Accessibility links

Тәжікстанда оппозициямен «әйелдер жасағы» күреседі


Тәжікстан социал-демократиялық партиясы жетекшісі Рахматилло Зоировтың баспасөз мәслихатына басып кірген әйелдер. Душанбе, 10 желтоқсан 2013 жыл.
Тәжікстан социал-демократиялық партиясы жетекшісі Рахматилло Зоировтың баспасөз мәслихатына басып кірген әйелдер. Душанбе, 10 желтоқсан 2013 жыл.

Әйелдерді жалдап, жиын өткізу немесе оларды оппозицияға қарсы «жұмсау» - Қырғызстан мен Өзбекстан тәжірибесі. Енді Тәжікстан оппозициясы «әйелдер шабуылына» ұшырады.

Тәжікстан оппозиционерлері «билік қарсыластарына қысым көрсету үшін жалдамалы әйелдерді пайдаланып отыр» дейді.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ ЖИЫНЫН БҰЗДЫ

Осы аптаның басында жиырма шақты әйел Социал-демократиялық партияның баспасөз мәслихатына килігіп, оның төрағасын сынап, ел президенті Эмомали Рахмонды мадақтаған.

Журналистер тобырдың ішінен сәуір айында Душанбедегі АҚШ елшілігі алдында наразылық шеруіне шыққан екі әйелді таныған. Бірақ әйелдер сурет пен бейне көрініс түріндегі дәлелдерге қарамастан ол шеруге де қатысқандарын мойындамады.

Әйелдерді жиындар өткізу немесе үкімет қарсыластары өткізген шараларға іріткі салу үшін, оппозиция өкілдеріне тіпті күш жұмсап, қорлау мақсатында жалдау Өзбекстан мен Қырғызстанда жиі қолданылатын тәсіл. Ал Тәжікстанда бұрын мұндай тәжірибе болмаған еді.

Бұл топтарды сықақтап «ОБОН» деп атайды (орыс тіліндегі «Отряд баб особого назначения» деген тіркестің қысқарған түрі), яғни «әйелдердің арнайы жасағы». «ОБОН» сөзі «ОМОН» (Отряд милиции особого назначения) сөзін бұрмалау арқылы жасалған.

Тәжікстандық «арнайы жасақ» әйелдері желтоқсанның 10-ы күні Тәжікстан социал-демократиялық партиясы жетекшісі Рахматилло Зоировтың баспасөз мәслихатының шырқын бұзды. Зоиров Украина астанасында өтіп жатқан шеруге барып келгені туралы баспасөзге мәлімдеп жатқан еді.

Әйелдер жиын өтіп жатқан бөлмеге айғайлап кірді. Олар Зоиров пен басқа партия жетекшілерінің алдына барып, «ел ішінде тұрақсыздық болса дейсіңдер, бейбіт өмірді қаламайсыңдар» деп айыптап, президент Рахмонның «танымалдығын» көре алмайсыңдар деп тиісті. Әйелдер «Сендерге бейбіт өмір керек емес пе? Біз тыныштық болғанын қалаймыз. Соғыста жазықсыз адамдар опат болады. Баспасөз мәслихатының мақсаты қандай?» деген сөздер айтқан.

Әйелдер 2012 жылы елдің шығысындағы Таулы Бадахшан провинциясында болған қанды қақтығысқа «осы партияның қатысы бар» деп мәлімдеді. Сол қақтығыста жоғары лауазымды шенеунік пышақтан жараланып, опат болған еді. Әйелдердің бірі «сол бүлікте күйеуімнен айырылдым» деп мәлімдеген.

Әйелдердің оппозиция жиынына кірген видеосы:

Әйелдер Тәжікстан оппозициясы жетекшісінің брифингіне басып кірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:04 0:00

БИЛІКТІҢ ҚОЛШОҚПАРЫНА АЙНАЛҒАН ӘЙЕЛДЕР

Жергілікті партизан командирлерінің әрекеті саналатын Таулы Барахшандағы қырғынға социал-демократтардың еш қатысы болған емес. Әйелдер Зоировқа «халық сайлаған Рахмонның жұмыс істеуіне мүмкіндік берсеңдерші» деген. Олар журналистерге «Зоировтың далбаса пікірін тыңдамаңдар, ол Тәжікстандағы бейбітшіліктің қадірін білмейді» деп баспасөз мәслихатына бірқанша уақыт кедергі келтірген.

Журналистердің сауалына әйелдер «біз - көршілерміз, Зоировтың жиын өткізетіні туралы интернеттен білдік» деген уәж айтқан. Олар бірін-бірі танымайтынын айтып, «жиналысқа кездейсоқ келдік, бұл - әдейі ұйымдасқан топ емес, қарапайым тұрғындардың ел тағдырына алаңдауы» деп мәлімдеген.

Бірақ журналистер әйелдер тобынан жүзтаныс адамдарды байқап қалды. Әйелдердің кем дегенде екеуі сәуір айында Душанбеде АҚШ елшілігі алдында болған шеруге шығып, Украинада ұсталған тәжік оппозиционерін жазалауды талап еткен еді. Сол жиында әйелдер бұрынғы премьер-министр, АҚШ-та тұратын Абдумалик Абдуллоджоновты босатуды талап еткен АҚШ-ты айыптаған еді. Ол шаралардың видеосы мен суреттері болса да, әйелдер қатысқандарын мойындамады.

Оппозиция жетекшілері биліктің түрлі қысымына бойлары үйреніп кеткенін айтады.

Ислам өркендеу партиясы төрағасының орынбасары Махмадали Хаит «жиынның шырқын бұзу үшін әйелдерді жалдады» деп, билікті айыптады.

- Бұл - саяси партиялар мен азаматтық қоғамға қауіпті сигнал, - дейді ол.

Зоиров істі сот қарауына ұсынатынын, «әйелдердің билікке қатысы болуы мүмкін екенін, осы оқиғаға байланысты прокуратураға шағым түсіретіндерін» айтты.

Қырғызстанда құқық қорғау органдарымен байланысы бар әйелдер тобы 2010 жылы үкіметті сынаған адамды ұрып тастаған еді. БАҚ дерегі бойынша, Қырғызстандағы «ОБОН» мүшелері «қызметіне орай» 10-500 АҚШ доллары шамасында жалақы алды.

Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG