Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

03:18 4.3.2026

Трамп Испаниямен сауда қатынасын үзу жайлы мәлімдеді

Германия канцлері Фридрих Мерц (сол жақта) пен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде кездесті. Вашингтон, 3 наурыз, 2026 жыл.
Германия канцлері Фридрих Мерц (сол жақта) пен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде кездесті. Вашингтон, 3 наурыз, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Мадрид өз аумағындағы базаларды Иранға шабуыл жасауға пайдалануға рұқсат беруден бас тартқандықтан және әскери шығындарды ЖІӨ-нің 5 пайызы көлеміне дейін арттыруға келіспегендіктен Вашингтон Испаниямен сауда қатынасын толық тоқтатуды көздеп отыр деп мәлімдеді.

"Оларда ұлы адамдар бар, бірақ мықты басшылық жоқ. Өздеріңізге мәлім, олар НАТО-да шығынды 5 пайызға дейін арттыруға көнбеген жалғыз ел болды. Олар бәрін 2 пайыз деңгейінде қалдырғысы келді және сол 2 пайыздың өзін төлемейді, сондықтан біз Испаниямен бүкіл сауданы тоқтатамыз", – деді Трамп Ақ үйде Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуде журналистер сұрағына берген жауабында.

Бұған қоса ол егер АҚШ қаласа, Мадридтің келісімінсіз-ақ испан базаларын пайдалана алады деді.

Фридрих Мерц Берлин мен Вашингтон "Ирандағы сұмдық режимді құлату мәселесінде бір көзқарас ұстанатынын" мәлімдеді.

"Біз Испанияны қорғаныс шығынын мақсатты көрсеткішке – [ЖІӨ-нің] 5 пайыз мөлшеріне жеткізуге көндіруге тырысып жатырмыз. Алайда Иран режимі құлағаннан кейін ұстанатын стратегиямызды талқылауымыз қажет. Бұл Еуропа мен Израиль үшін аса маңызды", – деді канцлер.

Испания елдің оңтүстігіндегі Морон және Рота базаларын АҚШ-пен бірлесіп пайдаланады, алайда бұған дейін Мадрид ол базалар Иранға шабуыл жасауға қолданылмайды деп мәлімдеген. Осыдан кейін АҚШ авиациясы Германияға ауыстырылды.

Трамптың мәлімдемесіне жауап ретінде Испания билігі Вашингтонды халықаралық құқық пен Еуроодақпен жасалған сауда келісімдерін сақтауға шақырды және алда болуы ықтимал экономикалық қиындықтарға дайын екенін айтты. Мадрид АҚШ сауда эмбаргосын енгізген жағдайда оның салдарын жұмсартуға қажет ресурстар бар екенін меңзеген.

02:35 4.3.2026

Трамп: олар келіссөз жүргізгісі келеді, мен "тым кеш" дедім

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшылығы үшін АҚШ-пен келіссөз жүргізуге "тым кеш" деп мәлімдеді. Ол мұны Израиль мен АҚШ Ирандағы нысандарға әуеден шабуылдап жатқан "Эпикалық қаһар" операциясының төртінші күні өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. Операцияның алғашқы күні Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи мен өзге де бірқатар жетекшісі қаза тапқан.

"Олардың әуе қорғанысы, әскери-әуе күштері, флоты мен басшылығы құрыды. Олар келіссөз жүргізгісі келеді. Мен: "Тым кеш!" деп жауап қаттым", деп жазды Трамп The Washington Post басылымының Ирандағы операция туралы мақаласына пікір ретінде қалдырған жазбасында.

Бұған дейін Трамп аман қалған ирандық басшылар келіссөзге дайын екенін білдіретін белгі беріп жатқанын айтқан және ондай келіссөз өту мүмкіндігін жоққа шығармаған еді.

Осының алдында АҚШ президенті операция жоспардан озық жүріп жатқанын, алайда қажет болған жағдайда төрт аптадан да ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтқан. Ол АҚШ-тың негізгі мақсаттары ретінде Иранды ядролық қару жасау мүмкіндігінен айыруды, оның зымыран бағдарламасын жоюды және Тегеранның аймақтағы қарулы топтарды қолдауын тоқтатуды атаған. Бұған қоса Трамп Иран халқын билік тізгінін қолға алуға шақырған, алайда соғыс қимылдарының мақсаты – режимді өзгерту деп тікелей айтылмаған.

Израиль мен АҚШ шабуылдарынан залал келгеніне қарамастан, Иран Израильге және аймақтағы бірқатар елге, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына зымыран мен дрон атқылауды жалғастырып жатыр. Иранның шабуылдары салдарынан АҚШ-тың алты әскери қызметкері қаза тапты, аймақ елдерінің бейбіт тұрғындары арасында да мерт болғандар бар. Қызыл Жарты ай ұйымының дерегінше, Иранда 800-ге жуық адам қаза тапқан.

19:53 3.3.2026

Иранның Минаб қаласында мыңдаған адам көшеге шығып, қыздар мектебіне жасалған соққыдан қаза тапқандарды аза тұтты. 28 ақпанда Минаб қаласындағы мектепке соққы жасалған еді. Иран бұл шабуылға АҚШ пен Израильді айыптайды. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио "АҚШ мектепке әдейілеп соққы жасамайды" деді.

Иранда мыңдаған адам мектепке шабуылдан қаза тапқандарды аза тұтты Иранда мыңдаған адам мектепке шабуылдан қаза тапқандарды аза тұтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:49 0:00
17:50 3.3.2026

Соғыстың салдарын ауырлатып, бітімді жақындату. Иранның стратегиясы қандай?

АҚШ пен Израиль Тегеранды бомбалап жатқан тұста Иран Парсы шығанағы елдеріне зымыран мен дрон атқылауға көшті. Ондағы мақсат – АҚШ-тың осы аймақтағы одақтастарын Вашингтонға қысым жасауға итермелеу дейді сарапшылар.

Иран 28 ақпаннан бері Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Бахрейн және Катардағы АҚШ әскери базаларына, сондай-ақ осы елдердегі энергетика және коммерция нысандарына жүздеген зымыран мен дрон атқылаған. Аталған елдердің бәрі – АҚШ-тың одақтасы.

"Мақсат – АҚШ үшін соғыстың салдарын тікелей және жанама түрде ауырлату, сол арқылы Вашингтонды бұл соғыста жеңіске жете алмайтынына иландыру", – дейді Германияның Халықаралық және қауіпсіздік мәселелері институтының сарапшысы Хамидреза Әзизи.

Атыс-шабыс аймағына айналған Таяу Шығыстағы жағдай туралы сарапшылар пікірімен танысыңыз:


Тағы

XS
SM
MD
LG