Accessibility links

"Ұлтына бола қысым жасалған жоқ". Тәжікстан мен Қырғызстанда не болып жатыр?


Тәжікстанның қырғыздар көп тұратын Мургоб ауданындағы ауылда көшеде телефонмен сөйлесіп тұрған адам.
Тәжікстанның қырғыздар көп тұратын Мургоб ауданындағы ауылда көшеде телефонмен сөйлесіп тұрған адам.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан кейін Тәжікстан қырғыздарды, Қырғызстан тәжіктерді елден шығарып, кейбіріне қысым көрсетіп жатыр деген ақпарат тарады. Екі елдің билігі мұны жоққа шығарып отыр.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы адам өліміне алып келген қақтығыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында оқиға орнынан жүздеген шақырым жердегі қырғыздар көп тұратын Тәжікстанның екі ауданынан қырғыздарды "елден қуып", "депортациялап" жатқаны туралы хабар тарады.

Қырғыз бұқаралық ақпарат құралдары Тәжікстан Лахш және Мурғоб аудандарынан қырғыздарды депортациялап жатыр деп жалған ақпарат таратып, әлеуметтік желіде өшпенділікті қоздырды.

Азаттық радиосы оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін екі елдің билігіне, соның ішінде жергілікті мэрлер мен полицияға, сондай-ақ Лахштағы бірнеше қырғызға хабарласты. Сонымен қатар Тәжікстаннан депортацияланып жатқан адамдарды білетінін айтқан Қырғызстан тұрғынымен де сөйлесті.

Тәжік билігі де, қырғыз билігі де Тәжікстаннан қырғыздардың қуылып жатқанын растай алмады.

Бірақ екі тарап та кейінгі кездері тәжік билігінің қырғыздарға алдымен Тәжікстан азаматтығынан бас тартпаса, қырғыз паспортын ала алмайтынын ескерткенін айтты.

Тәжікстан азаматына Ресейден басқа ешбір елдің қос азаматтығын алуға болмайды. Ал Қырғызстан өз азаматына Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан, Қытай секілді шекаралас елдерден қос азаматтық алуына тыйым салған.

– Біз азаматтарға расымен қос азаматтықтың біреуін таңдауы керегін айтамыз, – дейді Лахш ауданы мэрі Файзулло Баротзода Азаттыққа.

Оның айтуынша, "бұл талаптың шекарадағы қақтығысқа еш қатысы жоқ".

– Кейінгі бір жылда Лахштағы 100-ге жуық қырғыз Тәжікстан азаматтығынан бас тартып, қырғыз паспортын сақтап қалуды жөн көрген, – дейді Баротзода.

Ол шамамен тура осынша адамның Қырғызстан паспортынан бас тартып, Тәжікстан азаматы болып қалуды таңдағанын айтты.

Тәжікстан азаматына Ресейден басқа ешбір елдің қос азаматтығын алуына тыйым салынған.
Тәжікстан азаматына Ресейден басқа ешбір елдің қос азаматтығын алуына тыйым салынған.

"Тәжікстаннан қырғыздар депортацияланып жатыр ма?" деген сұраққа Баротзода:

– Иммиграция ережесін, яғни, 60 күндік визасыз режимді бұзған қырғыздардың елден шығарылған кездері болды, – деп жауап берді.

Бірақ ол 28 сәуірде болған шекарадағы қақтығыстан кейін азаматтардың депортацияланғанын білмейтінін айтты.

Баротзода Азаттыққа 3-6 мамыр аралығында "Қарамық" шекара бекеті арқылы Тәжікстанға қайтып келген 42 азаматтың тізімін берді. Олардың көбінің ұлты – қырғыз.

Азаттық радиосы Қырғызстанның шекара қызметінен де мәлімет сұратты. Бірақ жауап келмеді.

Қырғызстан ішкі істер министрі "Лахшқа барған және сонда тұратын қырғыздардың елден шығарылғанын" білетінін мәлімдеді.

Министрлік наурыздың ортасынан бастап тәжік билігінің Лахштағы қырғыздардың құжатын ескертусіз тексеріп жатқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін жағдайды жіті бақылап отырғанын атап өтті.

Тәжікстанның шығысындағы Мурғоб қаласының мэрі Хусния Ражабзода ешкімнің "депортацияланбағанын" айтты. Мурғоб тұрғындарының 60 пайызы, шамамен 16 мың адамның ұлты – қырғыз.

Ресей құқық қорғау ұйымы қақтығыстан кейін Бішкек пен Ош әуежайында Ресейден ұшып келген кей тәжіктердің соққыға жығылғанын хабарлады. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Мәскеулік құқыққорғаушы Валентина Чупик ұрып-соғу және қорқыту арқылы қудалауды тоқтату үшін қырғыз шенеуніктері әуежайдағы қызметкерлеріне "бірдеңе істеуі керек" дейді.

Тәжік азаматы Хурсанмурод Хомидов 30 сәуірде Ресейден келгенде Ош әуежайындағы қырғыз шекарашылары тәжіктердің кейбірінен ақша бопсалап, ұрып-соққанын айтты.

Ош университетінде оқитын тағы бір тәжік азаматы Нуриддин Илиосов Азаттыққа қырғыз-өзбек шекарасындағы Дустлик өткізу пунктінде қырғыз күзетшілері ақша бопсалады дейді.

"БЕЙБІТ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР"

Лахштағы мектеп мұғалімі, ұлты қырғыз Бақтияр Айтматов Азаттыққа қырғыз бен тәжіктердің бейбіт өмір сүріп жатқанын және ауылынан 700 шақырым жерде болған шекарадағы қақтығыстың оларға әсер етпегенін айтты.

– Біреуді үйінен қуып шыққанын естімедім. Сіздерден бірінші рет естіп отырмын, – дейді Лахштағы депортация туралы сұраққа жауап берген Бақтияр Айтматов.

Тәжістанның Рашт алқабында орналасқан, бұрын Жырғатал деп аталған Лахш ауданындағы 57 мыңнан астам тұрғынның жартысынан көбі – қырғыз.

– Қырғыздар мен тәжіктер өте жақсы біріккен [және] Лахшта аралас неке кең тараған, – дейді Айтматов.

Лахш ауданының Жырғатал қаласында тұратын Бақтияр Айтматов жұмыс істейтін мектепте қырғыз және тәжік оқушылары бірге оқиды. Ол өз отбасының бірнеше мүшесі тәжіктермен отасқанын және олардың балалары өзін қырғызға да, тәжікке де жатқызатынын айтты.

Қырғызстан мен Тәжікстандағы шекарада қақтығыс болған аудандар.
Қырғызстан мен Тәжікстандағы шекарада қақтығыс болған аудандар.

Айтматовтың отбасы Қырғызстанға бірнеше жыл бұрын көшіп кеткен және сол жақтың азаматтығын алған екі ағасымен де хабарласып тұрады.

Қырғызстан "Қайрылман" бағдарламасы аясында қырғыздарға шетелден көшіп келуге мүмкіндік береді. 2007 жылы бағдарлама басталғалы шетелден көшіп келген мыңдаған қырғыз азаматтық алған.

1990 жылдары Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде мыңдаған қырғыз Тәжікстаннан Қырғызстанға көшіп келген. Осы соғыс кезінде Қырғызстан өз еліндегі зорлық-зомбылықтан қашқан мыңдаған тәжікке де пана берген.

"ЕЛДЕН КЕТУГЕ 6 САҒАТ БЕРЕДІ"

Қырғызстанның Шу облысының тұрғыны Акимолдин Калбеков мүлдем басқа пікір айтты.

Лахштағы досы туралы айтқан Калбеков Азаттыққа қырғыз паспортынан бас тартқысы келмейтін қырғыздарды Тәжікстаннан кетуге мәжбүрлеп жатыр дейді.

– [Тәжік билігі] оларға елден кетуге 6 сағат береді. Жиргатолдан 100-ден астам азамат кетіп жатыр. Менің досым сол жақтан келді, – дейді Калбеков.

Тізімде көрсетілген 42 Тәжікстан азаматының көбінің ұлты қырғыз. Оларды 3-6 мамыр аралығында "Қарамық" шекара бақылау пунктінен Тәжікстанға шығарып жіберген.
Тізімде көрсетілген 42 Тәжікстан азаматының көбінің ұлты қырғыз. Оларды 3-6 мамыр аралығында "Қарамық" шекара бақылау пунктінен Тәжікстанға шығарып жіберген.

Акимолдин Калбеков Тәжікстандағы туыстарына алаңдағандықтан, досының есімін атамады және досының әйелі Лахшта қалғанын айтты.

Шудың тағы бір тұрғыны Рақымбек Қасымов Тәжікстаннан депортацияланғандардың "қиындық" көретініне алаңдайтынын айтты.

– Қырғызстанға келгендердің тұратын жері жоқ. Кейбірі туыстарының үйінде қалады және көп қиындық көреді, – деді Қасымов.

ҚОС АЗАМАТТЫҚ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕ МЕ?

Лахш жергілікті басқару органдарының мәліметі бойынша, 3 мамырда Қырғызстан Тәжікстанның 19 азаматын, оның ішінде студенттерді Тәжікстанға депортациялаған. Ақпаратқа сәйкес, 6 мамырда тағы 23 адам Баткен мен Лахш арасындағы шекара бекеті арқылы еліне қайтарылған.

Олар ағзасында коронавирус бар-жоғын анықтайтын тест тапсырғаннан кейін Лахшта карантинде жатыр. Кейбірі қырғыз шенеуніктері оларға коронавирус пандемиясы кесірінен Тәжікстанға қайтуы керегін ескерткенін айтты.

Олардың арасында кемі 5 адамда тәжік және қырғыз паспорты бар.

Қырғызстандағы қанша тәжіктің тәжік азаматтығын сақтап, қырғыз паспортын алғаны белгісіз. Кей мәлімет бойынша, Лахш пен Мургобтың өзінде 10 мыңнан астам қырғыз қос азаматтықпен жүр. Олардың қырғыз билігіне тәжік азаматтығынан бас тартқанын хабарлаған-хабарламағаны да белгісіз.

Тәжістанның Рашт алқабында орналасқан, бұрын Жырғатал деп аталған Лахш ауданындағы 57 мыңнан астам тұрғынның жартысынан көбі – қырғыз.
Тәжістанның Рашт алқабында орналасқан, бұрын Жырғатал деп аталған Лахш ауданындағы 57 мыңнан астам тұрғынның жартысынан көбі – қырғыз.

Лахш ішкі істер басқармасының қызметкері Азаттыққа қос азаматтығы барлардың ішінде Тәжікстан азаматтығын сақтап қалғандардың көбі фермер боп жүргенін айтты.

– Олар мемлекеттен жалға алған 10 гектар ауыл шаруашылығы жерінен айырылғысы келмейді. Егер олар қырғыз азаматтығын таңдаса, ыхтиярхат алып, жерді (жалға алу) және салық (төлеу) бойынша басқа талаптар қойылады, – дейді шенеунік.

Құжаттарды тексеруге қатысқан лауазымды тұлға өзіне бұқаралық ақпарат құралдарымен сөйлесуге рұқсат берілмегендіктен аты-жөнін атамауды сұрады.

Тәжікстанның ұлты қырғыз азаматтарының көпшілігі "екінші" қырғыз паспортын Қырғызстаннан жұмыс табу үшін пайдаланады. Олардың көбі Ош қаласына барады.

Кей қырғыздар Бішкек пен Душанбе қос азаматтық туралы немесе көрші елдің азаматтарына жұмыс істеуге, содан кейін зейнетақы мен басқа да әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндік беретін келісімге келеді деп үміттенеді.

Бірақ адам өліміне алып келген қақтығыстан кейін көршілердің мұндай қадамға баруы екіталай.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG