Accessibility links

"Совет режиміне қарсы бірінші болып бас көтердік. Балтық және Кавказ елдері бізден кейін шықты". Желтоқсан куәгерлерінің әңгімесі


Алматының орталық алаңына бейбіт шеруге шыққан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтегі сурет.
Алматының орталық алаңына бейбіт шеруге шыққан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтегі сурет.

39 жыл бұрын советтік Қазақстанды басқаруға республика халқына бейтаныс шенеунікті жұмсаған Мәскеудің шешіміне наразы мыңдаған қазақ қыз-жігіті Алматының орталық алаңына бейбіт шеруге шықты. Тарихшылар 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын Совет одағының ыдырауын жақындатқан "алғашқы қарлығашқа" жатқызады.

1986 жылғы желтоқсанда совет билігі Қазақстанға бейбіт шеруді күшпен басып-жаншуға қосымша әскер жіберді. Шеруге қатысқандарды Мәскеу "қазақ ұлтшылдары" деп айыптап, қуғын-сүргінге салды. Сол кездегі оқиғалардың шындығы әлі күнге ашылған жоқ, Қазақстанның қазіргі заман тарихындағы рөлі лайықты бағаланбай келеді дейді Желтоқсан куәгерлері.

"Бұл өзі қайдан келген адам? Ресейдің әлдебір облысынан келді ме? Ол Қазақстан туралы, қазақтар жайлы ештеңе біле ме? Қазақстанда бір күн де тұрып көрмеген ол неге бізді басқаруы керек?" – сол кездегі оқиғалардың куәсі Нұрлыбек Қуанбаев осыдан 39 жыл бұрын Алматыдағы студенттер жатақханасында наразы көңіл-күй қалай болғанын еске алады. Республиканы көп жыл басқарған Дінмұхамед Қонаевты кенеттен қызметтен алып, орнына сырт жақтан Геннадий Колбинді жіберген Мәскеудің шешімін жатақхана бөлмелерінде қыз-жігіттер қызу талқылаған.

Алаңға шыққандарды күштеп тарату және қудалау

Нұрлыбек Қуанбаев ол кезде Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті физика факультетінің бірінші курсында оқитын. Студенттер 17 желтоқсан күні таңертең Мәскеудің шешіміне наразылық білдіру үшін Алматының орталық алаңына баруды ұйғарған.

"Үшінші сабақтан кейін мен де алаңға бардым. Онда адам көп екен. Жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі болды, "Атамекен", "Менің Қазақстаным" әндерін шырқады", – дейді наразылық шеруіне қатысқан Нұрлыбек.

Алғашында билік аяқ астынан жиналған наразы адамдарды милиция мен жергілікті әскердің шағын күшімен таратуға тырысқан. Қараңғы түсе бастағанда демонстранттарға өрт сөндіретін мәшинелер мұздай су шашқан. Қуанбаевтың айтуынша, көп ұзамай сол мәшинелердің біреуі отқа оранған.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Нұрлыбек Қуанбаев
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Нұрлыбек Қуанбаев

"Сарбаздар студенттерді қуып жүрді. Біреулер қашып құтылды, кейбірі артта қалып қойды. Оларды ұстап алып, резеңке таяқпен (дубинка) ұрды, – дейді Қуанбаев. – Қашқан топ [алаң маңындағы биік] екі тұрғын үйге дейін жетіп, сол жерде қайта жиналып, кері ұмтылды. Бұл жолы сарбаздар үкімет үйі (қазіргі Алматы қаласы әкімдігі – ред.) жаққа қарай шегіне бастады. Енді сарбаздардың кейбірі артта қалып, құлап, тапталып қалды. Қысқасы, сарбаздар да, шерушілер де зардап шекті", – деп еске алды Қуанбаев.

Мәскеудің кадр жөніндегі шешіміне қарсы шеру жайлы қауесет бүкіл қалаға тарады. Келесі күні алаңға шыққан адам тіпті көп болған.

18 желтоқсан күні Қуанбаев қала орталығына келгенде алаң түгелдей қоршауға алынып, үкімет күштері ішке ешкімді кіргізбей және сырт жаққа шығармай тұрғанын көрген.

