Accessibility links

Солтүстік Қазақстанда белсенді Нұрбол Өнерхан үйқамаққа алынған деген хабар тарады


Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан (Азаттық архивіндегі фото)
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан (Азаттық архивіндегі фото)

Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсiрепов атындағы ауданда тұратын азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан үйқамаққа алынған деген ақпаратты Азаттыққа алматылық белсенді Әсет Әбішев хабарлады.

"Нұрбол Өнерханды бір ай мерзімге үйқамаққа отырғызған. Оның жүріп-тұрғанын бақылауда ұстау үшін денесіне арнайы құрылғы тағып, телефонын алып қойған, ешкіммен байланыса алмайды. Өзге ақпарат жоқ", – деді Әсет Әбішев.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Әсем Меңдібаева Азаттыққа Нұрбол Өнерханға байланысты істің мән-жайын мессенджермен жазбаша жолдауға уәде берді. Алайда осы хабар жарияланғанға дейін полиция мекемесінен ешқандай ақпарат келмеді.

8 желтоқсан күні Нұрбол Өнерханның үйіне полиция тінту жүргізуге барған. Үйіне келген полиция өкілдерін Өнерхан видеоға түсіріп алған. Видеода өзін полиция капитаны, аға тергеуші Евгений Романов деп таныстырған адам қозғалған қылмыстық іс аясында тергеу амалдарын жүргізуге келгенін, қолында сот қаулысын барын айтып, белсендіге әлдебір қағаз ұсынады. Алайда ол іс қандай бап бойынша қозғалғанын айтпаған. Видеоны түсіріп тұрған адам (Нұрбол Өнерхан) "іс 405-баптың 2-тармағы бойынша қозғалыпты" деп айтып үлгерген, видео сол жерден үзіледі.

Негізгі мамандығы мұғалім Нұрбол Өнерхан 2019 жылдың күзінен Youtube, Instagram әлеуметтік желілерінде видео жариялап, билікті сынап мәлімдемелер жасап жүрген. Кейін белсенділігі үшін мектептен жұмыстан шығарылған. Оның қазіргі қылмыстық іс бойынша статусы қандай, істі кім, қашан қозғағаны әзірге белгісіз қалып отыр.

Құқық қорғаушылар Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 405-бабын ("тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу") өз пікірін еркін білдіріп, билікке сын айтқан адамдарды жазалайтын құралға теңейді.

Нұрбол Өнерхан бұған дейін де қылмыстық іс бойынша айыпкер ретінде жауапқа тартылған. 2020 жылғы 2 қарашада Петропавл соты белсендінің бостандығын бір жылға шектеген. Ол кезде Нұрбол Өнерханға "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ("ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "идеологиялық және заңға қарсы әрекеттерін әлеуметтік желіде қолдады" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты" деген айып тағылған. Нұрбол Өнерханның өзі "ҚДТ-ны қолдайтынын, бірақ қозғалысқа мүше емес" екенін айтқан.

Ал 2021 жылғы 4 мамырда Ғабит Мүсірепов аудандық соты оны "пробация шарттарын бұзды" деп айыптап, Өнерханның бостандығын шектеу жазасын 6 ай 2 күнге қамау жазасына ауыстыру туралы қаулы қабылдаған еді. Сол жылғы маусым айында белсенді бостандыққа шыққан.

2018 жылы Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысын (ҚДТ) "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Өнерханды "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Ресми Астана елде ешкім саяси көзқарасына бола қудаланбайды деген уәж айтады.

XS
SM
MD
LG