға түскенде оның Вашингтондағы элитамен қаншалық жақын екені тағы белгілі болды. Бірнеше беделді конгресмен оны қолдап мәлімдеме жасады.

ВИДЕО: АҚШ сенаторы Джон Маккейн

Өткен аптада оған не болды?

Әйелі Евгенияның мәліметтеріне қарағанда, бірнеше апта бойы Ресей қалаларын аралап, Немцов туралы деректі фильмді көпшілікке таныстырған Кара-Мурза Мәскеуде ата-анасының үйінде демалып жатқан. Ақпанның 2-сі күні ол улану белгілерімен қайта ауырып қалды. Жедел жәрдем оны екі жыл бұрын өзі келген ауруханаға алып келді, ішкі органдары тағы да бірінен соң бірі істемей қалады. Зайыбының айтуынша, есінен танып қалған оған «белгісіз заттан қатты уланған» деген диагноз қойған. Кара-Мурзаның адвокаты Вадим Прохоровтың Facebook-те жазған ақпаратына қарағанда, ол жансақтау аппаратына қосылған, жағдайы бірқалыпты болғанымен, ауырлау.

Бұл оқиға Кара-Мурзаны қастандықпен улады деп санайтын жақындарының күдігін күшейте түсті. Олардың айтуынша, Кара-Мурзаны 2015 жылы қараған Вашингтон дәрігерлері оның жағдайын нашарлататын объективті себептер жоқ екенін айтқан. Оның үстіне, ол екі жыл бұрынғы оқиғадан соң циталопрамды да, басқа дәрілерді де ішуін тоқтатқан.

Әйелінің айтуынша, Кара-Мурзаның қан, шаш және тырнақ үлгілері тәуелсіз сараптама жүргізу үшін Израильдегі зертханаға жіберілген. Адвокаты Прохоровтың ақпанның 7-сі күні Азаттыққа берген мәліметтері бойынша, Израильдегі зерттеу нәтижелері шамамен 20 күнде дайын болады. Алайда талдау Кара-Мурзаның дертінің себептерін толық анықтайды дегенге кепілдік жоқ. Токсикологтардың айтуынша, кей уларды шаш, қан немесе тырнақ арқылы анықтау қиын.

Владимир Кара-Мурзаның әйелі Евгениямен түскен суреті.
Владимир Кара-Мурзаның әйелі Евгениямен түскен суреті.

Ресей құқық қорғаушылары не істеп жатыр?

Ресей тергеушілері Кара-Мурза 2015 жылы уланғанда да, бұл жолы да зауалдың неден келгенін тексерген. Бірақ Прохоровтың айтуынша, құқық қорғаушылар бұл іске онша көп мән бермейді. Федералдық тергеу комитеті істі Мәскеудің Хамовники аудандық бөлімшесі тергеушілеріне тапсырған. 2015 жылғы қаңтарда оны дәл осы бөлімшеге жауап алу үшін шақырған болатын.

Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG