Accessibility links

Мәскеудегі атыс. Күдіктінің оққа ұшқаны хабарланды


Неизвестный открыл стрельбу на Лубянке
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00

Мәскеуде белгісіз адам қарудан оқ атты.

Мәскеуде Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің ғимараты маңында белгісіз адам оқ атты. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен қауіпсіздік қызметінің өкілі қаза тапқан. Зардап шеккендер саны туралы әртүрлі ақпарат тарады. Оқиғаның егжей-тегжейі әзірге белгісіз.

Желтоқсанның 19-ы, бейсенбі күні кешке Мәскеу қаласының орталығында орналасқан Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ғимаратының маңында атыс болды деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. ФСБ-ның қоғаммен байланыс орталығының ақпараты бойынша, атысқа күдікті мен қауіпсіздік қызметінің өкілі қаза тапқан. Бұған дейін үш адам шабуыл жасаған деген хабар тараған еді, бірақ арнайы қызмет оны терістеді. Сонымен бірге атыс ғимараттың қабылдау бөлмесінде болған деген ақпаратты да жоққа шығарды. ФСБ атыс тек көшеде болған дейді.

Ресейдің бірқатар басылымдары мен телеграм-арналары күдікті – Мәскеу облысындағы Подольск қаласының тумасы, 39 жастағы Евгений Манюров деп ​хабарлады. Бұл ақпаратты ресми орындар әзірге растаған жоқ.

Лубянка. Здание ФСБ. Момент стрельбы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:06 0:00

"База" басылымы атыс барысында ФСБ-ның екі қызметкері жараланып, олардың біреуі кейін ауруханада қайтыс болған деп хабарлады. Ресей денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, атыс салдарынан бес адам жараланған.

Атыстан қаза болған адам саны туралы әртүрлі ақпарат тарады. 112 телеграм-арнасы өз дерек көздеріне сүйеніп, федералдық күзет қызметінің (ФСО) үш қызметкері мерт болған десе, Baza телеграм-арнасы күш құрылымының екі қызметкері оққа ұшқан деп хабарлады. "Москва" агенттігі ФСО-ның бір қызметкері және шабуылдаған екі адамның бірі өлген деген ақпарат таратты.​

РБК Ішкі істер министрлігіндегі дерек көзінің мәліметіне сүйеніп, белгісіз адам автокөлік тұрғында Калашников автоматынан оқ атқан деп хабарлады.

"Коммерсант" басылымының дерек көздері «жарылғыш құрылғы табылған болуы мүмкін» дейді. Оқиға болған жерде жарылғыш заттарды залалсыздандыратын мамандар жұмыс істеп жатыр деп хабарланды.

Тергеу комитеті «Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қастандық жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Оқиғаның егжей-тегжейі әзірге белгісіз. Атыс болған жерде жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр деп хабарлады. Әлеуметтік желіде тараған фотосуреттер мен видеода басына каска киген қарулы полиция қызметкерлерінің көшеде тұрған көліктердің қалқасына жасырынғаны, атысқа ұқсайтын дыбыс естілген маңнан адамдардың қашып бара жатқаны байқалады.

Мәскеудің Үлкен Лубянка ауданындағы көшеде қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатылған.

Мәскеу метросы әдеттегідей жұмыс істеп тұр, тек «Лубянка» станциясына кіріп-шығу шектелген деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Үлкен Лубянка ауданында атыс басталған кезде Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Ресей қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің күніне арналған концертте болатын деп хабарлады "Интерфакс".

  • 21 сәуір 2017 жылы 17 жастағы Антон Конев Хабаровск қаласындағы ФСБ ғимаратының қабылдау бөліміне шабуыл жасаған. Арнайы қызметтің бір өкілі мен мекемеге келген бір адамды қарудан атып мерт қылған жасөспірімді сол жерде атып өлтірген.
  • 31 қазан 2018 жылы Архангельск қаласындағы ФСБ ғимаратында жарылыс болған. Жергілікті колледжде оқитын 17 жастағы Михаил Жлобицкий ғимараттың ішіне алып кірмекші болған жарылғыш зат оның қолында жарылған. Жлобицкий қаза тауып, ФСБ-ның үш қызметкері зардап шеккен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG