Accessibility links

Өзбекстанда Ташкентті арзан қала қатарына қосқан рейтингке күмән келтірді


Ташкент базарларының бірі.
Ташкент базарларының бірі.

Economist Intelligence Unit (EIU) зерттеу орталығы әлемдегі өмір сүру ең қымбат және ең арзан қалалар рейтингін жариялады. Worldwide Cost of Living 2021 тізімінде Ташкент өмір сүру ең арзан қалалардың ішінде үшінші орында тұр. Қала тұрғындары, экономистер мен Өзбекстанда болған шетелдіктер, тіпті рейтингке енген ең қымбат қалаларда тұратын адамдардың өзі Ташкентте тұру өзбек азаматы үшін қымбатқа соғатынын айтады. Рейтинг жасаушылар халықтың табысын ескермеген ұқсайды.

The Economist Intelligence Unit (EIU) зерттеу компаниясы әлем қалаларында өмір сүру рейтингін жылына екі рет жасайды. Өмір сүру деңгейін есептеу кезінде рейтинг жасаушылар әлемнің 173 қаласындағы 400 тауар мен қызметтің 2021 жылғы 16 тамыз бен 12 қыркүйек аралығындағы бағасын есепке алған.

Зерттеуде азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық тауар бағаларының деректері келтірілген. Сондай-ақ рейтинг жасау кезінде тұрғын үйді жалға алу ақысы, көлік, коммуналдық қызмет, балаларды жекеменшік мектепке беру, тұрмыстық көмек пен демалыс шығыны ескерілген.

Өмір сүру ең қымбат қалалар рейтингінде алғаш рет Тель-Авив қаласы көш бастап тұр.

"Тель-Авивтің бірінші орынға шығуы Израиль шекелінің долларға шаққанда құнсыздануымен, қоғамдық көліктегі жол ақысы мен азық-түліктің қымбаттауымен түсіндіруге болады" деп жазылған баяндамада.

Рейтингте екінші орында Париж бен Сингапур, үшінші және төртінші орында Цюрих пен Гонконг тұр. Өмір сүруге ең қымбат он қаланың қатарына Нью-Йорк, Женева, Копенгаген, Лос-Анджелес және Осака кірген.

Баяндамада кейінгі бір жылда рейтингте біршама саты жоғары көтерілген қалалар да аталған. Соған сәйкес, Тегеран 79-орыннан 29-орынға көтерілген. АҚШ Иранға экономикалық санкциялар салған соң, Тегерандағы тіршілік қымбаттай түскен. Бұл "импортталатын тауардың бағасын арттырып, тапшылыққа" әкелген. Украина астанасы Киев рейтингте бірден 13 саты көтеріліп, бір жылда 101-орыннан 88-орынға шыққан. Осылайша 96-орында тұрған Мәскеуді басып озған.

Рейтингті жасағанда зерттеу орталығы қала тұрғындарының табысын ескермеген.

"НЬЮОРК ПЕН ПАРИЖДЕН ҚЫМБАТ"

Өзбекстан экономистері мен Ташкент тұрғындары EIU рейтингіне күмәнмен қарайды.

–​ Шетелден келген туристерге Ташкенттегі кей заттар өз елдеріне қарағанда арзан көрінуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, олай емес. Бізде нан 2,5 мың сом (0,23 цент), сиырдың сүйекті еті 60-80 мың сом (5,5-7,5 доллар) тұрады. Бір жұмыртқа бағасы 1,5 мың сомға (0,13 цент) жетті. Еліміздегі орташа жалақы 3 миллион сом (шамамен 300 доллар). Коммуналды шығын туралы айтпай-ақ қояйын. Рейтингте ең қымбат деп көрсетілген қалаларда болғанмын. Мысалы, Тель-Авивте болғанда, онда кей азық-түліктің Өзбекстандағыдан арзан екеніне көзім жетті. Киім-кешек пен тұрмыстық заттар бізге қарағанда анағұрлым арзан. Жалақымызды олардың еңбекақысымен салыстырсақ, онда Ташкентті әлемдегі ең қымбат қалалар қатарына оңай қосуға болады, – дейді Ташкентте тұратын экономист Тахир Сабиров Азаттыққа.

Тағы бір экономист Бекзод Хашимов Ташкент қоғамдық көлікте жол жүру ақысы ең қымбат қалалардан қалыс қалмайтынын айтады.

Ол "Экономист жазбалары" деген Telegram-арнасында халықтың орташа жалақысын ескерсе, Ташкенттегі қоғамдық көлік ақысы Нью-Йорктан да қымбатқа шығады деп жазды.

"Нью-Йоркте қоғамдық көліктің бір айлық билеті 127 доллар тұрады. Ал қала тұрғынының орташа жалақысы 3333 доллар шамасында. Яғни, Нью-Йорк тұрғыны жол ақысына бір айлық табысының тек 3,8 пайызын жұмсайды деген сөз.

Ташкентте қоғамдық көліктегі бір айлық билет 166 мың сом тұрады. Бүгінгі бағаммен есептегенде, 15 доллардан сәл асады. Ташкентте қоғамдық көлікпен жүретін тұрғындардың орташа айлық табысы 200 доллар деп алайық. Негізінде, бұдан да аз. Осылайша Ташкент тұрғыны қоғамдық көлікке табысының 7,7 пайызын жұмсайды. Бұл есептеудің айқын нәтижесі – Ташкентте қоғамдық көлікте жол жүру ақысы Нью-Йоркке қарағанда екі есе қымбат" деп жазды экономист Бекзод Хашимов "Экономист жазбалары" арнасында.

