Accessibility links

Тәжік банктері жұмысқа көбінесе әйелдерді алмақ


Тәжікстанның ұлттық банкі шағын несие берумен айналысатын мекемелер мен банктерге қаржылық қызметтерге әйел мамандарды көбірек тартуға кеңес берді.

Елдің бас банкі бұл өзгерісті өзінен бастап, ақша айналымы және кассалық операциялар бөліміндегі қызметкер ер адамдардың бәрін әйелдермен ауыстырды.

Қазанның 8-і күні Азаттықтың Тәжік қызметіне танысудың сәті түскен бұйрық көшірмесіне сәйкес, ұлттық банктің ұсынысы банктерде жұмыс істейтін әйелдер санын көбейтуді көздейді. Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, қазір елдің банк жүйесінде алты мыңға жуық әйел жұмыс істейді, бұл несие беру мекемелері қызметкерлерінің жалпы санының үштен бір бөлігін немесе 32 пайызын құрайды. Бірақ банк құрылымдарында басшы қызметтер атқаратын әйелдер мүлде аз.

Тәжік әйелдері негізгі "ақша ұстаушы" (қазынашы) рөлін көбінесе отбасында атқарады. Отбасында ақшаға қатысты мәселелермен әйелдері айналысатынын ер адамдардың көбі растайды. Душанбеде тұратын 53 жастағы Тагоймурод Рахимовтың айтуынша, жұбайының ақшаны әлдеқайда ұқыпты ұстайтынын, қаржы мәселесіне құнтты екенін отасқаннан бергі 25 жыл көрсеткен. Ол кісінің де мамандығы – мұғалім, бірақ өмірінің көп бөлігін балаларын тәрбиелеумен өткізген, қазір зейнет демалысында.

"Екеуіміз енді шаңырақ көтеріп, ерлі-зайыпты болып бірге тұра бастаған кезде отбасындағы қаржы мәселелерімен өзім айналыспақ болып, ақшаны өзім ұстап көрдім, бірақ қолымнан келмеді. Енді бүкіл жалақымды, тапқан табысымды әйеліме беремін, отбасы бюджетін қалай және қайда жұмсауды өзі біледі. Біздің үйдегі бас "казначей" сол кісі" дейді ол.

Оның сөзінше, тәжік қоғамында жалақысын жұбайына беретіндерді "әйелінен қорқады" деп қағытатынына қарамастан, ақшаны әйел ұстайтыны әр шаңырақтан байқалады.

Кейінгі екі жыл ішінде Тәжікстанда ондаған банкир және банк қызметкерлері ұсталып, ұзақ жылдарға сотталды. Олардың бәрі халықтың банкке салған ақшасын «жымқырды» деп айыпталған. Душанбенің Сино аудандық соты "Точпромбанктің" алты қызметкерін өткен аптада ғана 8-13 жылға соттаған болатын. Азаттық дерегінше, олардың ішінде әйелдер жоқ.

Марьям Давлатова
Марьям Давлатова

Тәжікстандық әлеуметтанушы Марьям Давлатованың пікірінше, банк құрылымдарына әйелдерді тарту - дұрыс әрі орынды шешім. "Әйел үйдің берекесін, бала-шағаның қамын ойлайды, сондықтан әлеуметтік мәселелерге көбірек мән береді. Отбасы бюджетін жұмсау көбінесе әйелдерге жүктеледі, сондықтан қаржы мәселесіне келгенде олар әлдеқайда пысық келеді, ақшаға ұқыпты қарайды. Бір күндігін ғана ойлайтын ер адамдардай емес, ұқыптылық - әйелдің қанына сіңген қасиет. Бұған қоса, әйелдер көбінесе заң бұзбайды" дейді Давлатова.

Бірақ бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Банктің бұрынғы қызметкері Дилафруз Комилова банкте жұмыс істейтін әйелдердің бәрі бірдей үлгілі қызметкер бола алмайды деп санайды. Оның пікірінше, жұмысқа шынымен де сауатты мамандарды тартса ғана ұлттық банк бастамасын құптауға болады.

"Бізбен бір әйел жұмыс істеген, бәрімізді діңкелететін. Ақшаны біресе жеткізбей санайды, біресе артық санап қояды. Артынан бәрін қайта түзетіп жүргенің. Кейде әлгі әйелдің кесірінен кем шыққан ақшаны қосылып өз қалтамыздан төлеуге тура келетін" дейді ол.

Ресми дерекке сәйкес, Тәжікстанда әйелдер көбінесе білім беру мен денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді. 8,5 миллион адам тұратын Тәжікстанда халықтың 49 пайызы – әйелдер.

XS
SM
MD
LG