Accessibility links

Солтүстік Қазақстан облысында полиция белсенді Нұрбол Өнерханның үйін тінтуге барды


Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан

8 желтоқсан күні Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсiрепов атындағы аудандағы Новоишим ауылында тұратын азаматтық белсенді Нұрбол Өнерханның үйіне полиция тінту жүргізуге барған. Үйіне келген полиция өкілдерін Өнерхан видеоға түсіріп алған. Видеоны сол күні тағы бір белсенді Әсет Әбішев әлеуметтік желіде жариялады.

Бас-аяғы 1 минут 13 секундтық видеода өзін полиция капитаны, аға тергеуші Евгений Романов деп таныстырған, үстіне жай киім киген адам қозғалған қылмыстық іс аясында тергеу амалдарын жүргізуге келгенін, қолында сот қаулысын барын айтып, әлдебір қағаз ұсынады. Алайда ол іс қандай бап бойынша қозғалғанын айтпады. Видеоны түсіріп тұрған адам (Нұрбол Өнерхан) "іс 405-баптың 2-тармағы бойынша қозғалыпты" деп айтып үлгергені сол екен, тергеуші әлгі қағазды лезде кері тартып алып, "тергеу амалдарын видеоға түсіруге рұқсат етілмейді, өшіріңіз" деп, видео сол жерден үзіледі.

Негізгі мамандығы мұғалім Нұрбол Өнерхан 2019 жылдың күзінен Youtube, Instagram әлеуметтік желілерінде видео жариялап, билікті сынап мәлімдемелер жасап жүрген. Кейін белсенділігі үшін мектептен жұмыстан шығарылған. Оның қазіргі қылмыстық іс бойынша статусы қандай, істі кім, қашан қозғағаны әзірге белгісіз қалып отыр. Өнерханның телефоны өшіп тұр.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінен Нұрбол Өнерханға байланысты қылмыстық іс жөнінде ақпарат алу мүмкін болмады.

Құқық қорғаушылар Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 405-бабын ("тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу") өз пікірін еркін білдіріп, билікке сын айтқан адамдарды жазалайтын құралға теңейді.

Нұрбол Өнерхан бұған дейін де қылмыстық іс бойынша айыпкер ретінде жауапқа тартылған. 2020 жылғы 2 қарашада Петропавл соты оны "тыйым салынған ұйымның ісіне арппаласты" деп айыптап, бостандығын бір жылға шектеген. Ал 2021 жылғы 4 мамырда Ғабит Мүсірепов аудандық соты оны "пробация шарттарын бұзды" деп, бостандығын шектеу жазасын 6 ай 2 күнге қамау жазасына ауыстыру туралы қаулы қабылдаған еді.

Ол кезде Нұрбол Өнерханға Қазақстанда "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ("ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "идеологиялық және заңға қарсы әрекеттерін әлеуметтік желіде қолдады" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты" деген айып тағылаған. Нұрбол Өнерханның өзі "ҚДТ-ны қолдайтынын, бірақ қозғалысқа мүше емес" екенін айтқан.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Өнерханды "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Ресми Астана елде ешкім саяси көзқарасына бола қудаланбайды деген уәж айтады.

XS
SM
MD
LG