Accessibility links

Смартфонның құпиясөзін ашатын құрылғы. Қазақстан Израильдің бұл жүйесін неге қолданады?

Израильдің Cellebrite компаниясы жасайтын UFED құрылғысы смартфон мен ноутбуктің құпиясөзін айналып өте алады дейді мамандар.
Израильдің Cellebrite компаниясы жасайтын UFED құрылғысы смартфон мен ноутбуктің құпиясөзін айналып өте алады дейді мамандар.

Смартфон мен ноутбукті "бұзып" кіріп, хат, фото-видео және өзге де ақпаратты алатын UFED деген құрылғы бар. Негізінен құзырлы органдарға арнап шығарылған осы құралды жеке мақсатта қолдануға тыйым салынған. Израильде жасалып, әлемнің жүзден астам еліне экспортталатын құрылғыны алушылар қатарында Қазақстан да бары айтылған. Заңгерлер бұл тәрізді ғылыми-техникалық құралдар адамның жеке деректерінің таралуына жол ашады деп қауіптенеді.

БЕЛСЕНДІНІҢ КҮДІГІ

Түркістан облысының Төлеби ауданында тұратын Бағдат Тоғысбаев полиция телефонымды арнайы құрылғымен ашқан болуы мүмкін деп қауіптенеді. Ол – әлеуметтік желіде үкіметке сын айтып жүрген белсенді. Оның ойынша, бәрі 15 қаңтарда басталған. Желіде "Атажұрт" қозғалысының белсенділерін жазадан босатуды талап еткеннен кейін Тоғысбаев 5 күнге қамалған еді, ал смартфоны полиция қолында қалған. Өзі "қамауда жатқанда телефоным қосылып, туыстарыма қоңырау барған" дейді.

– Әдетте телефоным қосылса, бұрын хабарласқан адамдарыма қысқа қоңырау барады. 16 қаңтарда кешкісін сағат 6.30–7 шамасында қарындасыма қоңырау түскен екен. Мұны білгенде бірден "олар телефонымды ашыпты" деп ойладым. Әйтпесе, телефоным блоктаулы әрі "ұшу" режиміне қойылған-тұғын. Телефоным – Xiaomi Redmi Note 10 деген модель. Бірнеше күннен кейін үйге келдім. Телефонымды ашып, 2gis картасын ашсам, қай жерде жүргенімді басқаларға көрсететін функцияны ашып қойыпты. Мен интернет қосқанда автоматты түрде ақпарат таратылатындай қылыпты, — деді Тоғысбаев Азаттыққа.

Бағдат Тоғысбаев кейінгі кездері смартфонын сөндіріп, үйіне тастап кетіп жүр. Араға бірнеше күн, тіпті апта салып қосуды әдетке айналдырған. Бұл – оның жеке күдігі. Бағдаттың бұлай қауіптенуіне негіз бар ма?

Қазақстан Израильдің атышулы құрылғысын импорттаған. Оны қандай мақсатта қолданады? | Зерттеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:49 0:00

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙ ЖОЛМЕН ЖЕТКІЗІЛЕДІ?

Шын мәнінде, Қазақстанның құзырлы органдарында смартфон мен ноутбуктің құпиясөзін айналып өтетін құрылғылар бар. Азаттықтың анықтауы бойынша, Израильдің Cellebrite компаниясы жасайтын UFED бағдарламалық кешені алдымен Грузияға, сосын Қазақстанға импортталады. Кеден деректерін тізімдейтін ImportGenius сайтының мәліметі осыны көрсетеді.

Неге Грузия арқылы? Себебі Израиль бірнеше елге ғана алып-сату құқығын берген. Бұрынғы Совет одағы елдерінің қатарынан Грузия таңдалған. Қазақстандық компаниялар құрылғыны осы Кавказ елінен сатып алып жүр.

Ал Қазақстанның мемлекеттік мекемелері оны Грузиядан тікелей алмайды. ImportGenius базасында АскомМЕТ және IRPLAB деген жеке компаниялар 2022, 2023 жылдары құрылғыны үш рет импорттағаны көрінеді.

Бір жолы 1 жылдық лицензиясы бар UFED 4PC аппараттық-бағдарламалық кешенінің үш данасына 11 млн 296 мың теңге жұмсады. Бұл – криминалистің компьютеріне орнатуына болатын, зертханалық жағдайда жұмыс істеуге, стандарт деректерді алуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Екінші жолы UFED Premium кешенінің бір ғана данасы 143 млн 309 мың теңгеге әкелінген. Бұл болса, ең заманауи iPhone және Android құрылғыларын бұғаттан босатуға арналған "ауыр артиллерия" саналады. Үшінші жолы планшет тәрізді түрінің үш данасы жеткізілді. Жедел уәкілдерге өзімен алып жүріп қолдануға мүмкіндік беретін бұл заттарға 10 млн теңгеден астам қаржы кеткен.

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕР ҚОЛЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛҒЫ ТҮРЛЕРІ

"АскомМЕТ" пен IRPLAB компаниялары бұл құрылғыларды тікелей полицияға, сот-сараптама орталықтарына немесе ұлттық қауіпсіздік комитетіне жеткізіп бере ме, жоқ па – бізге құпия. Азаттық екі кәсіпорыннан осыны сұрап хат жолдады. Жауабын әлі күтіп отыр. Бір анығы, екі компания да осы аталған мемлекеттік мекемелерден тендер алады. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы олар осы тәрізді арнайы техникалық құралдарға техникалық қызмет көрсетуге, диагностикалауға келісім жасасқаны көрінеді. Сонымен бірге олар өз сайттарында құзырлы органдармен серіктесе жұмыс істейтінін жазып, ұлттық қауіпсіздік комитетінен мемлекеттік құпияны сақтау туралы алған сертификаттарын жүктеген.

Әділет министрлігіне қарайтын сот сараптамалары орталығы Азаттыққа тәжірибеде UFED-пен қатар MD-RED, MD-NEXT сынды бағдарламалық кешендерін қолданғанын растады.

Кейінгі екі кешен Оңтүстік Кореяға тиесілі. Ол Қазақстанға қалай жеткізілгені бізге мәлім емес. Ішкі істер министрлігі болса, арнайы құрылғыларды қызмет бабында қолданылатын құпия заттар деп атап, атауларын айтудан бас тартты.

Заң бойынша, мұндай ғылыми-техникалық құралдар соттың рұқсатынан кейін ғана пайдаланылуы керек. Заңгер, мәжіліс депутаты Абзал Құспан ол жөнінде былай деді:

– Иә, мұны Қылмыстық-процестік кодекс реттейді. Оның бірнеше бабында көзделген. Адамды ұстап, тінту кезінде бойынан табылған дүниелерді алып қояды. Алғаннан кейін оларды қарау өз алдына бөлек әрекет. Ішін ашу керек болса, ноутбук пен смартфон тергеу сотының рұқсаты, санциясымен ашылуға тиіс. Смартфон адамның жеке өмір құпиясын сақтайды. Іс жүзінде құпиясөзді ашуды ұсынады, бас тартса, әртүрлі жолмен ашады. Бірақ тоқтатып тінту, алу, қарау – әрқайсына бөлек-бөлек хаттама толтырылуға тиіс. Хаттаманы процестік тұлға: анықтаушы, тергеуші, прокурорлар толтырады, — деді Абзал Құспан.

ЗАҢГЕРЛЕРДІҢ ҚАУПІ

Алайда іске келгенде заң сақтала ма, адамдардың жеке дерегі тиісті деңгейде қорғала ма, жоқ па деген сұрақ туындайды. Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан тергеуші, прокурорлардың мүмкіндігі мол, жәбірленуші тараптың оларды тежеуі қиын дейді.

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан

— Ақпараттардың сыртқа тарап кетуі жөніндегі мәселеге келсек, процестік тұлғалар жауапты болады. Бірақ іс жүзінде оның кімнен тарап кеткенін анықтау, әрине, қиын. Бұрынғы адвокаттық тәжірибемде осыған ұқсас жағдайлар болды. Мысал ретінде айтайық, смартфоннан адамның өзі немесе жақындары қатысқан интимдік сипаттағы видеолар табылуы мүмкін. Коммерциялық құпияға жататын құжаттар тарап кеткен жағдайлар да болады. Алайда оны азаматтар мен адвокаттардың тергеуші таратқанын дәлелдеуі өте қиын. Өйткені бұл жерде проблема пропорционалдық принципте. Тергеуші нақты бір мәселе аясында қызмет етеді. Ол өзіне керекті ақпаратты алып, сонымен шектелуі керек. Бірақ смартфонда өшірілген нәрсені қайтадан қалпына келтіретін функциялар бар. Сол арқылы тергеуші толық ақпаратты қарап шығады. Өзінің ісіне қажет емес басқа да қосымша ақпараттар қолына түседі. Яғни, процестік тұлғаның қаншалықты заң аясында қызмет ететініне байланысты дүние. Мұны ашық айтуымыз керек. Ол жөнінен алаңдаушылық, әрине, бар, — деді Абзал Құспан.

Адвокат Бауыржан Азанов та жасырын тергеу кезінде тергеуші қандай мәліметтерді алып, қандай оймен әрекет етіп жатқанын біле алмаймыз дейді.

– Сот қадағалауына біздің, адвокаттардың көңілі толмаған. Адамның конституциялық, азаматтық, саяси құқықтары бар. Оның бәрін адамдар қалай қорғайды? Заң ережелерінде қорғау жолы жазылған. Ал ол ережелерді тек сот қадағалайды. Сұрақтың бәрі сотқа. Сот тексеруі керек, — деді Азанов.

РЕСЕЙ МЕН БЕЛАРУСЬКЕ ТЫЙЫМ ЖӘНЕ БАТЫС ЕЛДЕРІНІҢ МЫСАЛЫ

Amnesty International құқық қорғау ұйымы екі жыл бұрын Cellebrite компаниясын Сербия билігіне азаматтық қоғамды басып-жаншуға болысты деп сынаған. Тергеу кезінде күдіктіге ескертпестен смартфонын бұзып кіреді деген қауіппен компания 2021 жылы Ресей және Беларусьпен қарым-қатынасын үзгені туралы ақпарат шыққан.

Ал 2025 жылы Грузияға да сатуға тыйым салынуы мүмкін екені айтыла бастады. Бұл ақпарат Грузия былтыр басқа елден қаржыландырылатын ұйымдарды "шетелдің мүддесін көздейтін ұйым" деп танитын заң қабылдап, елдің Еуроодаққа кіру мүмкіндігі төмендеген тұста шықты.

Азаттықтың анықтауы бойынша, Израильдің Cellebrite компаниясы жасайтын UFED бағдарламалық кешені алдымен Грузияға, сосын Қазақстанға импортталады.
Азаттықтың анықтауы бойынша, Израильдің Cellebrite компаниясы жасайтын UFED бағдарламалық кешені алдымен Грузияға, сосын Қазақстанға импортталады.

Еуропа елдерінде де құқық қорғау органдары ғылыми-техникалық құралдарды нормаға сай қолданбай, сынға қалған жағдайлар болған. Мысалы, Лондон полициясы 2017 жылы "сексуалды зорлық көрсету" фактісімен айыпталған студент Лиам Алланның ісін қарады. Тергеуші іс барысында айыптаушы тараптың смартфонынан деректерді арнайы құрылғымен көшіріп алған. Бірақ айыпталушы, яғни, Лиам Алланның кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтар бола тұра, оны адвокатына бермеді.

Дегенмен қорғаушының толассыз шағымынан кейін судья оған арыз иесінің смартфонынан алынған деректерді зерделеуге рұқсат етеді. Процесс аяқталуына бір күн қалғанда адвокат айғақтарды алып шығады. Осыдан кейін Лондон полициясы Лиам Алланнан кешірім сұрап, іс тоқтатылған.

UFED ПЕН ТЕХНОЛОГИЯ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ

Арнайы құрылғы WhatsApp, Telegram, Signal, Facebook, WeChat, Instagram, X және TikTok сынды көптеген әлеуметтік желіні ашып, бұрын өшірілген деректерді қалпына келтіре алады, Gmail, iCloud пен әртүрлі браузерлердің тарихын көреді. Қазір Meta, Apple және Google сияқты технологиялық алпауыттар мен цифрлық криминалистика компанияларының арасында нағыз "мысық-тышқан" ойыны жүріп жатыр. Олар жыл сайын шифрлауды жетілдіріп, сырттан бұзып кіруге қарсы қорғанысын күшейтеді. Заңгер депутат Абзал Құспанның айтуынша, сот ұялы телефонды бүлдіруге санкция бергенімен, әлеуметтік желілерді бұзуға алпауыт компаниялар қарсы.

– WhatsApp және басқа желілердің өзінің меншік иелері бар. WhatsApp пен Facebook Meta-ға қарайды. Ақпарат көбіне WhatsApp-пен тарайды. Telegram да бар. Олардың иелерінің рұқсаты қажет. Рұқсат бермеген жағдайда ресми түрде сотта қолдануға болмайды. Бұл – қазірге шешімін таппаған проблема. Көбіне құпия, бейресми кетіп жатқан жағдайлар бар, – деді Абзал Құспан.

Мемлекет атынан әрекет ететін тұлғалар көбіне смартфонды құрылғымен ашқанда, Meta, Apple тәрізді компаниялардың рұқсаты қажет емес деп санайды. Олар бұл компаниялардың серверіне кірмейтінін, тек қолдарындағы телефонның жадындағы мәліметтерді көшіретінін алға тартады.

АҚШ-та болған бір оқиға соның мысалы. 2015 жылғы 2 желтоқсанда Саид Ризван Фарук пен оның әйелі Калифорния штатының Сан-Бернардино қаласында мүгедектерге арналған орталыққа шабуыл жасап, 14 адамды өлтіріп, 22-сін жаралады. Екеуі де полициямен атыс кезінде қаза тапты. АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы осы кезде Apple компаниясынан айыпталушылардың iPhone 5C смартфонын ашып беруді талап етті. Компания ондай кілт кейін қылмыскер немесе диктаторлық режимдердің қолына түсіп, миллиондаған қолданушының дерегіне қатер төндіреді деп бас тартты. Осыдан соң федералдық тергеу бюросы "сот санкциясы – мемлекеттің өз күшін қолдануға берген рұқсаты" деп тауып, Apple-дің көмегіне жүгінбей ашуға шешім қабылдаған. BBC-дің жазуынша, ФБР осы кезде Cellebrite компаниясының көмегіне жүгінген.

АДАМНЫҢ ЖЕКЕ ҚҰПИЯСЫ

Адвокат Бауыржан Азанов тергеушілер арнайы құрылғысыз да адамдардың жеке деректерін түрлі жолмен алуға тырысады дейді. Олар адамды ұстағанда бірден телефонын ашып беруді сұрайды. Көбі оған келісім бере салады. Бұл смартфоннан алынған дәлелдер кейін өзіне немесе басқаға қарсы қолданылуы мүмкін. Айта кету керек, мұндай жағдайда да криминалистік бағдарлама керек болуы мүмкін. Себебі ол ашық телефондағы деректерді компьютерге жүйелеп көшіреді және өшірілген ақпараттарды қалпына келтіре алады.

Заңгер Бауыржан Азанов
Заңгер Бауыржан Азанов

– Хат алмасу – адамның конституциялық құқығы. Оны бұзу үшін соттың санкциясы керек. Соттың санкциясы жоқ болса, адам өз еркімен ашып бере алады. Ондайда, әрине, санкция керек емес. Сот кезінде мемлекеттік айыптаушы мен тергеушілерден телефонды неге ашып, ақтарып шықтыңдар деп сұрасаң, құпиясөзін өзі берген дейді. Оны зорлап, қысым жасап алған жоқпыз дейді. Бұған не істей аласың? Мәселе сонда. Телефонды ашып беру, ашып бермеу – адамның өзінің құқығы, — деді Бауыржан Азанов.

– Цифрлық әлемге көштік. Қазір әрбір азаматтың қолындағы смартфон жай ғана көмекші құрал емес. Оның ішіндегі бүкіл ақпарат – сол азаматтың өзіне тиесілі, заңмен қорғалатын жеке құпиясы. Қолданған кезде әр азамат мұқият болуы керек. Қалжыңдап бір нәрсені айтуы мүмкін. Шын мәнінде олай ойламаса да, кейбір сөзді жастықпен, балалықпен, басқа да бір себептермен жазып, біреулерге жіберуі мүмкін. Ондайды өшіп қалса да, қалпына келтіру оңай. Сондықтан мына цифрлық әлемде азаматтарды мұқият болуға шақырған болар едім, — деді Абзал Құспан.

ҚАЗАҚСТАНМЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР ТЫҢШЫ ҚҰРАЛДАР

Телефоннан дерек алудың екі жолы бар. Қашықтан және тікелей құрылғының өзінен. Қашықтан тың тыңдайтын Pegasus тәрізді бағдарламалардың қызмет аясы заңға қайшы. Бірақ ұлттық қауіпсіздік деген себепті алға шығарып, әлемдік тәжірибеде ол шекара да бұзылған кездер бар. Мұның мысалын Қазақстанның өз ішінен келтірейік.

2021 жылы Amnesty International құқық қорғау ұйымы мен 17 медиа әлем бойынша мыңдаған адамның телефоны тыңдалғанын әшкере еткен ірі зерттеу жариялады. Сол кезде тізімде 2 мыңға жуық қазақстандық бары айтылған. Олардың қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин, Алматы қаласының әкімі болған Бақытжан Сағынтаев сияқты лауазым иелері бар еді. Бұдан бөлек осы тізімде журналистер, белсенділер, құқық қорғаушылар, бизнесмендер мен басқа да адамдардың есім-сойы аталған. Зерттеу авторлары Қазақстан азаматтарын "өз үкіметі" аңдыған деген тұжырымға келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәліметке қатысты Азаттыққа өздерінде ақпарат жоғын айтып жауап берген.

Смартфонды қашықтан басқаратын тағы бір құрылғы белгілі. 2025 жылы цифрлық қауіпсіздік мәселесін зерттейтін халықаралық InterSec Lab ұйымы Қазақстан Қытайдың Geedge Networks атты жекеменшік компаниясынан цензура технологиясын сатып алды деп мәлімдеді. Азаттық бұл технологияның да кеден декларациясын тауып, оның 2024 жылы ипмортталғанын анықтай алды. Зерттеушілер бұл құрылғымен билік азаматтардың интернеттегі әрекетін бақылап, ұнамсыз нәрсені бұғаттап жатыр және интернетті толық өшіріп тастауға да мүмкіндік алды деген еді. Билік мұны жалған ақпарат деп атаған. Ресми жауап осындай.

Ал дерек алудың екінші жолы – жоғарыда біз айтқан UFED сынды криминалистік құрылғыларға смартфонды тікелей кабельмен жалғау. Бұл әдісті құзырлы органдар рұқсат етілген тәсіл деп көрсетеді. Бірақ заңгерлердің рұқсат етілген тәсілдің өзінде шекара болуы қажетін айтып отыр. Бұл, шынымен, толықтай заң шеңберінде қолданылып жүр ме? Басты сұрақ — осы.

XS
SM
MD
LG