Accessibility links

Мәскеу Душанбеге қару-жарақ берді


Тәжікстан әскерилері ресейлік танктермен жаттығу кезінде. Көрнекі сурет.

"ДАИШ содырлары Ауғанстанға өтіп жатыр" деген хабар тараған кезде Ресей Тәжікстанға әскери-техникалық құрылғылар жөнелтті.

Тәжікстан қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Фаридун Махмадализодоның Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, Ресей бірнеше күн бұрын Тәжікстанның Вахдат қаласындағы әскери бөліміне қару-жарақ берген. Тәжікстанға Т-72Б1 танктері, БТР-80 және БТР-70, БМП-2 техникалары, Ми-24, Ми-8 тікұшақтары, Д-30 гаубицалары табысталған. Зениттік құрылғылар, беренді техникаға бөлшектер, байланыс құралдары, топографиялық құрылғылар, тылға қажет мүліктер мен өте көп атыс қарулары да бар.

Ресейлік БАҚ тың хабарлауынша, Ресейдің қорғаныс министрлігінің халықаралық байланыс бойынша басшыларының бірі генерал-лейтенант Александр Кшимовский «бұл әскери техника тәжік-ауған шекарасындағы террорлық қауіп-қатерге тосқауыл болуға көмектеседі» деген.

Бұл әскери техника тәжік-ауған шекарасындағы террорлық қауіп-қатерге тосқауыл болуға көмектеседі
Александр Кшимовский, Ресейдің қорғаныс министрлігінің өкілі

Биыл Ресей тарапы Тәжікстанға 122 миллион доллардың қару-жарағын берген. Ресейлік генерал әскери құрылғылар тегін, әскери-техникалық көмек аясында беріліп жатқанын айтқан. «Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгудың саяси жігерінің арқасында мұндай шара іске асты» дегенді де ескертіп өткен.

Сергей Шойгу тәжікстандық әріптесі Шерали Мирзомен былтыр қарашаның соңында Мәскеуде кездескен кезде Ресей Тәжікстанға қару-жарақ жөнелтетінін, оның ішінде әскери тікұшақтар да бар екенін айтқан еді. Ол жолы Шойгу нақты қандай авиатехника беретіндерін нақтыламаған. Бірақ БАҚ «шабуылдаушы және әскери тасымалдаушы тікұшақтар туралы, әуедегі, жердегі нысандарды жоюға арналған шабуылдаушы ұшақтар жайында сөз болып отыр» деп жазған. Шойгу сөзінше, мұндай шешім Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы елдерінің оңтүстік шетіндегі қауіпсіздігін сақтау үшін жасалып отыр.

Сергей Шойгу (сол жақта) мен Шерали Мирзо. Мәскеу, 23 желтоқсан 2014 жыл.
Сергей Шойгу (сол жақта) мен Шерали Мирзо. Мәскеу, 23 желтоқсан 2014 жыл.

Ресейлік сарапшылар тараптар арасындағы Тәжікстанға әскери тікұшақтар беру туралы келісім 2012 жылы жасалғанын айтады. Ресей Тәжікстан мен Қырғызстанның қорғаныс қабілетін күшейту үшін 70 миллиард доллар беруге келіскен. Бұл елдерде ресейлік әскери базалар да орналасқан.

Биыл Тәжікстанда ресейлік әскерилер де қатысқан бірнеше ірі жаттығу жиындары да өтті. Олардың ішіндегі ең үлкен жаттығу «Антитеррор-2017» деп аталған ресей-тәжік әскерилерінің біріккен шарасы болды. Бұл жаттығуда ресейлік әскерилер Ресейден тыс елде алғаш рет «Искандер-М» зымыранымен нысандарды атқан. Жаттығуға екі тараптан төрт жарым мың сарбаз қатысқан.

Тәжікстан билігі ҰҚКШ мүше-елдерін тәжік-ауған шекарасын қорғау және нығайту шараларына ерекше көңіл бөлуге бірнеше рет шақырған.

Тәжікстан билігі ҰҚКШ мүше-елдерін тәжік-ауған шекарасын қорғау және нығайту шараларына ерекше көңіл бөлуге бірнеше рет шақырған. Душанбе мұндай қорғаныс шаралары терроризм, экстремизм, контрабанда, есірткі саудасы сияқты түрлі трансұлттық қылмыстық ұйымдарға тосқауыл болар еді деп санайды.

Тәжікстан басшысы Эмомоли Рахмон өзі басқаратын орталықазиялық бұл республика исламшыл терроризмнен төнетін қатерге ең алдымен тап болуы мүмкін екенін, өйткені ортадағы буфер болып отырғанын мәлімдеген.

Сирия мен Иракта соңғы айларда күйрей жеңілген ДАИШ содырлары арасындағы жүздеген орталықазиялық «джихадшылар» Ауғанстанға өтті деген деректер бар. Ауғанстанның солтүстік Фарьяб, Сари-Пуль, Саманған, Бағлан, Құндыз, Тахар, Бадахшан және Ауғанстанның шығыс аймақтарында да ДАИШ тың «Ұлы Хорасан» тобының содырлары пана тауып отырғаны туралы ақпарат шыққан. Олар бұл аудандарда терроршыларды дайындау орталықтарын құрып, диверсиялық әрекетке дайындалып, оқып жатыр деп сипатталады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Құпияға толы Жібек жолы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:12 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG