Accessibility links

АҚШ пен Израиль шабуылдаған Иранда жарылыстан кейін әуеге көтерілген түтін мен ұшқан құс. Тегеран, 2 наурыз, 2026 жыл.
АҚШ пен Израиль шабуылдаған Иранда жарылыстан кейін әуеге көтерілген түтін мен ұшқан құс. Тегеран, 2 наурыз, 2026 жыл.

live Таяу Шығыс: АҚШ пен Израильдің шабуылы, Иранның қарымтасы

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы 28 ақпанда бастаған әуе шабуылы жалғасып жатыр. Иран қарымта ретінде Парсы шығанағындағы бірнеше елге зымыран мен дрон атқылады. Аймақтағы жағдай қатты шиеленісіп тұр.

03:41

Израиль Тегеран түбіндегі құпия ядролық орталыққа шабуыл жасағанын айтты

Әуе шабуылынан кейін көкке көтерілген түтінге алыстан қарап тұрған адам. Иран, Тегеран, 3 наурыз, 2026 жыл.
Әуе шабуылынан кейін көкке көтерілген түтінге алыстан қарап тұрған адам. Иран, Тегеран, 3 наурыз, 2026 жыл.

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Тегеран маңындағы "Минзадехей" құпия ядролық кешеніне шабуыл жасағанын хабарлады. ЦАХАЛ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бір топ ирандық ғалым жерасты орталығында ядролық қарудың негізгі бөліктерінің бірін құпия түрде дайындаумен айналысқан.

Иран, АҚШ және Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Израильдің бұл мәлімдемесіне байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Бұған қоса, ЦАХАЛ дерегінше, Израиль авиациясы Иранның 300-ге жуық зымыран ұшыру қондырғысын істен шығарған. Иранның Израильге шабуыл қарқыны бәсеңдегенінің сыры осында деп түсіндірген.

28 ақпаннан бері Израиль мен АҚШ Иранның әскери және ядролық инфрақұрылымына, сондай-ақ үкімет ғимараттарына әуеден шабуылдап жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп операцияның мақсаты – Иранның ядролық қару әзірлеуіне жол бермеу деп мәлімдеген. Бұған қарымта ретінде Иран Израильге және америкалық әскери базалар орналасқан Таяу Шығыс елдеріне зымыран мен дрон атқылаған.

3 наурыз күні кешке, Иранға тиесілі болуы мүмкін дрон АҚШ-тың Дубайдағы консулдығына шабуыл жасағаны жайлы ақпарат тарады. Әмірлік билігінің мәліметінше, шағын өрт шығып, тез арада сөндірілген, адамдар зардап шекпеген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио дрон консулдық автотұрағына түскенін, ешкім зардап шекпегенін мәлімдеді, деп жазды Bloomberg.

03:18

Трамп Испаниямен сауда қатынасын үзу жайлы мәлімдеді

Германия канцлері Фридрих Мерц (сол жақта) пен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде кездесті. Вашингтон, 3 наурыз, 2026 жыл.
Германия канцлері Фридрих Мерц (сол жақта) пен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде кездесті. Вашингтон, 3 наурыз, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Мадрид өз аумағындағы базаларды Иранға шабуыл жасауға пайдалануға рұқсат беруден бас тартқандықтан және әскери шығындарды ЖІӨ-нің 5 пайызы көлеміне дейін арттыруға келіспегендіктен Вашингтон Испаниямен сауда қатынасын толық тоқтатуды көздеп отыр деп мәлімдеді.

"Оларда ұлы адамдар бар, бірақ мықты басшылық жоқ. Өздеріңізге мәлім, олар НАТО-да шығынды 5 пайызға дейін арттыруға көнбеген жалғыз ел болды. Олар бәрін 2 пайыз деңгейінде қалдырғысы келді және сол 2 пайыздың өзін төлемейді, сондықтан біз Испаниямен бүкіл сауданы тоқтатамыз", – деді Трамп Ақ үйде Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуде журналистер сұрағына берген жауабында.

Бұған қоса ол егер АҚШ қаласа, Мадридтің келісімінсіз-ақ испан базаларын пайдалана алады деді.

Фридрих Мерц Берлин мен Вашингтон "Ирандағы сұмдық режимді құлату мәселесінде бір көзқарас ұстанатынын" мәлімдеді.

"Біз Испанияны қорғаныс шығынын мақсатты көрсеткішке – [ЖІӨ-нің] 5 пайыз мөлшеріне жеткізуге көндіруге тырысып жатырмыз. Алайда Иран режимі құлағаннан кейін ұстанатын стратегиямызды талқылауымыз қажет. Бұл Еуропа мен Израиль үшін аса маңызды", – деді канцлер.

Испания елдің оңтүстігіндегі Морон және Рота базаларын АҚШ-пен бірлесіп пайдаланады, алайда бұған дейін Мадрид ол базалар Иранға шабуыл жасауға қолданылмайды деп мәлімдеген. Осыдан кейін АҚШ авиациясы Германияға ауыстырылды.

Трамптың мәлімдемесіне жауап ретінде Испания билігі Вашингтонды халықаралық құқық пен Еуроодақпен жасалған сауда келісімдерін сақтауға шақырды және алда болуы ықтимал экономикалық қиындықтарға дайын екенін айтты. Мадрид АҚШ сауда эмбаргосын енгізген жағдайда оның салдарын жұмсартуға қажет ресурстар бар екенін меңзеген.

02:35

Трамп: олар келіссөз жүргізгісі келеді, мен "тым кеш" дедім

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшылығы үшін АҚШ-пен келіссөз жүргізуге "тым кеш" деп мәлімдеді. Ол мұны Израиль мен АҚШ Ирандағы нысандарға әуеден шабуылдап жатқан "Эпикалық қаһар" операциясының төртінші күні өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. Операцияның алғашқы күні Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи мен өзге де бірқатар жетекшісі қаза тапқан.

"Олардың әуе қорғанысы, әскери-әуе күштері, флоты мен басшылығы құрыды. Олар келіссөз жүргізгісі келеді. Мен: "Тым кеш!" деп жауап қаттым", деп жазды Трамп The Washington Post басылымының Ирандағы операция туралы мақаласына пікір ретінде қалдырған жазбасында.

Бұған дейін Трамп аман қалған ирандық басшылар келіссөзге дайын екенін білдіретін белгі беріп жатқанын айтқан және ондай келіссөз өту мүмкіндігін жоққа шығармаған еді.

Осының алдында АҚШ президенті операция жоспардан озық жүріп жатқанын, алайда қажет болған жағдайда төрт аптадан да ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтқан. Ол АҚШ-тың негізгі мақсаттары ретінде Иранды ядролық қару жасау мүмкіндігінен айыруды, оның зымыран бағдарламасын жоюды және Тегеранның аймақтағы қарулы топтарды қолдауын тоқтатуды атаған. Бұған қоса Трамп Иран халқын билік тізгінін қолға алуға шақырған, алайда соғыс қимылдарының мақсаты – режимді өзгерту деп тікелей айтылмаған.

Израиль мен АҚШ шабуылдарынан залал келгеніне қарамастан, Иран Израильге және аймақтағы бірқатар елге, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына зымыран мен дрон атқылауды жалғастырып жатыр. Иранның шабуылдары салдарынан АҚШ-тың алты әскери қызметкері қаза тапты, аймақ елдерінің бейбіт тұрғындары арасында да мерт болғандар бар. Қызыл Жарты ай ұйымының дерегінше, Иранда 800-ге жуық адам қаза тапқан.

22:30

Иранда мектепке жасалған шабуылдан қаза тапқан оқушы қыздарды аза тұтты

Иранның Минаб қаласында мыңдаған адам көшеге шығып, қыздар мектебіне жасалған шабуыл салдарынан қаза тапқан жүзден аса қызды аза тұтты.

28 ақпанда Минаб қаласындағы мектепке әуеден шабуыл жасалған еді. Иран бұл шабуылға АҚШ пен Израильді айыптайды. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио "АҚШ мектепке әдейілеп шабуылдаған жоқ" деді.

Иранда мыңдаған адам мектепке шабуылдан қаза тапқандарды аза тұтты Иранда мыңдаған адам мектепке шабуылдан қаза тапқандарды аза тұтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:49 0:00

Тағы

XS
SM
MD
LG