"Біз Сәтбаев пен Фурманов көшелерінің қиылысында тұрдық, кешке қарай алау жақтық. Бір кезде сарбаздар шабуылға шықты. Бізге қарай жүгірді. Мен оларға ұстатпай, қаша жөнелдім. Қасымда екі қыз жүгіріп келе жатты. Олар төмен қарай кетті, мен Абай даңғылы бойымен қаштым. Пушкин кітапханасы (қазіргі Ұлттық кітапхана – ред.) маңында қолының қарына таңғыш байлап алған, келбеті славян тектес адамдар көп екенін байқадым. Бұлар милицияға көмектесуге шыққан ерікті жасақшылар (дружинник) еді, олардың қолында таяқтар мен сым кесінділері болды", – деп еске алады ол.

1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы алаңда болған шеруде тұрған адамдар
1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы алаңда болған шеруде тұрған адамдар

Қалада "Құйын" ("Метель") деген шартты атаумен арнайы операция басталды. Қазақстанға басқа республикалардан да әскер күші әкелінді.

Қазақ жастарының Мәскеу шешіміне келіспей, бейбіт жолмен бас көтеруі тарихқа Желтоқсан деген атпен енді. Совет билігі наразылықты қатыгездікпен басып-жаншыды. Оған қатысқандарға қарсы қуғын-сүргін басталды.

1986 жылғы 19 желтоқсанда Нұрлыбек Қуанбаевты физика факультетінің басқа студенттерімен бірге ұстады. Оны тергеуге алды, бірақ іс сотқа жетпеді. Университеттің бірінші курс студентін "тәртіпсіздіктерге қатысқаны және қоғамға қарсы іс-әрекеті үшін" оқудан шығарды.

Наразылыққа қатысқандар арасында қуғын-сүргінге ұшырағандар көп болды.

Билік бейбіт шеруді күшпен басып-жаншығаннан кейін жазалау шараларын жүргізді: сегіз жарым мың адам ұсталып, мыңға жуығы жауапқа тартылды. Бір жарым мың адам партиялық жаза алды. Студенттерді оқудан шығарып, жұмысшыларды жұмыстан қуды.

Бүгінде жасы 70-ке келген саясаттанушы, "Ұлт тағдыры" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім ол кезде Қазақ педагогика институты филология факультетінде оқытушы болған. Оның айтуынша, тіпті шеруге қатыспай, алаң маңынан жай ғана өткендерді де оқудан шығарып жіберген.

Дос Көшім, 1980-жылдары түсірілген сурет
Дос Көшім, 1980-жылдары түсірілген сурет

"Біздің жеті студентіміз, сол күні автобус жүрмегендіктен, жатақханаға жаяу қайтып келе жатқанда алаңның қасынан өткен. Сол жерде оларды ұстап алды, – дейді Дос Көшім. – Кейін оқудан шығарды. Олардың мәселесін сталиндік "үштік": декан, партком, профком қарады. Студенттер солардың алдына кіріп, 5-10 минуттан соң көз жасын тыя алмай шығып жатты – оқудан да, комсомол қатарынан да қуылды. Бірақ қудалау мұнымен тынған жоқ. Ата-анасына "балаларыңа интернационалдық тәрбие бере алмадыңдар" деген сарында хаттар жіберді. Ауылдағы ата-аналар қысымға ұшырады. Бұл – бір ғана оқу орнынан шағын мысал. Тағдыры тәлкекке түскен мұндай адамдар қаншама. Неше адамның өмірі күйреді – санап шығу мүмкін емес. Көптеген қыз-жігіттің еңбек кітапшасына "[Желтоқсанға] қатысқаны үшін жұмыстан босатылды" деп жазылғанын көзім көрді. Бұл – "қара таңба" еді. Оларды ешқайда жұмысқа алмады".

1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңына жиналған адамдар
1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңына жиналған адамдар

Дос Көшім өзі де алаңда болып, ондағы жағдайды сырттай бақылағанын айтады. Бұл туралы ол оқытушы болып істеген жоғары оқу орны әкімшілігі білмеген. Білгенде жұмыстан шығарар еді дейді өзі.

"Кешке кезекшілікте едім, дайындық курсындағы екі студентті алаңдағы жағдайды көріп келіңдер деп жібердім, – деп еске алады Көшім. – Олар қазақ жастары наразылық білдіріп жатқанын, милиция оларды қоршауға алғанын айтып келді. Таңертең қызымды балабақшаға апарып тастаған соң өзім де алаңға бардым. Милиция ұзын шеп құрып, жастарды қоршап тұр екен. Бір сәтте 40-50 адам шепті бұзып өтті. Милиция оларды ұрып-соғып, кейбірін ұстап алып, өзгелерін кері қайтарды. Қасымда курстасым Нұртай Ерназаров бар еді. Бір қыздың милициядан қашып келе жатқанын көрдік. Қыз арықтан секіремін деп үйілген қарға құлап түсті. Қуып жеткен сарбаз оны басынан ұрды, қыздың басынан қан ақты. Нұртай екеуіміз жүгіріп бардық, бізді көрген сарбаз қашып кетті. Сол күні таңертеңгі сағат 8-ден түскі 1-ге дейін алаңда болдым, кейін сабағыма кеттім".

Желтоқсанда түсірілген бейнетаспа қалай сақталды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:54 0:00

"Жасанды айыптау және алдын ала жазылған сценариймен өткен сот"

Ресми дерек бойынша, Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде екі адам: шеруге қатысушы Ербол Сыпатаев пен милицияға көмектескен ерікті жасақ (дружинник) құрамында болған Сергей Савицкий қаза тапқан.

Желтоқсан оқиғасынан кейін үстінен қылмыстық іс қозғалып, айып тағылған жүзге жуық адам қудалауға ұшырады. Ең резонансты іс – Қайрат Рысқұлбеков, Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев және Қайыргелді Күзембаевқа қарсы сот процесі болды. Дос Көшім сол сотқа аудармашы ретінде қатысқан.

"Жамбыл мен Қайыргелді орысша жауап берді. Сондықтан негізінен Тәшеновтің (ол Қарақалпақстаннан келген) және Қайраттың сөзін аудардым, – деді ол. – Сол сотта әділетсіздіктің не екеніне куә болдым: қолдан жасалған қылмыс, қолдан құрастырылған айып, алдын ала белгіленген жаза және сценариймен өткен сот болды. Соның бәрін көзім көрді".

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандар (солдан оңға): Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков пен Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым, 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандар (солдан оңға): Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков пен Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым, 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)

Төрт қазақ жігітіне жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, ерікті жасақ мүшесі Сергей Савицкийді өлтірді деген айып тағылды. Савицкий наразылық шеруіне қатысушыларды қуып бара жатқан кезде таяққа түсіп, мерт болған.

Дос Көшім қылмыстық істегі қайшылықтарға қарамастан, сот қандай үкім шығаратыны алдын ала шешіліп қойған еді дейді.

"Савицкий өлтірілген кезде – ол күндізгі сағат 11 шамасында Бейбітшілік (қазіргі Желтоқсан) пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында қаза болған – Қайрат Рысқұлбеков "Қазақстан" қонақүйі маңында жүрген. Екеуінің арасы кемінде екі-үш шақырым, – дейді Дос Көшім. – Оның қасында басқа да жігіттер болған. Бірақ олар сотта ештеңе айта алмады, өйткені тергеушілер оларға: "Егер сол кезде оның қасында бірге болдым айтсаңдар, 65-бап ("Жаппай тәртіпсіздіктер") бойынша 10 жылға сотталасыңдар", – деп айтып, қорқытып тастаған. Сондықтан олар дәл сол сәтте Қайратпен бірге жүрген жоқпыз деп айтуға мәжбүр болды. Ал Савицкий өлтірілген кезде ол жерден 50-60 метр қашықтағы жертөлеге тығылған адамдар Рысқұлбековті көрдік деп мәлімдеп, екі ара өте алыс екеніне қарамастан, оның киімін де сипаттап берген. Ал шындығында оларға Рысқұлбековтің фотосуретін көрсетіп, сыртқы бейнесін жаттатқызған. Бәрі алдын ала жазылған сценарий бойынша өтті. Мен бұған сот процесіне дейін-ақ, тәржіма жасаған кезде көз жеткіздім. Сот басталардан 15-20 күн бұрын бізге бір тергеуші келіп, саусағымен нұсқап: "Мынау (Рысқұлбеков) ату жазасына кесіледі, ал мына үшеуі (айыпталушылар) 15 жылға кетеді", – дегені есімде қалды. Мәскеуден бұйрық түскен соң, осы төрт бейбақты таңдап алып, бар жауапкершілікті соларға артқан".

Алматыдағы сәулет-құрылыс институтының 20 жастағы студенті Қайрат Рысқұлбеков сот үкімімен өлім жазасына кесілді. Ол алаңда болғанын терістемегенімен, ерікті жасақ мүшесін өлтіруге қатысы барын үзілді-кесілді жоққа шығарып, тағылған айыпты мойындамады.

1988 жылғы сәуір айында Қайрат Рысқұлбековке бұған дейін шығарылған ату жазасы 20 жылға бостандығынан айыру жазасына алмастырылды. Ал 1988 жылғы мамыр айында ол Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда қазаға ұшырады. Ресми нұсқа бойынша, ол "ішкиіміне асылып" қалған. Ал бейресми мәліметтерге сәйкес, оны камерада бірге отырған, бұрын сотталған кәнігі қылмыскер өлтірген.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан Ләззат Асанова, Кенжегүл Молданазарова және Сәбира Мұхамеджанова да күмәнді, жұмбақ жағдайларда қаза тапты.

"Иә, бұл қазақ ұлтшылдығы болды. Біз ол сөзден шошымауымыз керек"

Совет өкіметі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын қаралауға тырысты: наразылық күшпен басып-жаншылғаннан кейін баспасөз беттерінде оны "маскүнемдер мен нашақорлар тобының бұзақы әрекеттері" деп сипаттады, ал партия жетекшілігі Қазақ ССР басшылығына Геннадий Колбиннің тағайындалуына көңілі толмаған "қазақ ұлтшылдарын" айыптады.

Совет билігінің кадр жөніндегі шешімі сылтау ғана болды, ал наразылықтың шынайы себептері әлдеқайда тереңде жатыр деп есептейді Желтоқсан оқиғасына қатысқан, бүгінде "Желтоқсан қоғамы" қоғамдық бірлестігін басқаратын Нұрлыбек Қуанбаев.

"Бізді ана тіліміздің тағдыры, салт-дәстүріміз бен дініміздің жай-күйі қатты мазалады, – дейді Қуанбаев. – Егер біреу-міреу намаз оқыса, оны психиатриялық ауруханаға қамайтын. Біз Наурыз мейрамын тойлай алмадық, өз салт-дәстүр, ана тілімізді ұмыта бастадық. Қазақ ұлты жойылып кетеді деп қорықтық, сондықтан соған қарсы шықтық. Колбиннің келуі сол наразылықты лап еткізген ұшқын болды. Біздің жалғыз талабымыз – Колбин отставкаға кетіп, орнына Қазақстаннан шыққан азамат басшылыққа тағайындалсын деген талап еді. Бірақ ол талап ескерусіз қалды: "Колбин кетпейді, бұл – партияның бұйрығы", – деп, күш қолданды".

1986 жылғы желтоқсанда Алматының орталық алаңына шыққандар "Біз күштеп емес, еркін әрі ерікті бірігу мен ынтымақтастық болғанын қалаймыз..." деген жазу ұстап тұр.
1986 жылғы желтоқсанда Алматының орталық алаңына шыққандар "Біз күштеп емес, еркін әрі ерікті бірігу мен ынтымақтастық болғанын қалаймыз..." деген жазу ұстап тұр.

Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы Совет одағында орталықтың (Мәскеудің) саясатына қарсы алғашқы ашық бас көтерулердің бірі болды. Қазіргі тарихшылардың пікірінше, ол Совет одағының ыдырауын жақындатқан "алғашқы қарлығаш" еді. Кремль шешімдеріне және одақтас республикалардың мүддесін ескермеген орталық саясатқа қарсы мұндай наразылықтар кейін Тбилисиде (Грузия), Бакуде (Әзербайжан), Вильнюсте (Литва), Ригада (Латвия) да бұрқ етті.

Алайда оның бәрі Алматыдағы шеруден кейін болды. Ал сол кезде, көтеріліс басып-жаншылған соң, Совет одағы коммунистік партиясы басшылығы "жастарды интернационалдық рухта тәрбиелеудегі кемшіліктер" туралы қаулы қабылдады.

Дос Көшім, Алматы, 2025 жылғы шілде айы.
Дос Көшім, Алматы, 2025 жылғы шілде айы.

"Иә, бұл – қазақ ұлтшылдығы болды. Біз бұл сөзден шошымауымыз керек. Себебі дәл қазақ ұлтшылдығы арқасында біз өз мемлекетімізді, өз жерімізді сақтап қалдық, – дейді Дос Көшім. – Совет өкіметі интернационализм туралы ұрандар көтеріп, үгіт-насихат саясатын жүргізді. Социализм деген желеумен орыс тілі мен орыс мәдениетін күштеп енгізді. Бірақ халық [қазақтың] ұлттық болмысы, салт-дәстүрі мен құндылықтары жойылып бара жатқанын сезінді".

Желтоқсан оқиғасынан кейін қырық жылға жуық уақыт өтсе де, Қазақстанның қазіргі заман тарихындағы рөлі әлі де толық әрі лайықты бағасын алған жоқ, – деп есептейді Нұрлыбек Қуанбаев.

Нұрлыбек Қуанбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрметіне қойылған ескерткіштің алдында тұр
Нұрлыбек Қуанбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрметіне қойылған ескерткіштің алдында тұр

"Совет одағының ыдырауы – Желтоқсан көтерілісінен бастау алатыны даусыз. Ол ХХ ғасырдағы қазақ халқы тарихындағы ең ірі көтерілістердің бірі болып танылуы керек. Ақиқатында, бұл ауқымды көтерілісті өз билігіміз ғана мойындамай отыр. Балтық елдері оны әлдеқашан мойындаған. Біз совет режиміне қарсы бірінші болып бас көтердік. Балтық пен Кавказ халықтары бізден кейін шықты. Осылайша, бұл үдеріс 1991 жылы Совет одағының күйреуіне алып келді. Егер Желтоқсан көтерілісі болмағанда, Совет одағы ыдырамауы да, тіпті біз бүгін Солтүстік Кореядағыдай жағдайда өмір сүріп жатқан болуымыз да мүмкін еді. Алайда қазіргі билік Желтоқсанға жеткілікті мән бермей, оны көтеріліс емес, жай ғана "оқиға" деп атап келеді", – дейді Қуанбаев.

1986 жылғы желтоқсанда Алматыда бейбіт шеруге шыққандар адамдар көшеде кетіп бара жатыр.
1986 жылғы желтоқсанда Алматыда бейбіт шеруге шыққандар адамдар көшеде кетіп бара жатыр.

Желтоқсан туралы кітаптың авторы Дос Көшім де 1986 жылғы қазақ жастарының бас көтеруі әлі күнге дейін жан-жақты әрі терең зерттелмеген деп біледі. Оның пікірінше, Совет одағының мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде (КГБ) сақталған архивтердің барлығы әлі толық ашылған жоқ.

"Билік басында сол жылдары қазақ жастарын айыптаған адамдар әлі отырған кезде, шындық ашылмайды. Заңсыздық жасағандар әлі де билікте немесе солардың ұрпақтары отыр. [Желтоқсан туралы] ақиқаттың ашылуы – уақыт еншісіндегі мәселе. Бұл біздің көзіміз тірісінде бола ма? Оған күмәнім бар. Қазақстан билігі Желтоқсан оқиғасына нақты әрі айқын баға берген жоқ. Алайда ең бастысы – халық өз бағасын берді: Желтоқсанды ұлт көтерілісі деп таныды. Біз биліктің мойындауын күтіп отырмауымыз керек. Халық мойындағанының өзі жетіп жатыр".

XS
SM
MD
LG