Шенеуніктер Нилуфарды хиджаб кигені үшін ұстағанын айтып, орамал таққан басқа төрт жолаушы әйелмен бірге Сино аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген.
9 миллион халқы бар, мұсылмандар саны басым Тәжікстанда мектепте, жұмыста және қоғамдық орында хиджаб киюге тыйым салынған. Билік бұл әрекетін діни экстремизмге қарсы күреспен түсіндіреді.
Раджабова полиция бөлімшесінде хиджаб киюге салынған тыйымды бұзғаны үшін көшеден, базардан және басқа орындардан ұсталған жиырма шақты әйелді көрген.
Раджабова желтоқсанның 16-сы күні Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында "Шенеуніктер бізге "хиджаб кигілерің келсе, Ауғанстанға немесе Иранға көшіңдер!" деді. Олар біздің киіміміз қала көркін бұзатынын айтты" дейді.
Полиция бөлімшесінде әйелдерге хиджаб киюге салынған тыйым туралы дәріс оқып, орамалдарын шешуге мәжбүрлеген. Орнына басқа кішкентай орамал тағуды ұсынған.
Желтоқсанның 18-і күні Душанбе қалалық соты Раджабованы "Бұзақылық" бабы бойынша айыпты деп тауып, оны 56 доллар көлемінде айыппұлға кескен. Раджабованы жауапқа тартуға Сино ауданындағы әйелдер ісі бойынша бөлім қызметкері Рано Абдуллаеваның шағымы себеп болған. Раджабова өзіне тағылған айыппен келіспейді.
Шешім шығарған сот және Әйелдер ісі бойынша мемлекеттік комитет бұл мәселеге байланысты пікір беруден бас тартты.
Раджабова – Рахматулло Раджабтың қызы. Рахматулло – елде тыйым салынған "Тәжікстанның исламдық жаңғыру партиясының" шенеунігі, қазір өзге серіктестерімен бірге түрмеде отыр. Раджабованың рейд кезінде ұсталуына әкесінің ісі әсер етті ме, ол жағы белгісіз.
Бірақ Раджабова аты-жөнін айтып, полиция әйелдерге толтыруға берген қағаздарды суретке түсіруге тырысқан кезде офицерлердің өзіне деген қарым-қатынасы күрт өзгергенін айтады. Ол сондай-ақ өздерін ұстау әйелдер құқығы мен мемлекет заңдарын бұзатынын айтып, қарсылық білдірген.
"Содан кейін екі офицер мені жертөлеге түсірді. Аяғым содан бері әлі ауырып жүр. Олар мені 15 тәулікке қамайтынын айтты" дейді ол.
Раджабова полиция қызметкерлерінің бірі өзін "зорлаймын" деп қорқытқанын да еске алды.
Раджабованы жертөледе 10 сағат ұстағаннан кейін шенеуніктер шешесін хабарласып, ол бөлімшеге келіп, қызын алып кеткен.
Азаттықтың Тәжік қызметі байланысқан Сино аудандық полиция бөлімшесі Раджабованың ұсталғанын растағанымен, оған қатаң шаралар қолданылғанын жоққа шығарды. Ішкі істер министрлігінің өкілі Умаржон Эмомали полиция әйелдерді хиджаб кигені үшін ұстамайтынын, шенеуніктер оларды "түсіндіру жұмыстарын жүргізу" мақсатында жинайтынын мәлімдеді.
Бірақ Душанбе тұрғындарының көбі хиджаб киген әйелдерге қарсы рейд жиі өтетінін айтады. Бір әйел жақында жанындағы хиджаб киген басқа әйелдермен бірге Душанбедегі Корвон базарында ұсталғанын мысалға келтірді. Ол әйелдерді полиция бөлімшесіне жеткізгенін, ал өзі көлік жолай тоқтаған кезде қашып үлгергенін хабарлады. Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат берген әйел жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жасырын қалдыруды сұрады.
Раджабова өзін өткен жылы хиджаб кигені үшін Шохмансур аудандық әкімдігінің ғимаратына кіргізбегенін еске алды. Соңғы жылдары Тәжікстан полициясы сақал өсірген жас жігіттерді де ұстаған. Оларды сақалын қырып, кейін босатқан.
Тәжікстан билігінің хиджабқа қысымы 2007 жылы Білім министрлігі университетте батыстық стильдегі қысқа белдемше мен ислам дініне сай киімдер киюге тыйым салған кезде басталған. Уақыт өте келе үкімет бұл тыйымды барлық мекеме мен қоғамдық орынға енгізіп, тәжік ұлттық киімдерін насихаттай бастады.
2018 жылы билік 376 беттен тұратын "Тәжікстанда киюге болатын киімдер туралы нұсқаулық" шығарды. Онда тәжік әйелдеріне әртүрлі жағдайға байланысты қандай киімдер киюге болатыны көрсетілген.
Тәжікстан билігі бір медреседен басқа ислам діни оқу орындарын жауып, кәмелеттік жасқа толмағандарға мешітке баруға тыйым салған. Сондай-ақ бір кездері белді оппозициялық партия әрі билеуші коалицияның мүшесі болған "Тәжікстанның исламдық жаңғыру партиясын" террористік ұйым деп жариялап, қызметіне тыйым салған.
Билік елдегі тыйымдарды экстремизм қаупін төмендету амалдары деп түсіндіреді. Ал құқық қорғаушылар Душанбе бұл тыйымдарымен адамдардың еркіндігін, құқығын таптап отыр деп санайды.
ПІКІРЛЕР