Accessibility links

Сот оппозициялық белсенді Амангелді Жахиннің ісін жабық қарауды сұраған прокурордың өтінішін орындады

Белсенді Амангелді Жахин. Астана, 20 наурыз, 2026 жыл (видеодан скриншот)
Белсенді Амангелді Жахин. Астана, 20 наурыз, 2026 жыл (видеодан скриншот)

Бүгін Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында белсенді Амангелді Жахиннің ісі бойынша сот процесінің алғашқы отырысы өтті.

Сот құрамы таныстырылғаннан кейін прокурор "іске қатысушы тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, атап айтқанда, олардың қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін мәліметтерді жария етуге жол бермеу үшін" сотты жабық өткізу туралы өтініш айтты. Жахин мен оның адвокаттары сот процесін жабық өткізуге келіспеді.

Осыдан кейін судья Берікбол Сапарғалиев аз ғана үзіліс жариялап, одан оралған соң прокурордың өтінішін орындайтынын жария етті. Ол соттың келесі отырысы 19 мамыр таңертеңгі сағат 10-да өтетінін айтып, сот ісінде үзіліс жариялады.

Сотқа онлайн қатысқан Азаттық тілшісі судьяның шешімінен кейін сот залында оған келіспеген адамдар "Масқара!" («Позор!») деп айғайлағанын, арасында "менің еш кінәм жоқ" деген Амангелді Жахиннің дауысы да естілгенін хабарлады.

Белсенді бұған дейінгі алдын ала тыңдау кезінде "азаматтық позициямды білдірген әрекетімді экстремизмге жатқызды" деп мәлімдеген еді.

Жахинге Қылмыстық кодекстің "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша айып тағылған. Ол былтырғы қараша айынан бері тергеу абақтысында қамауда отыр. Оның үстінен қозғалған іс бойынша тергеу биыл ақпан айында аяқталған.

Амангелді Жахин бұған дейін Қазақстан билігін сынайтын пікірін ашық айтып, саяси белсенділерді қолдаған іс-әрекетімен көзге түскен, сол үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған.

  • "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі болған белгілі марафоншы әрі белсенді Марат Жыланбаев 2023 жылы "экстремистік ұйым жұмысына араласты және қаржыландырды" деген айыппен 7 жылға түрмеге қамалған. Сот ұйғарымында Жыланбаев "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан" деп көрсетілген.
  • Жыланбаев түрмеге қамалғаннан кейін "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топқа Амангелді Жахин жетекшілік еткен еді. Бастамашыл топ әділет министрлігіне 20-дан аса рет өтініш бергенімен оппозициялық партияны тіркете алмай жүр.
  • 2018 жылы Қазақстан соты 2009 жылы шетелге кеткен қуғындағы бұрынғы банкир әрі Қазақстан билігін сынап жүрген Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысын (ҚДТ) "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Айдар
XS
SM
MD
LG