Accessibility links

Тәжікстанның дін істері комитетінің өкілдері бұл шара халықтың әлеуметтік ахуалын қиындатпау үшін жасалып отыр деп түсіндіреді.

Тәжікстанда табысы аз отбасы мүшелері қажылық сапарға барғысы келсе, оларға рұқсат берілмеуі мүмкін. Тәжікстанның дін істері комитетінің өкілдері бұл тыйым елдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын ойлағандықтан деп отыр. Алайда кейбір сарапшылар мұндай әрекет халықтың діни зиярат етуін шектеу деп бағалайды.

Тәжікстанның дін істері комитетінің өкілі Азаттықтың Тәжік қызметіне "мұндай шешім вице-премьер Азим Иброхиммен өткен жиыннан соң жасалды" дейді. Вице-премьер қажылық бойынша комиссия басшысы қызметін де қатар атқарады.

Ресми БАҚ таратқан мәліметте, Азим Иброхим қала, аудан басшыларына қажылыққа бару туралы өтініштерді қараған кезде өтініш берушінің экономикалық мүмкіндіктерін ескеруді тапсырған.

Азаттықтың Тәжік қызметіне ақпарат берген комитет өкілі мұндай шектеу бұрын да болған дейді, бірақ енді қажылыққа барғысы келгендердің тұрмыстық ахуалы төмен болса, оларға рұқсат бермеуге ресми өкілет алғандарын айтады.

"Дін істері бойынша жергілікті комиссия енді әрбір ниеттенушінің экономикалық жағдайын сараптайды. Олардың қажылыққа бара алатынын немесе баруға мүмкіндігі аздығын зерттейді. Бұған дейін кейбір адамдар қажылыққа бару үшін қарызға кіріп, қиындыққа тап болған жағдайлар кездескен. Бір әйел есімде, ол баласының қазасынан соң келіні мен үш немересі тұрып жатқан пәтерді сатып, қажылық зияратқа аттанбақ болған еді", - дейді комитет өкілі.

Сауд Арабиясындағы тәжікстандық зиярат етушілер.21 тамыз, 2016 жыл.
Сауд Арабиясындағы тәжікстандық зиярат етушілер.21 тамыз, 2016 жыл.

Дін істері комитетінің өкілі бұл шектеуді "қажылыққа баруға, зиярат етуге жасалған тыйым деп, адам құқықтарын бұзу деп санамайтынын" айтады. Оның ойынша "мемлекет осы арқылы халықтың тұрмыстық, экономикалық ахуалын ойлап, жағдайын жақсартуды көздеп отыр".

Бұған дейін Тәжікстан билігі 40 жасқа толмаған азаматтарға қажылыққа баруға тыйым салған еді. Ол шешімді құқыққорғаушылар сынға алған. Билік сынаушыларға жауап ретінде "қажылық зияратта жастардан гөрі егде азаматтарға мүмкіндік беру қажет" деп уәж келтірген.

Қажылыққа қатысты тағы бір шектеу болған. Ол - қажылықтан оралған азаматтар туыстары мен таныстарын шақырып, "қажы" атанғанын дастарханда арнайы атап өтуге салынған тыйым.

Тәжікстан халқының басым бөлігі мұсылман. Олар өмірлерінде ең болмаса бір рет қажылық парызды өтегілері келеді. Ислам дінінің қасиетті орындарында болып, Құранда жазылған діни рәсімді орындау оларға мәртебе. Тұрмыстық жағдайы төмен жандар қажылыққа бару үшін жылдар бойы ақша жинайды.

Сарапшылар қажылыққа қатысты жаңа тыйым жемқорлыққа жол ашып, сапарға жіберу рұқсатын беретін мемлекеттік қызметкерлердің пара алуға мүмкіндігін ұлғайтады деп есептейді.

Тәжікстанда қажылық зияратқа жылына алты мыңнан астам азамат аттанады. Соңғы мәлімет бойынша, биыл қажылыққа 6 мың 520 тұрғын барған. Әрбір адам үшін сапар құны 33 мың тәжікстандық сомони немесе шамамен, 3630 доллар тұрған. Ал 2018 жылға арналған тәжікстандық қажылыққа ниет еткен зияратшылар үшін баға әзірге белгісіз.

Азаттықтың Тәжік қызметі мақаласының негізінде әзірленді.

XS
SM
MD
LG