Өткен айда "Тошшахартранспорхсизмат" АҚ қоғамдық көлік тарифтері әлем бойынша ең арзан екенін хабарлаған.

"БІЗГЕ АРЗАН ЕМЕС"

Ташкентте тұратын мұғалім, үш баланың анасы Мукаррам Каххорова "Өзбекстан астанасы –​ әлемдегі ең арзан қала" деген пікірмен келіспейді.

–​ Ташкент қалтасына доллар мен еуро салып шетелден келетін адамдарға арзан шығар. Бірақ бес адамнан тұратын отбасым ай сайын өлместің күнін көріп отыр. Мұғалім болып жұмыс істеймін. Айына 5 миллион сом (шамамен 400 доллар) табамын. Күйеуім де сонша алады. Бәрін қосқанда айына шамамен 10 миллион сом шығады. Бірақ бұл ақша отбасымызды асырауға әрең жетеді. Бір жерге барып демалу жайлы айтпай-ақ қояйын. Бір айлық жалақымыз азық-түлік пен коммуналды қызметтерді төлеуге әрең жетеді. Күн сайын баға өсіп жатыр, бензин қымбаттады. Бұл сонда қандай арзан қала? Бәлкім, Ташкент шетелден келетіндер үшін арзан қала шығар, бірақ бізге емес, – дейді Ташкент тұрғыны.

Өткен айда Парижден Ташкентке келген сарапшы Камолиддин Раббимов та Ташкентті өмір сүру ең арзан қала деуге келмейді дейді. Economist Intelligence Unit есебі бойынша Париж әлемдегі ең қымбат қалалар арасында екінші орында тұр.

–​ Мысалы, Францияда халал еттің келісі 4,5-5 еуро тұрады. Ташкенттегі ең арзан ет 60 мың сом немесе бес еуро болады. Мұнда қант, май да қымбат. Өзбекстанда қызмет бағасын арзан деуге болады, дайын тамақ та салыстырмалы түрде арзан. Бірақ негізгі проблема жалақы айырмашылығында болып тұр. Біреу айына 120 доллар алады, тағы біреуі – 2-3 мың доллар, – дейді Раббимов.

Азаттық тілдескен Юсуфбек жуырда Өзбекстанға АҚШ-тан келген. Ол Ташкентте бір айда 7 миллион сом (700 доллар) жұмсағанын айтады.

–​ Тұрғын үйді жалға алу, интернет, коммуналды төлем, жол ақысы мен тамаққа 7 миллион сомнан көп ақша кетті. Бұл шамамен 700 доллар. Негізінен ақша картошка, сәбіз, жуа, нан, жұмыртқа мен етке кетті. Кейде сырттан тамақтануға тура келді. Қымбат болғандықтан, бұл жақта киім алмадым. Ташкентті арзан қала деп ойламаңыздар. Мүлдем олай емес. Егер 100 долларды айырбастасаңыз, оны сол күні-ақ жұмсап тастайсыз, – деді Юсуфбек.

The Economist Intelligence Unit ұйымы рейтингіндегі ең арзан қалалар тізімінде Алматы бесінші орында тұр.

Нұр-Сұлтандағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Сапарбай Жобаев Ташкентте өмір сүру Нұр-Сұлтан мен Алматыға қарағанда қымбат дейді.

–​ Ташкентте болғанда, ет пен өсімдік майы Нұр-Сұлтаннан қымбат екеніне көзім жетті. Нұр-Сұлтанда өмір сүру Алматыға қарағанда қымбат. Бірақ жұмыс күші арзан болған соң, қызмет те арзан. Дайын тамақ арзан, ал азық-түлік қымбат, – дейді Жобаев.

Өзбекстан астанасы халықаралық баяндамаларда бірінші рет ең арзан қала деп аталып тұрған жоқ.

Былтыр Mercer халықаралық консалтинг компаниясы шетелдік жұмысшылар үшін ең қымбат әлем қалаларының рейтингін жасады. Сонда Ташкент шетелдіктер үшін ең арзан бес қала қатарына кірген.

Сарапшылар Ташкент пен Өзбекстанның басқа қалалары мен ауылдарындағы жоғары бағаның әлемнің басқа қалаларымен салыстырғанда арзан көрінуі халықтың таза табысы мен жалақысына байланысты дейді.

Өзбекстанда халық Ресей мен басқа елдерден келетін ақшамен күн көріп отыр. Миграция жөніндегі сарапшылардың пікірінше, өзбектердің еңбек миграциясына кетуіне жалақының аз болуы әсер еткен.

Өткен айда әлеуметтік желілердің өзбек сегментін тұтынушылар Ташкент әкімі Джахонгир Артыкходжаевты сынға алды. Ол "жұмыс іздеушілердің ешбірі айына 1,5 миллион сомға (140 доллар) жұмыс істегісі келмейді" деген.

Азаттық жүргізген сауалнама нәтижесінде Ташкенттегі "қара жұмысшылар базары" оларға Астана әкімі айтқаннан көп ақша төлейтіні анықталды. Бұған дейін өзбектер шенеуніктердің "күніне 5600 сом табатын адамды кедей деп айтуға болмайды", "бес адамнан тұратын бір отбасының күнкөрісіне 2,5 миллион сом жетеді" деген мәлімдемелеріне ашуланған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG