Accessibility links

«Сарбаз жауыздығы» Ресей мен Армения арасын ушықтырды


Аветисян әулетін жерлеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:05 0:00

ВИДЕО: Аветисян әулетін соңғы сапарға Гюмридің жүздеген тұрғыны шығарып салды. Жерлеу рәсіміне Армения депутаттары мен қоғам қайраткерлері де қатысты.

Арменияда наразылар «бір үйдің алты адамын өлтірген» ресейлік солдатты армян сотына тапсыруды талап етіп жатыр. Оқиғаның Ереван мен Мәскеу қарым-қатынасына сынақ болатын түрі бар.

Қазанның 15-і күні Гюмридегі Әулие Ншан шіркеуінің алдына жиналған жүздеген адам бір үйдің алты бірдей адамын жер қойнына тапсырды. Оларды өз үйлерінде өлтіріп кеткен еді.

ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ҚЫЛМЫС

Қылмыскердің қолынан қаза тапқан екі жасар қыз Хасмик Аветисянның мәйіті кішкентай табытпен шығарылды. Оның қолына қуыршақ ұстатылған. Көршілері «Аветисяндар томаға-тұйық, еңбекқор әулет еді» дейді.

Қаңтардың 12-сі күні бір үйлі жан түгел опат болды. Қылмыскер алты адамды - отағасы мен оның әйелін, ұлы мен қызын, келінін және екі жасар сәбиді атып кеткен. Пышақ сұғылып, аураханада нашар жатқан алты айлық Сережа – бұл әулеттің тірі қалған жалғыз мүшесі.

Бұл жауыздықты жасаған жергілікті армян емес, Ресейдің Гюмриде орналасқан 102- әскери базасының солдаты болып шықты. Бұл оқиға Армения тұрғындарын ызаландырды.

Ресейлік солдат Валерий Пермяков Түркия аумағына өтіп кетпек болған жерінен ұсталған. Ол осы ауыр қылмысты жасағанын мойындаған.

Кейіннен белгілі болғанындай, ол тұтқындаларынан бірнеше сағат бұрын мойнына автоматы мен өзге де қару-жарағын асынып, әскери базадан жасырын шығып кеткен.

Аветисян әулетінің алты адамын өлтірді деген Ресей сарбазы Валерий Пермяков.
Аветисян әулетінің алты адамын өлтірді деген Ресей сарбазы Валерий Пермяков.

Сібір аймағынан келген қатардағы жауынгер Валерий Пермяковтың бұл базада борышын өтеп жатқанына екі-ақ ай болған. Оның мұндай ауыр қылмысқа неге барғаны белгісіз, бірақ солдаттың ақыл-есі кем болуы мүмкін деген де болжамдар бар.

Бұл оқиға ел ішінде қылмыскерге ғана емес, Кремльдің бұрыннан басым болып келе жатқан ықпалына қарсы наразылық шараларының басталуына түрткі болды. Мәскеу Кавказдағы кедей ел - Арменияда әскери үстемдігін әлі де жүргізіп отыр, ал басқа көрші мемлекеттердегі Мәскеудің әскери базалары баяғыда жабылған.

Ресейдің «Дождь» телеарнасына берген сұхбатында армян журналисі Арман Сулейманян Пермяковтың түн ортасында мұздай қаруланып, ешкімнің көзіне түспестен әскери базадан шығып кеткені туралы ақпараттарға таңғалғанын айтады.

– Қарулы сарбаз базадан шығып кеткенде, ешқандай дабыл қағылмаған. «Бұл солдат неге Калашников автоматын асынып, көше кезіп жүр?» деп ешкім ойланбаған. Қылмыс жасалған соң Арменияның ресми өкілдері «ол ішуге су сұрапты, үйдегілер су бермей қойған соң бүкіл отбасын қырып тастаған» деген сияқты ақылға сыймайтын мәлімдемелер жасап жатыр, - дейді.

АРМЕНИЯ СОТТАЙ МА, РЕСЕЙ СОТТАЙ МА?

Пермяковтың өзі қамауда отырған Гюмридегі әскери база алдында ірі шеру өтті. Жиналған жұрт оны жергілікті заңмен соттау үшін Армения құқық қорғау органдарының қолына тапсыруды талап етті.

Гюмридегі наразылар мен полиция қақтығысы. 15 қаңтар 2015 жыл.
Гюмридегі наразылар мен полиция қақтығысы. 15 қаңтар 2015 жыл.

Істі тергеу кезінде ынтымақтаса жұмыс істеуге уәде еткен Ресей және Армения ресми өкілдері әзірге солдаттың қай елдің заңымен сотталатыны туралы екіұшты мәлімдемелер жасап жатыр.

Қылмыс болған күннің ертеңінде Армения бас прокуратурасының өкілі «Ресей конституциясы бойынша Ресей азаматтары басқа елдерге экстрадицияланбайды, демек Пермяков Ереванға берілмейді» деген.

Ал армениялық белсенділер «Пермяковты Ресейдің қамауда ұстап отыруы заңсыз, бұл 1997 жылғы екіжақты келісім шарттарын бұзады» дейді. Ол келісім бойынша, Гюмри әскери базасынан тыс жерде қылмыс жасаған Ресей армиясының қызметкерлері Армения заңдары бойынша жауапқа тартылуы тиіс.

Дәл сол келісімде «әскерден қашу» сияқты қылмыс түрлерін Ресейдің өзі қарайтыны да көрсетілген. Демек, егер іс осы баппен қозғалса, тергеу амалдарын жүргізу Мәскеу құзырына өтеді.

Аветисян әулетіне шабуыл жасаған Ресей сарбазын Арменияға беруді талап еткен наразылардың полициямен қақтығысы:

Еревандағы қақтығыс
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

«БИЛІК РЕСЕЙДІҢ ЫҒЫНА ЖЫҒЫЛУЫ МҮМКІН»

Армениялықтардың көпшілігі үкімет «бізден гөрі Ресей жағын қолдауға бейім» деп күдіктенеді. 2013 жылы Армения Еуропа Одағымен арада ұзақ пысықталған серіктестік туралы келісімді ысырып тастап, Мәскеудің ықпалындағы Кеден Одағына бет бұрды. Сарапшылардың көпшілігі мұны «Кремль қысымының нәтижесі» деп бағалаған.

Пиар жөніндегі кеңесші әрі оқытушы Ангела Хасасян «Гюмри мен Ереванда шеруге шыққандар «Ресейдің шамына тиюден қорыққан армян үкіметі бұл істі жылы жауып қоюға тырысып отыр» деп санайтынын» айтады. Оның сөзіне қарағанда, «наразылық білдіруші жұрттың біразы Пермяков армян сотына тапсырылған күннің өзінде істің объективті әрі жан-жақты тергелетініне сенбейді, тіпті қылмыскер жеңіл жазамен құтылады немесе жазаланбай қалады деп қауіптенеді».

Гюмридегі оқиғадан кейін Ереванда шеруге шыққан наразыларды полицияның ұстап жатқын сәті. 15 қаңтар 2015 жыл.
Гюмридегі оқиғадан кейін Ереванда шеруге шыққан наразыларды полицияның ұстап жатқын сәті. 15 қаңтар 2015 жыл.

Гюмри тұрғындарының Ресейдің әскери базасына қарсылығы жоқ. Себебі, бұл база жергілікті тұрғындардың біразын жұмыспен қамтып отыр. Алайда Аветисян отбасына жасалған аяусыз шабуыл жұрттың есіне мұның алдында болған, 102-әскери базамен байланысты қайғылы оқиғаларды түсірді.

1999 жылы араққа масайған ресейлік екі офицер қаладағы базарда оқ жаудырып, екі адамды өлтіріп, он шақты адамды жарақаттаған. 2013 жылы Ресей солдаттары полигонда қалдырып кеткен жарылғыш іске қосылып, одан екі бала қаза тапқан.

Армян шіркеуінің жергілікті епархиясы басшысы Микаел Аджапахян Гюмри тұрғындарын сабыр сақтауға шақырып тұрып «халық бұл өлімге қатысты нақты жауап алуы керек, мен оларды өмір-бақи сабырға келтіре алмаймын» деді.

«ҚЫЛМЫСКЕРДЕ ҰЛТ БОЛМАЙДЫ»

Бұл оқиға Мәскеу үшін қолайсыз уақытта болды. Ресей басшылығы жақында Армения, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстанда орналасқан әскери базаларына жергілікті мемлекеттердің азаматтарын келісім-шартпен қызметке алатынын мәлімдеген (Ресей өзінің Өзбекстан, Әзербайжан және Грузияда орналасқан базаларын жапқан).

Халықты сабасына түсіргісі келді ме, Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бұл қылмысты айыптап, орынбасары Аркадий Бахинді арнайы тергеу комиссиясының басшысы етіп тағайындап, Арменияға аттандырды. Ал Гюмридегі база басшылары «жан-жақты бірлескен тергеу жүргізуге» уәде берді.

Еревандағы Ресей елшілігі алдындағы қарсылық акциясы. 15 қаңтар 2015 жыл (суретті бассаңыз, үлкейеді).
Еревандағы Ресей елшілігі алдындағы қарсылық акциясы. 15 қаңтар 2015 жыл (суретті бассаңыз, үлкейеді).

Теледидар арқылы жасаған мәлімдемесінде әскери база командирінің орынбасары Алексей Полюхович «қылмысы дәлелденген жағдайда Пермяковқа мүмкін болған ең ауыр жаза қолданылатынын» мәлімдеді. Екі ел арасындағы тарихи достыққа меңзеген ол «мұндай қылмыс жасаған адамдарда ұлт болмайды» деді.

– Армения мен Ресей халқы арасындағы ғасырларға созылған достық түрік соғыстарынан бастап, табиғи апаттар кезеңіне дейін талай сынақтан өткен. Бүгін тағы бір сынақ басталды, – деді Алексей Полюхович.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG