Accessibility links

Тәжікстандықтар календарында жылдың төрт мезгілінен бөлек, "президентті қарсы алуға дайындық" деген тағы бір маусым пайда болды.

Жыл сайын қайталанатын бұл науқанның жыл маусымдарынан ерекшелігі кез келген айға дөп келуі мүмкін. Бұл кездесуді президенттің көзіне түсуге тырысатындар да, одан бөлек, шешілмеген проблемаларын айтып қалғысы келетін азаматтар да күтеді.

Алайда азаматтарға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға арыз айту өте қиын. Бірақ бұл азаматтар мұң-мұқтажын президентке жеткізе алмай жүргенде алдын ала бекітілген бағдарлама бойынша президент алдында оқушылар оған мақтау-мадақтау, ал тұрғындар оның орасан еңбегіне арнау сөздерін айтып, қариялар бата беріп, әншілер өнер көрсетіп жатуы мүмкін.

Эмомали Рахмон қазір Тәжікстанның Хатлон облысында жүр. Ал оның осы сапарына дайындық бұл өңірде екі ай бұрын басталған.

"КҮЛІП ТҰРЫП, ЖАЛАУ БҰЛҒАЙМЫЗ"

31 жастағы Фаррух Камолов Восей ауданындағы орта мектепте педагог болып жұмыс істейді. Ол президент келеді дегеннен бері оқушыларды мемлекет басшысын қарсы алуға бір ай дайындаған. Оған және оның бірнеше әріптестеріне тапсырма беріліп, Эмомали Рахмонмен кездесуге 200 оқушыны дайындау тапсырылған. Өйткені, Рахмон олардың ауылдарының жанынан өтетін болған. Олардың міндеті - жалаушалар бұлғап тұру. Фаррух әзірге еңбек демалысына шыға алмай жүр, бірақ ешкімге ешқандай шағым айтпайды. Ол Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісіне тамыздың 12-сі күні:

- Ең басты мақсат - басшыны күтіп алу. Біз тыңғылықты дайындалдық. Көшенің екі жағына тұрып, жалау бұлғауымыз керек, - деді.

Вахш өлкесінде тұратын 54 жастағы аграрий Дустмурод Шарифов жол құрылысына көмектесіп жүр. Бұл жолмен президент өтеді. Дустмурод жұмысты барынша адал атқаруға тырысатынын айтады. Бұл еңбегін ол ел алдындағы парызы деп біледі. Бұл жағдай жылда қайталанады.

БАЙРАМНЫҢ ЖЫЛДАР БОЙҒЫ КЕЗЕГІ

Дусти ауданындағы Гаровти ауылы тұрғыны 26 жастағы Байрам Темиров - аудан басшысының табалдырығын тоздырған адамдардың бірі. Ол президентке поблемасын айтқысы келеді. Байрамның көзі көрмейді. Ол президентке жұмысқа орналасудағы қиындықтар туралы баяндамақ.

Байрам Темировпен тамыздың 12-сі күні Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісі сөйлескен еді. Байрам педагогикалық университеттің тарих факультетін бітірген. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр.

- Президентпен кездесу - 16 жасымнан бергі арманым. Одан жұмысқа тұруға көмектесуін сұрағым келеді. Мені бірде-бір мектеп жұмысқа алмай қойды. Білім министріне де кіріп-шықтым. Ол аудандағы білім бөлімі басшысына тапсырма беретінін айтқан, бірақ мені сол күйі шақырмады, - дейді ол наразы кейіппен.

Оның екі баласы бар, әйелі де зағип. Оларға материалдық жағынан Байрамның шешесі көмектесіп келеді. Байрам - Тәжікстандағы проблемасын президентке жеткізе алмай жүрген азаматтардың бірі.

ПРЕЗИДЕНТ МАҢАЙЫНДАҒЫЛАР КІНӘЛІ МЕ?

Тамыздың 12-сі күні саяси мәселелер бойынша сарапшы Хурсанд Хуррамов Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісіне "президенттің аудандарға сапары негізінен идеологиялық сипатта екенін, ол сапарлардың ең әуелі ел басшысының имиджін жасауға арналатынын" айтады. Ол бұл сапарларды театрландырылған қойылымдармен салыстырады. Ол қойылымдарда президенттің өзінен бастап, шенеуніктер, тіпті қарапайым халық та рөлдерін ойнайды.

«Президент ашатын нысандардың көбі кәсіпкерлер бастамасы және қаржысымен салынған. Мемлекет басшысының сапары кезінде де оның кәсіпкерлерден қандай да бір ғимараттар салуды талап ететіні көрініп тұрады" дейді сарапшы.

Хурсанд Хуррамов
Хурсанд Хуррамов

Оның пікірінше, мемлекет жеке кәсіпкерлер ісіне араласпауы, олардан қандай да бір нысандар салуды талап етпеуі керек.

Хурсанд Хуррамов «Кәсіпкерлер қаражаты дұрыс жұмсалуы керек. Бұл - президент кінәсі емес, оның маңайындағылар қателігі. Олардың әрқайсысы президенттің көзіне түсуге тырысады, ұпай жинағысы келеді. Өңірлерді аралау - президент жұмысының бір бөлігі. Олардың кезінде шығын көбеймеуі керек" дейді.

Оның сөзінше, президент сапары кезінде кәсіпкерлер шығынға батады және ол шығынды шығармаса, олар қысым көреді.

"ТЕРРОРИСТ ӘКЕСІНЕН ӨҢГЕСІНІҢ БӘРІ РИЗА"

Тәжікстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының директор орынбасары Сайфулло Сафаров Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісіне "Эмомали Рахмонның жыл сайынғы өңірлерге сапары - мемлекетті басқару тетігінің бірі, ол сапарлар кезінде басшы қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын тыңдайды" деді.

- Ондай кездесулер халықты шабыттандырады. Соның ішінде, кәсіпкерлер өңірдің дамуына үлес қосады. Бұл кездесулерде қызықты идеялар айтылады, - дейді Сафаров.

Сайфулло Сафаров
Сайфулло Сафаров

Оның сөзінше, мұндай сапарлардың шығыны көп, бірақ шығындар халық көретін пайда жанында "дым да емес".

- Бәлкім бір террористің әкесі ондай сапарларға наразы шығар, бірақ халықтың 99,9 пайызы президентпен кездесуге ынтызар. Біз қанша адамның президенттің ауылдарына бір рет келуін құдайдан сұрап отырғанын көрдік, өйткені, президент бір келіп кетсе, сол ауылдың қаншама проблемасы шешіліп қалады, - дейді Сафаров.

Алайда кейбір сарапшылар басқа пікір айтады. Олардың ойынша, ауыл-аймақтарды абаттандыру, халықтың мәселесін шешу ісі президент сапарына қарамастан, тұрақты түрде жасалауы керек. "Олай болмаған жағдайда жүйенің бір адамға кіріптар екені айқын болады, ол жақсылық нышаны емес" дейді кейбір сарапшылар.

Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісі Мумин Ахмадидің мақаласы орыс тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG