Accessibility links

Эквадордағы тәжік кәсіпкері өсірген раушанды Қазақстан да алады


Тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибов өсіретін раушан гүлі. Эквадор, қыркүйек, 2019 жыл.
Тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибов өсіретін раушан гүлі. Эквадор, қыркүйек, 2019 жыл.

Алыстағы Эквадор елінде тәжік кәсіпкері өсірген раушан гүлін әлемнің отыз елі, соның ішінде Қазақстан да алады.

Орталық Азияда орналасқан Тәжікстан мен Оңтүстік Америка құрлығында жатқан Эквадордың ара қашықтығы 15 мың километрге жуық. Осыдан екі жыл бұрын Эквадорға қоныс аударған тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибов қазір сол елде гүл өсірумен айналысады деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі (Озоди радиосы).

34 жастағы кәсіпкердің айтуынша, ол 2014 жылы көлік апатынан амерт болған ағасының сүйегін алып қайтуға барғанда Эквадорды алғаш рет көрген. Қазір ол кезінде марқұм ағасы бастап кеткен істі жалғастырып отыр.

Тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибов гүл өсіретін плантациясында тұр. Эквадор, қыркүйек, 2019 жыл.
Тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибов гүл өсіретін плантациясында тұр. Эквадор, қыркүйек, 2019 жыл.

Мұнай өндіруші елдер ұйымына (ОПЕК) мүше Эквадорда мұнай мен бананға қоса экспортқа шығарылатын өнімдердің арасында гүл де бар. Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы 2019 жылға арналған есебінде Эквадорды баспасөз бостандығы мен интернет еркіндігі шектелетін жартылай еркін елге жатқызса, Орталық Азиядағы Тәжікстанды "еркін емес елдердің арасындағы ең нашары" деп атаған. Тәжікстандық Сайид Носех Толибов өз елімен салыстырғанда Эквадорда еркінірек сезінетінін айтады.

"Эквадордың жұмсақ ауа райы жаныма майдай жағады. Мұнда жылдың төрт мезгілінде көктем. Сонымен бірге, осында өзімді еркін әрі қауіпсіз сезінемін, үйден түн ортасында шығып жүрсең де ешкімнің сенде шаруасы жоқ. Тәжікстан тәрізді кей елдердегідей үрей жоқ. Егер ештеңені бүлдірмесең қорықпай өмір сүре аласың" дейді ол.

Сайид Носех Толибов Эквадор астанасы Китодан 70 шақырымдай жердегі Каямбе деп аталатын шағын қалада тұрады. Осы елге келген соң меңгерген испан тілінде қазір еркін сөйлейді. Ағасынан қалған 10 гектарлық гүл плантациясының көлемі қазір 40 гектарға жеткен.

Тәжік кәсіпкері Эквадордың ауа райы гүл өсіруге аса қолайлы екенін айтады. Оның сөзінше, плантациясында өсірген гүлді әлемнің 30 елі, соның ішінде Қазақстан мен Ресейге де жөнелтеді.

"Эквадорда жаңадан іс бастаған компанияларға алғашқы 5-6 жылда үкімет қолдау көрсетеді. Мұнда шектен тыс салық, негізсіз тексеру дегенді көрмейсіз, жергілікті және шетелдік кәсіпкерлерге бірдей қарайды. Тек заң аясында жұмыс істеп, салықты уақытында төлеп тұрсаң болды, ешкім сені жосықсыз тексеріп әуре-сарсаңға салмайды. Барлық шаруа онлайн режимде атқарылады, тіпті салықты да интернет арқылы төлейміз. Жылына екі рет тексеру келуі мүмкін, бірақ ол туралы алдын ала хабарлама жіберіп ескертеді" дейді Сайид Носех.

Дүниежүзілік банктің әлем елдеріндегі бизнеске қолайлы жағдай жасау көрсеткіштерін бағалайтын Doing Business рейтингінде Эквадор 123-орында тұр. Тәжікстан бұл тізімде үш орын төмен орналасқан.

Тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибовтың плантациясындағы гүлдер. Эквадор, қыркүйек, 2019 жыл.
Тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибовтың плантациясындағы гүлдер. Эквадор, қыркүйек, 2019 жыл.

Қазір тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибовтың иелігіндегі плантацияларда 300-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Эквадорда ең төменгі еңбекақы шамамен 400 долларды құрайды және оның мөлшері жыл сайын 10 долларға көбейіп отырады. Толибовтың Irouse деп аталатын компаниясында сегіз тәжікстандық та жұмыс істеп жүр.

- Әйткенмен Эквадорда тәжіктер көп емес. Менікімен қоса алғанда мұнда үш тәжік отбасы бармыз, - дейд Сайид Носех. – Эквадор тұрғындары негізінен католик дінін ұстанады, бірақ мұсылман диаспорасының саны да көп. Эквадорлықтан мұсылман мерекелері кезінде бізді құттықтайды. Балаларым осындағы жергілікті мектепте оқиды, онда өзге мәдениет пен киімге құрметпен қарайды, ешқандай шектеу жоқ".

Сайид Носех плантациясының көлемін ұлағайтқысы келетінін айтады. Өзі өсірген гүлдерді Тәжікстанға да жеткізіп тұруды жолға қойсам деп армандайды. Кәсіпкердің сөзінше, Тәжікстанның ауа райы жылу сүйетін эквадорлық гүлді өсіруге жарамайды.

Тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибовтың плантациясында өскен раушан гүлі. Эквадор, қыркүйек, 2019 жыл.
Тәжік кәсіпкері Сайид Носех Толибовтың плантациясында өскен раушан гүлі. Эквадор, қыркүйек, 2019 жыл.

"Эквадор мен Тәжікстанның ара қашықтығы өте алыс, гүл бағасына әсер етеді. Тәжікстанға гүлді негізінен Өзбекстаннан тасиды. Бірақ мен бәрібір іскер серіктес іздеп жүрмін, Душанбеде тым болмағанда бір дүкенде болса да гүлдерім сатылғанын қалаймын" дейді ол.

Плантациядан сатылатын әрбір раушан гүлінің бағасы 35-36 центті құрайды. Бірақ жер шалғайлығына байланысты әр елдегі дүкенге жеткенше оның бағасы да еселеніп өсе береді. Эквадорда табысты іс жүргізіп отырған тәжік кәсіпкері мұхиттың ар жағында қалған туған жерін сағынатынын жасырмайды.

"Елде туыстарым бар, Тәжікстанға екі жылда бір рет барып тұруға тырысамын" дейді Сайид Носех Толибов.

(Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосының материалынан аударылды.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG