Accessibility links

Рахмонның командасын «плагиатшы» деп айыптады


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 14 қазан 2013 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 14 қазан 2013 жыл.

Тәжікстанда президент сайлауы науқаны қызған шақ. Елдің қазіргі президенті Эмомали Рахмонның сайлау штабы мүшесі танымал саясаткерлердің сөздерін көшіріп алғаны үшін сынға ілінді.

«Мен Эмомали Рахмонға не үшін дауыс берем?» атты мақаласында автор Рахмонды неге қолдайтынын жазады. Ол кейбір мемлекет басшыларының сөздерін сол күйі мақаласына қосқанға ұқсайды.

Мақала авторы - Илхомжан Хамидов есімді жас журналист. Оның мақаласы қазанның 19-ы күні AsiaPlus веб-сайтына шықты. Рахмонға қарсылар Хамидовты Ресей мен Украина, тағы басқа елдердің басшылары сайлау науқаны кезінде айтқан сөздерді көшіріп алғаны үшін жаппай сынып жатыр.

САЙЛАУДАҒЫ ПЛАГИАТ

Мақала орыс тілінде жазылған. Хамидов мақаласын қарашаның 6-сы күні өтетін Тәжікстан президенті сайлауының жақындап келе жатқанынан бастайды.
Журналист «Тәжікстанды жаңа қиындықтар күтіп тұр. Елдегі әбден шиеленіскен жағдайлар үкімет басшыларынан дағдарысты айналып өтетін, бағыты айқын, нақты жоспарланған, ұйымшыл әрекеттер күтеді» дейді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович. Киев, 15 желтоқсан 2011 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович. Киев, 15 желтоқсан 2011 жыл.
Көзі қарақты оқырмандар бұл пікірдің Украина президенті Виктор Януковичтің 2009 жылы сайлау науқаны кезінде айтқан сөздері екенін байқаған. Оқырмандар бұл сөздің көшірме екенін дәлелдей түсетін қосымша айғақтар тапты.

Мәселен, бұл сөздерді 2011 жылы Оңтүстік Осетияның президент сайлауына түскен Георгий Кабисов та айтқан. Кабисов та «Елдегі шиеленіскен саяси-әлеуметтік жағдай үкімет басшыларынан дағдарысты айналып өтетін, нақты жоспарланған, ұйымшыл әрекеттер күтеді» деген.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ РЕАКЦИЯ

Бұдан соң интернет қолданушылар әлеуметтік желілерге Хамидов пен басқа елдердің басшылары айтқан сөздерді салыстыратын скриншоттар жариялады. Осыдан соң елдің бәрі сайлау кампаниясының мүшелерін «плагиатшы» деп айыптай бастады.

Кейбір Facebook қолданушылар Хамидовтың мақалада қолданған сөздерінің түгел өз ойы екеніне күмән келтірген. Себебі, Хамидов жазған кейбір танымал фразаларды осы айдың басында Ресейдің «Біртұтас Ресей» партиясының конференциясында президент Владимир Путин айтқан еді.

Ресей премьері Дмитрий Медведев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин "Біртұтас Ресей" партиясы белсенділерімен кездесіп отыр. Мәскеу облысы, 3 қазан 2013 жыл.
Ресей премьері Дмитрий Медведев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин "Біртұтас Ресей" партиясы белсенділерімен кездесіп отыр. Мәскеу облысы, 3 қазан 2013 жыл.
Путин «Біртұтас Ресей» елдегі проблемаларды шешу жолында ауыр жауапкершілік арқалап келеді» деген. Хамидов осы сөйлемді Рахмон құрған Тәжікстан халықтық демократиялық партиясын насихаттау мақсатында қолданған.

Хамидов «Тәжікстан халықтық демократиялық партиясы елдегі проблемаларды шешу жолында ауыр жауапгершілік арқалап келе жатқаны жасырын емес» деп жазған. Бір Facebook қолданушы «Мақаладан Хамидовтың өзі жазған бір сөз табу мүмкін бе?» деп сұрайды.

«ҚАТЕЛІККЕ ҰРЫНДЫМ»

Тәжік ұлттық университетінде журналистикадан дәріс оқитын 27 жасар Хамидов мақаласында Януковичтің сөздерін көшіріп алғанын мойындады. Басында ол өзінің Facebook парақшасында «мен оларға сілтеме беруді ұмытып кетіппін» деп ақталған. Кейінірек Тәжікстанның жаңалықтар агенттігіне берген сұхбатында «Барлық президенттердің сайлау науқаны кезінде айтатын сөздері бір-біріне ұқсай береді» деді.

Арада біраз уақыт өткен соң Хамидов Facebook парақшасында өзінің жастығы мен тәжірибесіздігін айтып, қателік жасағанын мойындады. Ол «Мен әлі жаспын. Жас адам әдетте мұндай қателікке ұрынғыш келеді» деген.

Мақаланы әзірлеуге Фарангиз Наджибулла, Мирзонаби Холикзод, Зарангез Наврузшох және Сағынай Кәрім қатысты.
XS
SM
MD
LG