Accessibility links

Еуропадағы жылқы етінің дауы Швецияға жетті


Франция Spanghero компаниясы өзі өнімдерінің құрамын тексеріп жатыр. 23 маусым 2011 жыл.
Франция Spanghero компаниясы өзі өнімдерінің құрамын тексеріп жатыр. 23 маусым 2011 жыл.

Жиһаз шығаратын швециялық ірі компания IKEA фирмалық тефтель сатуды уақытша тоқтатты. Даудың басы - тағы да жылқы еті.

Анна Молин мен Джон Столл есімді авторлардың жылқы еті туралы мақаласы The Wall Street Journal (WSJ) басылымына ақпанның 25-і күні жарияланған.

«СҰМДЫҚ, СҰМДЫҚ» ДЕП АЙНАЛЫП ӨТУ

Авторлар мақаласын «Швецияның ірі қаласында, IKEA («ИКЕА») дүкенінде дүйсенбі күні кішкентай батареядан бастап, кітап сөресі мен диванға дейін сатылып жатты. Бірақ компанияның тағы бір маңызды фирмалық өнімі - тефтель (тартылған еттен жасалған шағын котлет) сөреден табылмады» деп бастайды.

«Чехиялық инспекторлар IKEA-ның бұл тамағынан жылқы етін тапқан соң, бұл компания тефтель сатпайтын болды. Еуропада бірнеше апта бұрын басталған жылқы етінің дауы басылар емес. IKEA әлем бойынша жыл сайын 150 миллионға жуық тефтель сатады. Енді бұл танымал тамақ та қара тізімге ілікті» деп жазады авторлар.

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет
WSJ дерегіне сүйенсек, «IKEA 27 миллиард еуро (35,6 миллиард АҚШ доллары) пайдасының 5 пайызын азық-түлік өнімдерінен көреді».

Мақалада «Стокгольмдегі дүкенде ас мәзірінен тефтельдер үзілмейтін бірнеше кафе бар. Дүйсенбі күні (ақпанның 25-і күні) дәстүрлі жарнамадан тефтель табылмады, оның орнына тұздық пен картофель қосылған сиыр етін жазыпты. Азық-түлік сататын бөлімдегі тефтель сөресі де бос тұр. Тек тауық етінен әзірленген, құны 39 швед кроны (6,08 доллар) болатын тефтель ғана сатылды. Кей мейрамханаларда басшылық сот орындаушыларымен «әзілдесіп жатқанда» алармандар жылқы еті табылған кафетерийді «сұмдық, сұмдық» деп айналып өтіп жатты» дейді басылым.

IKEA-ның баспасөз хатшысы Ильва Магнуссонның (Ylva Magnusson) мәлімдеуінше, «Компания өз алдына жеке тексеріс жүргізеді. IKEA Еуропада сатылған котлеттердің (тефтельдердің) етін швециялық Familjen Dafgård-тан сатып алған».

Магнуссон «Норвегия, Ресей, Швейцария және Польшада компания тартылған етті осы елдердегі жергілікті компаниялардан алады. Бұл елдерде сауда жалғаса береді» деген.

«Біз тефтельді бірден саудадан алып тастау арқылы клиент мүддесін барынша адал қорғайтынымызды көрсеттік деп ойлаймын. Клиенттер кез-келген мәселені байқаған бетте бірден бізге хабарлассын» дейді ол.

Магнуссон өнімдердің ешқайсысы денсаулыққа зиянды, жеуге жарамсыз емес екенін айтып, «сыртындағы жапсырмада жазылған сөздің бәрі дұрыс» деген.

Жылқының тартылған еті. Германия, Дортмунд, 14 ақпан 2013 жыл.
Жылқының тартылған еті. Германия, Дортмунд, 14 ақпан 2013 жыл.
Мақала авторларының жазуынша, «IKEA котлеттері әдетте шошқа және сиыр етінен жасалады. 70 жылдық тәжірибесі бар компания тартылған ет жасауға көшкелі тағам дайындау да жеңілдеді. Оның өнімі Еуропада ғана сатылмайды, бүкіл әлемге тарайды. Өткен жылы IKEA тефтель дайындау әдісін өзгертіп, өнімді одан сайын жұмсарта түспек болған. Бірақ бұған сингапурлік тұтынушылар реніш білдіріп, бұрынғы әдіспен дайындауды талап еткен».

Makansutra сайтының жазуынша, «Тұтынушылар мұндай котлетті енді алмаймыз» деген соң, IKEA тефтельді бұрынғы тәсілмен қайта шығаруға көшкен».

ЕВРОПАҒА ЖАЙЫЛҒАН «ҚЫЛМЫС»

Германияда қызмет ететін швед-америка психотерапевті Меган Седерхольм-Нэш (Megan Söderholm-Nash) «IKEA-да туындаған мәселе жылқы етіне қатысты даудың Швецияға да келгенін білдіреді. Бұрын швед компанияларына шүбә келтірмеуші едім, енді мұндағы корпоративтік тұтастыққа күмәндана бастадым» дейді.

«Жылқы етіне қатысты дау өткен айда Ирландияда мұздатылған еттен жылқы ДНҚ-сы табылған кезде шықты. Осыдан соң дау Еуропаға жайылып кетті. Бірқатар елдерде супермаркеттер сөредегі мұздатылған етті алып тастады» деп, авторлар мәселенің төркінін еске салып өткен.

«Европадағы ірі азық-түлік компаниялары мен ет өндірушілер бұл мәселеге баса назар аударып отыр, оның ішінде швейцариялық Nestlé SA мен ирландиялық Silvercrest ABP Food Group бар» деп жазады басылым.

Жылқы етін көрсетіп тұрған қасапшы. Голландия, Харлем, 13 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Жылқы етін көрсетіп тұрған қасапшы. Голландия, Харлем, 13 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
IKEA оқиғасынан кейін Брюссельде өткен ауыл шаруашылығы министрлері кеңесінде жылқы етіне қатысты тексеруді бақылауда ұстау үшін қарқынды жұмыс істеу туралы келісім жасалды. Әдетте Еуропада жылқы еті сиыр етінен төрт есе арзан бағаланады.

Ирландия ауыл шаруашылығы министрі Симон Ковени (Simon Coveney) «Алаяқтықтың алдын алу үшін Еуропа одағы бойынша ет өнімдеріне ДНҚ тексерісін жасаймыз. Тұтынушылар сатып алған азығының атауына сай екеніне сенімді болуы тиіс» деген.

Еуропаның ауыл шаруашылығы министрлері жергілікті тексеріс нәтижесін Еурополға (Гаагада орналасқан Еуропа одағының полиция қызметі) жіберуге келісті.

WSJ тілшілеріне сұхбат берген Британия ауыл шаруашылығы министрі Оуэн Патерсон (Owen Paterson): «Мұның еуропааралық қылмыстық әрекет екені анық» дейді.
XS
SM
MD
LG